Парламент • 30 Шілде, 2020

Мектептер қашықтан оқытуға дайын ба?

318 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Сенатор Мұрат Бақтиярұлы Білім және ғылым министрі Асхат Айма­ғамбетовке хат жолдады, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі.

Мектептер қашықтан оқытуға дайын ба?

Депутат инфрақұрылым қазақ­стандық оқушыларды толыққанды қашықтан оқытумен қамтамасыз ете алмай­тынына, себебі педагогтердің барлығында бірдей компьютер мен жедел интернетке қолжетімділік жоқ екеніне сенімді. Жуырда өткен Үкі­­меттің кеңейтілген отырысында Президент мұғалімдердің 20 пайыздан астамының үйлерінде толыққанды ин­тернет пен компьютер жоқ болған­дықтан, қашықтан тиімді оқыта алмады деп атап көрсеткен болатын. Пре­зиденттің профилді министрлік пен әкімдерге берген тапсырмасына қарамастан, интернет пен қажетті техникамен жедел әрі сапалы қамтамасыз ету мәселесі өзгеріссіз қалып отыр, деді Сенат депутаты Мұрат Бақтиярұлы.

Сенат депутаты министрге хатында «Қашықтан оқыту форматына көшуде интернет пен техниканың тапшылығы қол байлайды. Мұға­лімдер мен оқушылардың бұл кедер­гіге өткен «төтенше» тоқсанда ке­зік­кенін көрдік. Енді, алдағы тоқ­санда тағы алдымыздан шығатын тосқауылға қалай төтеп бермекпіз? Қазір еліміздегі мектептердің балансында 405 мың компьютер бар, оның 162 мыңы (40%) ғана жарамды. Тек техника тап­шылығын жою үшін 210 мың компьютер керек екен. Сіз сәуір айында 80 мың техника сатып алуды жоспарлап отыр­ғаныңызды айтқан болатынсыз. Осы техникалар қазіргі кезде сатып алынды ма, алынса қандай өңірлерге таратылды? Жалпы, жаңа оқу жылында Қазақстан мектептерінде компьютер, тағы да басқа оқу құралдары жеткілікті бола ма?»,  деп жазды.

Сонымен қатар Мұрат Бақтияр­ұлының айтуынша, қазіргі таңда Парламент депутаттары елдегі ахуал­ға байланысты елді мекендерде әлеу­меттік нысандарды аралап, оларда атқарылып жатқан қызметтердің сапасымен, жұртшылықтың пікір­лерімен танысуда. Осы орайда, сай­лау­шылар тарапынан жаңа оқу жылында білім беру мәселелеріне алаңдаушылық байқалады. Атап айтқанда, Қызылорда облысында 26 елді мекендегі мектептерде интернет желісі жұмыс істемейді. Байланыс операторы ауыл­дық жерлерді ескірген технологиялар есебінен қамтамасыз етіп келеді. Сал­дарында ауылдардың 21 пайызы заманауи байланыс технологиясына қол жеткізе алмай отыр.

Сенатор Білім және ғылым ми­нистріне «Еліміздегі орын алып отыр­ған жағдайға байланысты ми­нистр­ліктің жаңа оқу жылына даяр­­лығы қай деңгейде? Шалғайда ор­на­ласқан шағын жасақталған ауылдық мек­тептерді қоспағанда, барлық мектептерде бірінші сыныпқа баратын бал­дырғандарымыздың оқу процесін қашықтан ұйымдастыру қаншалықты тиімді болмақ?», деп сұрау тастады.

Депутат бастауыш сыныптарда білім алудың негізі қаланатынын ескеріп, оған ерекше назар аударды. Сондықтан министрлікке бастауыш сынып оқушыларының алғашқы күннен бастап сапалы білім алуы үшін қатаң санитарлық нормаларды сақтай отырып, ата-аналардың келісімімен оларға мектеп қабырғасында білім берілсе деген мыңдаған ата-ананың ұсы­нысын жеткізді.