Қоғам • 31 Шілде, 2020

Екі апта үшін – 21 250 теңге

981 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Індеттің кең таралуын тежеу үшін енгізілген қатаң карантин режімі нәтижесін бере бастады. Алайда «Аузы күйген үрлеп ішеді» дегендей сақтық шараларын ұстануды ұмытуға болмайды. Сондықтан эпидемиялық ахуалдың тұрақтанғанына қарамастан шектеу шаралары тағы екі аптаға жалғасады.

Екі апта үшін – 21 250 теңге

Үкімет басшысының орынбасары Ералы Тоғжанов Орталық коммуникациялар қызметі алаңында бүгінде індет жұқтырудың тәуліктік өсімі 4 пайыздан 1,7 пайызға төмендегенін, дерттен жазылғандардың саны 66 пайызға жеткенін мәлімдеді.

Сондай-ақ жедел жәрдемді шақыру саны 40 пайызға, оның ішінде коронавирусқа байланысты шақыру 52 пайызға азайды. Ауруханалардағы жататын орындардың қолдану деңгейі 90 пайыздан 40 пайызға төмендеп отыр. Осыған байланысты жеті өңірде қосымша 15 провизорлық стационар жабылды. Жедел жәрдем шақырғандардың саны 40 пайызға, оның ішінде пневмония бойынша 35 пайызға төмендеді.

«Ауруханалар мен емханаларда бір айлық дәрі-дәрмек қорлары құрылды. Бұдан басқа бөлшек сауда нарығын қолдау үшін шетелден 10 млн-ға жуық дәрі-дәрмек Қазақстанға жеткізілді. Нәтижелер – жақсы. Дегенмен босаңсуға ешбір негіз жоқ. Керісінше, негізгі мақсатымыз – жеткен жетістіктерді әрі қарай жетілдіру. Осы ретте Президентіміздің тапсырмасына орай, Премьер-Министрдің төрағалығымен өткен Мемлекеттік комиссия карантинді екі аптаға ұзартуға шешім қабылдады», деді Е.Тоғжанов.

Премьер-Министрдің орынбасары карантин шаралары аяқталғаннан кейін бірінші кезекте жұмысы жанданатын кәсіпкерлік субъектілерінің алдын ала тізімі жасалғанын атап өтті. Бұл – ойын-сауық орталықтары, сауда үйлері, жабық санаттағы азық-түлік­тік және азық-түліктік емес базарлар, бала­лардың коррекциялық кабинеттері, білім беру орталықтары, балаларды дамыту ор­та­лық­тары, топтық үйірмелер (бес баладан ас­пауы керек), балалардың мектепке дейін­гі мекемелері (кезекші топ режі­мінде жұ­мыс істеуге рұқсат), сән-салон­дары, косме­ти­калық қызмет көрсететін орта­лықтар (ал­дын ала жазылу бойынша). Алдағы екі апта­да кәсіпкерліктің осы субъекті­лері күшей­тілген дайындық жұмыстарын жүргізуі керек.

Әрбір нысан бойынша санитарлық режімнің нақты шаралары қабылданады. 5 тамызға дейін Денсаулық сақтау министр­лігі жұмысы жанданатын нысандарға қойылатын санитарлық талаптарды әзірлеп, жариялайды. Ол бойынша кәсіпкерлік нысандары санитарлық маскалық режім, әлеуметтік қашықтық, санитайзерлер бойынша талаптарды қатаң сақтауға міндеттеледі.

Одан әрі Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой өзі басқаратын ведомствоның уәкілетті органдармен бірлесіп, шектеу шараларын, оның ішінде карантинді бұзғаны үшін адамдарды әкімшілік жауапкершілікке тарту тәртібін әзірлегенін айтты.

«Оң динамикаға, оның ішінде коронавирус инфекциясы бойынша ауыру мен өлім-жітім көрсеткіштерінің нашарламауы­на халықтың жүрдім-бардым қарамауы үлкен әсерін тигізеді. Қарапайым ғана маска тағу сияқты алдын алу шарасы ауру қаупін 30%-ға төмендетеді. Осыған сәйкес Денсаулық сақтау министрлігі азаматтарды қоғамдық орындарда әрдайым мас­ка тағып жүруге міндеттейтін бұйрық шығарды. Біз халықаралық тәжірибені зерттедік. Қазақстанда ғана емес, бірқатар шет мемлекетте жабық үй-жайларда да, ашық ауада да міндетті түрде маска тағу енгізілген. Мысалы, маска тағуды міндеттеу бүгінде АҚШ-тың 43 штатында, Польшада, Аустралияда, Словакияда, Вьетнамда қарас­тырылған. Инфекцияның таралуын азай­тудағы масканың тиімділігі туралы көп­теген пікірталастар туындайды. Нәт­и­жесінде бәрібір масканың пайдасы барына көз жеткіземіз. Ғалымдар әлеуметтік ара­қа­шықтыққа қоса халықтың масканы ұдайы қолдануы пандемия кезінде жағдайды бақы­лауда ұстауға септігін тигізеді деген тоқтамға келді», деді А.Цой.

Міндетті түрде маска тағу туралы бұй­рық ресми жарияланған күннен бастап күшіне енеді және нормаларды орындамаған жеке және заңды тұлғаларға айыппұл салынады.

Баспасөз жиынында Премьер-Министр­дің орынбасары Ералы Тоғжанов журна­лис­тердің сауалына орай карантиннің мерзімі ұзартылған екі аптада 42 500 теңгенің жартысы төленетінін айтты.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасы бар. Екі аптаға карантин созылды. Төлем беріледі. Бірақ 42 500 теңгенің жартысы 21 250 теңге төленеді. 17 тамызда санитарлық талаптарға сай келетін нысандар жұмысқа кіріседі. Алдағы екі аптада осы ашылу шарасына дайындық жүргізіледі», деді Е.Тоғжанов.