Руханият • 31 Шілде, 2020

Алматыда еріктілер ет таратады

325 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматылық еріктілер құрбандыққа шалынған етті мұқтаждарға таратуға көмектеседі. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен онлайн-брифинг барысында Алматы қаласындағы "Әбу Бәкір" мешітінің Бас имамы Әсет Аташов айтты, деп хабарлайды Egemen.kz

Алматыда еріктілер ет таратады

Коронавирус инфекциясының таралуын болдырмау және тұрғындар қауіпсіздігін сақтау мақсатында  31 шілде мен 2 тамыз аралығындағы Құрбан айт  мейрамы кезіндегі құрбандық шалу рәсімі  онлайн форматта  өтетіні бұған дейін хабарланған болатын. Кез-келген алматылық құрбандық шалуға өтінішті  Qurban2020.kz  порталына кіру арқылы бере алады. Ол үшін аталған мәзірдегі қажетті жолақтарды толтырып, құрбандыққа шалатын малды тандап, ақшасын төлеуі қажет. "Құрбандық шалынғандығы туралы есеп,  тапсырыс берушіге әп сәтте жіберілетін болады", дейді жоба өкілдері.

Аталған сайттың көмегімен  мұқтаж жандар да құрбандық етін алуға өтініш тастай алады. Әкімдікте әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылар тізімі бар. Оларға өтініш берген-бермегеніне қарамастан құрбандық еті үлестірілетін болады. Осы мақсатта арнайы штаб та құрылған.

"Құрбандыққа еті мұқтаж отбасыларға берілетін болады. Бұл үшін Алматыда арнайы штаб құрылды. Сондай- ақ еріктілер де бұл қайырымды іске жұмылдырылып отыр. Жаратушыдан сауап үміт етіп, халықтың алғысын алсақ деген азаматтарға Алла разы болсын", дейді "Әбу Бәкір" мешітінің  имамы  Әсет Аташов.

Есте болса,  Алматы қаласы әкімдігі карантиннің алғашқы күні «Жастар лофт» оталығының базасында шұғыл еріктілер штабын құрған болатын. Оның құрамына қала еріктілері мен медицина және қоғамдық мекемелер кірді. Штабтың негізгі жұмысы – қысылған жандарға қол ұшын созу.    

Еріктілер қауіпсіздігі үшін арнайы киім, медициналық бетперде, антисептик секілді барлық қорғаныс жағдайлары жасалған.

Олар құрбан айт күндері таңғы сағат  8.00-ден кешкі 20.00-ге дейін үзіліссіз жұмыс істейтін болады.