Руханият • 31 Шілде, 2020

Қайырымдылық мәдениетін насихаттайды

849 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Нұр-Сұлтан қаласында «Жастар мен балалар арасында қайырымдылықты дәріптеу» жобасының тұсаукесеріне арналған баспасөз мәслихаты өтті.

Қайырымдылық мәдениетін насихаттайды

Жобаны Ақпарат және қо­ғам­дық даму министрлігінің қол­дауымен «Азаматтық бастамалар­ды қолдау орталығы» КеАҚ гран­ты аясында «Арнау» даму орта­лығы» қоғамдық бірлестігі ұйым­дас­тырды.

АБҚО басқарма төрағасы Бә­ти­мә Мукина конференция барысында жобаның өзектілігін атап өтіп, оны жүзеге асыруға барынша қолдау көрсетуге дайын екенін білдірді.

«Бұл – азаматтық бастамаларды қолдау орталығы жүзеге асыратын қайырымдылықпен байланысты алғашқы жоба. Қазақстандағы карантин режімі кезеңінде өте өзекті болып отырған грантты «Арнау» орталығының басшысы Ұлан Әбішевтің ұтып алғанына қуаныштымын. Бастамаларына сәттілік тілеймін. Біз өз кезегімізде жобаны іске асыруға дайынбыз. Жобаның тиімді болуын және еңбектің түпкілікті мақсатына жетуін қалаймын», деді Б.Мукина.

«Арнау» даму орталығы» қоғамдық бірлестігінің басшысы Ұлан Әбішев «Амал» жобасының мақсаты мен міндеттері туралы баяндады.

«Неліктен біз бұл жобаны «Амал» деп атадық? Бұл сөз «әре­кет», «қимыл» дегенді білдіреді және бұл жобаның философиясына, идеологиясына сәйкес келеді. Қайырымдылық мәдениетін көп­шілікке насихаттағымыз келеді. Бұл мәселе әсіресе пандемия ке­зінде өзекті. Біз бұрынғыдан да жұмылып, бірлігімізді көрсетуіміз керек», деді Ұ.Әбішев.

Баспасөз мәслихаты барысында «Ахыска» Түрік этно мәде­ниет орталығы» қоғамдық бірлес­тігі филиалының төрағасы Аскер Пириев Қазақстандағы қайы­рым­дылық қызметтің практикалық аспектілеріне тоқталды.

«Адамның табиғатында мұқ­таж адамдарға көмектесуге деген ұмтылыс бар. Әсіресе, біздің хал­қымызда. Қайырымдылық жасаушылар мұқтаж адамдарға көмек­тесіп қана қоймай, керісінше, мұқтаж адамдар қайырымдылық жасаушыларға рухани тұрғыдан көмек­тесетінін түсіну керек. Соң­ғы 10-15 жылдағы тәжіри­бемде қа­йы­рымдылық қызметін үй­лес­тіру өте қиын екенін байқа­дым. Сон­дай-ақ игі істер жасау үшін бай адам болудың қажеті жоқ дегім келеді. Үлкен жүрек пен тілек жет­кілікті», деді А.Пириев.

Нұр-Сұлтан қаласының Аза­маттық бастамалар орталығының басшысы Махаббат Еспенова өз сөзінде қайырымдылық қазақ халқының мәдениеті мен тари­хы­ның ажырамас бөлігі екенін еске салды.

«Амал» жобасы «Рухани жаң­ғыру» бағдарламалық мақа­ласының арқауына және ұлттық, азаматтық бірегейлік, прагматизм қағидаттарына сай келеді. Егер біздің балаларымыз, жастарымыз қайырымдылық туралы көбірек білетін болса, оның қаншалықты маңызды және пайдалы екенін түсінсе, онда біздің қоғам өзінің форматын өзгертіп, прогрессивті және ізігілікті қоғамға айналады. Дәл осы азаматтық қоғам еліміздің табысты болуына және халықтың барлық тобы үшін сапалы өмір сүруіне көмектесетін әлеуметтік капиталды жинақтайды», деп атап өтті М.Еспенова.

«Жастар мен балалар арасында қайырымдылықты дәріптеу» кешенді ақпараттық-түсіндіру әлеуметтік жобасының мақсаты – Қазақстандағы қайырымдылық процестерін стандарттау және жүйелеу, адамдарды біріктіре отырып, игі істер жасау, мұқтаж адамдарға көмектесу, сондай-ақ жастар арасында қайырымдылық мәдениетін арттыру.