Сурет «Егемен Қазақстанның» архивінен алынды
Иә, алыс-жақындағы асылдарымыз ажалдың құрығына ілігіп, қара жамылған Қазақ елінің қабырғасы қайысып-ақ тұр. Тіпті 13 шілде – елімізде осы індеттен қайтыс болған азаматтарды еске алуға байланысты Жалпыұлттық аза тұту күні деп белгіленді. Олай етпеске өзге шара қалды ма?
Адамның өмірі қашан да қымбат. «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары». Ата Заң осылай дейді. Ендеше, қай мемлекеттің болсын даму даңғылын даралайтын фактор – халық санының өсімі емес пе? Біздің мемлекетіміздің де мерейін арттырып, ырысын еселейтін осы адами капиталды дамыту мәселесі болып отыр.
Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитеті келтірген мәліметке сенсек, 2020 жылғы 1 маусымда еліміздегі халық саны 18735,9 мың адамға жетіпті. Бұл көрсеткіш өткен жылғы 1 маусыммен салыстырғанда халық саны 246,2 мың адамға немесе 1,3%-ға өскенін байқатып отыр. Ал ең көп жалпы өсім еліміздің үш аймағында: Алматы (62 мың адам), Нұр-Сұлтан (54,5 мың адам) қалалары мен Түркістан облысында (35,5 мың адам) тіркелді.
Ғалымдардың пайымдауынша, халық санын арттырудың екi жолы бар көрінеді. Соның алғашқысы табиғи өсiмге негізделсе, кейінгісі қандастарымызды атажұртқа оралтуға қатысты болып отыр. Алдымен табиғи өсім мәселесіне тоқталайық. Табиғи өсімнің артуы үшін ең біріншіден аналар қауымының жағдайын жақсартуға қатысты жасалатын көмекті арттыру қажет. Сонымен қатар аналардың жәрдемақысын өсіру мен оларға көрсетілетін медициналық көмекті де жүйелі жолға қойған жөн болар еді. Елімізде табиғи өсім оң бағытқа ие дегенімізбен, халық санын арттыруды ынталандыратын нақты бағдарлама, мемлекеттің идеологиясы жоқтың қасы.
Бұлай болмауы керек еді. Себебі мемлекет қашан да адами ресурсқа мұқтаж. Алайда бұл мұқтаждықты жекелеген отбасылар сезіне ме? Жоқ. Нарық заманына бойы үйрене қоймаған отандастарымыз мойынға жауапкершілік алып, өмірге бала әкелген соң, оны өсіріп-жеткізуді, баспанасының шаршы метрін кеңейтуді ойлайды. Бұл – заңды құбылыс. Сондықтан тууды ынталандыру мәселесінде өзге елдердің тәжірибесін ескеруге болар еді. Мәселен, көрші Ресей Федерациясында балалы болған отбасыға 446 617 рубль төленеді. Ұлттық валютаға шаққанда бұл сома 2 590 378 теңгені құрайды. Қазақстандағы қай ата-ана мемлекеттің осындай қолдауын көріпті? Осыған қарап елімізде тууды ынталандыру шараларын қолға алу қажет-ақ дейміз. Аумағы 2 724 902 шаршы шақырымды құрап, жер көлемі бойынша дүние жүзінде тоғызыншы орынға табан тіреген Қазақ елі үшін 18 735,9 мың адам деген тым аз екені айтпаса да белгілі. Ал халықта қандай да бір өсім болуы үшін әр әйел кемінде өмірге екі бала әкелуі тиіс. Статистика комитеті келтірген дерекке сенсек, өткен жылы халықтың табиғи өсімі 269 182-ні құрап отыр.
Әрине тәуелсіздік жылдарында еліміз іргесін бекітіп, сыртқы және ішкі саяси ұстанымын қалыптастырып, экономикасын жаңа деңгейге көтерді. Қоғамды жаңғыртудың ұтымды жолын тауып, демография саласындағы жағымсыз үрдістерді еңсере алдық. Ендігі мәселе – халық санын арттырудың басым бағыттарын анықтап алу. Бұл ретте біз еліміздегі әлеуметтік-демографиялық жағдайды зерттеп жүрген ғалым, профессор Валерия Козинаның «Қазақстанның демографиялық тарихы» атты еңбегіне көз жүгірттік.
«Туудың төмен көрсеткіші мен ажырасудың көптігі, жастардың отбасы құруға құлықсыздығы – табиғи өсімге тосқауыл болып отыр. Сондай-ақ өлім-жітім мен түрлі инфекциялық аурулар да еліміздегі демографиялық ахуалдың жақсаруына кедергі келтіреді. Әйелдер мен отбасылардың репродуктивті құқықтарының жеткілікті деңгейде қамтамасыз етілмеуі, репродуктивті әйелдердің денсаулығының төмендігі, отбасын жоспарлау әдістерінің дамымауы, түсіктердің көп болуы, аналардың өлімі, осының бәрі-бәрі еліміздегі табиғи өсімге қолбайлау болады. Алайда өзге елдердің тәжірибесіне көз жүгіртетін болсақ, мұндай мәселелерді бүгіннің өзінде шешуге болар еді. Сондықтан мемлекет пен қоғам шешімі табылатын нақты мәселелерді қарастыруы қажет», деп жазады В.Козина. Ғалымның айтуынша, мұндай жағдайда ең алдымен репродуктивті азаматтардың құқығын қорғайтын заңнаманы күшейтіп, халықты, соның ішінде жастарды отбасын құруға ынталандырған жөн.
Әрине табиғи өсім мәселесінде адами факторды да ескерусіз қалдыруға болмайды. Аналардың көзқарасы аса маңызды. Осы орайда үш баланың анасы атанған Айгүл Құмарғалиқызын әңгімеге тартқан едік.
– Біреу үшін бала тумаймыз ғой. Өмірге баланы әркім өзі үшін әкеледі. Бала тудым екен деп біреуге міндетсінгің де келмейді. Себебі бала – отбасының негізгі тірегі. Әйелдері құрсақ көтере алмай, ажырасып жатқан таныстарым да аз емес. Отбасының берекесін ойлайтын әрбір әйелзаты балалы болғысы келеді. Бірақ «сананы тұрмыс билейді», дейді ғой. Нарық заманында жұмыс істеп тапқан қаражатты бала бағып отырып таба алмайсың. Сондықтан мемлекет тарапынан да қолдау болса дейміз. Себебі бала бір отбасының ғана емес, мемлекеттің де ертеңі емес пе? – дейді үш баланың анасы.
Табиғи өсіммен қатар, шекара асып келген қандастарымыздың санын арттырып та елдегі демографиялық жағдайды жетілдіруге болады. Адами капиталды арттыру мәселесіне қатысты ғалымдар ұстанатын екінші мүмкіндік – осы.
Өткен ғасырда орын алған алапат ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін кезінде халқымыз жер бетінен құрып кетудің аз-ақ алдында қалған-тұғын. Екінші дүниежүзілік соғыстың зардабы да оңайға соқпағаны белгілі. Тіпті еліміз егемендік алған жылдары да Қазақстанның демографиясы жақсара қойған жоқ. Бір ғана 1991-1995 жылдар аралығында Қазақстаннан 3,5 миллион халық көшіп кетіпті. Бұл туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бір сөзінде «Кезінде тәуелсіздік алған тұста, 1991-1995 жылдары Қазақстаннан 3,5 миллион халық көшіп кетті. Сол көрсеткіш бойынша халық саны 14 миллионға дейін түскен. Қазіргі уақытта қайта қалпымызға келіп жатырмыз. Оның ішінде 1 миллионнан астам қандасымыз сырттан келді», деген болатын. Қазақстанның Тұңғыш Президенті елдегі демография мәселесін «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында да айтып, «Халық саны осы жылдардың ішінде 18 миллионнан асып, өмір сүру ұзақтығы 72,5 жасқа дейін артты. Тәуелсіздік алған алғашқы жылда Қазақстанда халық саны 14 миллионнан аспайтын еді», деп ой қозғады.
Ішкі істер министрлігінің Көші-қон қызметі комитеті кейінгі 6 айда 12 766 тұлға Қазақстанның азаматтығын алғанын айтады. Ал тәуелсіздіктің 26 жылында ел азаматы атанғандардың жалпы саны 1 081 676 адам болса, соның 957 574-і – қандастарымыз. Сол 957 574-тің бірі атажұртқа ат басын бұрған қандасымыз, 4 баланың әкесі Жақсылық Құрақбай.
– «Өзге елде сұлтан болғанша, өз елімде ұлтан болайын» деп шештім. Атамның, әкемнің арманы осы еді. Моңғолияда да тұрмыс-жағдайым жаман болған жоқ. Төрт түлікті төлдетіп, жаз-жайлау, қыс-қыстауда мал өсірдік. Соның барлығын қиып, сатылғанын сатып, Қазақстанға ұмтылдық қой. Алғашында азаматтық алу, баспаналы болу мәселесінде көп қиындық көргенімді де жасырмаймын. Қағазбастылық та қатты қинады. Сонда да болсын қабылдаған шешіміме өкінген емеспін. Тәуба, 4 баланы жеткізіп отырмыз, – дейді қандасымыз.
Қандастарымыздың көптеп келгені жақсы-ақ. Алайда өзге мемлекеттерге қоныс аударып жатқан отандастарымыз да аз емес. Мәселен, өткен жылы 45,2 мың азамат өмірін өзге мемлекетпен сабақтаған болса, елге келгендер саны 12,3 мың адамды құрады. Өкініштісі сол, көшіп кетушілердің саны көшіп келушілерден анағұрлым жоғары. Яғни адами капиталымыз 32 мыңнан астам азаматқа кеміді деген сөз.
P.S. Қазақстандағы демография ғылымының атасы атанған ғалым Мақаш Тәтімов кезінде «Егер аштық болмағанда біздің санымыз қазір 32-35 миллионнан асып, оның 28-30 миллионы Қазақстанда тұратын еді…», деп топшылаған еді. Бүгінгі үрдіске үңілген ендігі ғалымдар 2050 жылға қарай Қазақстандағы халық саны 24 миллионнан асады деп болжам жасауда. Ол күнге де жетерміз. Тек, халықтың табиғи өсімін ынталандыратын нақты әлеуметтік-демографиялық бағыт-бағдарды жолға қойып, көші-қон мәселесінде орын алатын түрлі кедергілерді жоя білсек болғаны...