Аймақтар • 30 Шілде, 2020

Түркістандық кәсіпкерлер ауруханаларға қажетті құрылғыларды тарту етті

352 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Коронавирус індетімен халқымыз жұмыла күресіп, қайырымды жандар қолдан келген көмектерін аямауда. Мысалы, Түркістан облысы Бәйдібек ауданындағы Шаян көпсалалы лицей жалпы орта мектебінің 1999 жылы бітірген түлектері "Шұғыла" қоры арқылы орталық ауруханаға 13 оттегі концентраторын сыйға тарту етті. Жасанды тыныс алу аппараттарын аудан әкімінің орынбасары Бағдатбек Жанғазиев қабылдап алып, орталық аурухана бас дәрігерінің уақытша міндетін атқарушы Батыр Айтуаровқа табыс етті, - деп жазады Egemen.kz

Түркістандық кәсіпкерлер ауруханаларға қажетті құрылғыларды тарту етті

Ал Шардара ауданында жергілікті кәсіпкерлердің демеушілігімен аудандық орталық аурухана 17 оттегі концентраторымен толықты. Қазіргі кезде ауруханада 20 оттегі аппараты науқастардың денсаулығын жақсарту үшін жұмыс істеуде.

Сондай-ақ Төлеби аудандық ауруханасына "Bi Group" құрылыс компаниясы 3 дана оттегі концентраторын табыс етті. Ал "Бірлік 2020" қайырымдылық қоры Ленгір қалалық аураханасына 2 дана, "Айдың нұры" компаниясы 1 оттегі концентратор құрылғысын әперді. Осындай игі iстерден аудан азаматтары да шет қалған жоқ. Аудандық мәслихат депутаты Әли Әмірәлиев қалалық ауруханаға 5 дана оттегі концентраторын тарту етті. Және де "Шұғыла" қайырымдылық қоры тарапынан аудандық ауруханаға 5 дана оттегі концентраторы жеткiзiлдi. Мамандар бұл құрылғыларды науқастарға өкпені жасанды желдету аппараттарына қосымша көмек ретінде қолдануда. Індетпен күресіп жатқан медицина қызметкерлерін қолдап, көмек көрсеткен жандарға ауруханалардың ұжымы алғыстарын білдірді.

 

 

Түркістан облысы