Парламент • 03 Тамыз, 2020

Әлеуметтік дәмхана қызметкерлерімен кездесті

148 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Парламент Сенаты Құрбан айт мерекесіне орай мұқтаж жандарға, соның ішінде ерекше қажеттілігі бар отандастарымызға, індетпен күрестің алдыңғы шебінде жүрген медицина қызметкерлеріне және басқа санаттағы азаматтарға көмек көрсетуде, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі.

Әлеуметтік дәмхана қызметкерлерімен кездесті

Көмек аясында Сенат Төрағасы Мәу­лен Әшімбаев елордамыздағы «әлеу­меттік» дәмханаға арнайы барып, ме­кеменің ұжымымен кездесті. Бұл жерде ерекше қажеттілігі бар және әлеуметтік қорғалмаған санаттағы азаматтар жұмыс істейді.

Соңғы жылдары елімізде «әлеуметтік кәсіпкерлік» саласы жаңаша қарқынмен дамып келеді. Бейресми мәліметке сүйенсек, қазіргі таңда Қазақстанда 200-ге жуық әлеуметтік бизнес нысаны халыққа түрлі қызмет көрсетеді. Алай­да бұл сала әзірге заңнамалық тұр­ғыдан реттелмеген. Өз сөзінде Мәу­лен Әшімбаев алдағы уақытта осы ба­ғыт­тағы жұмыстар қолға алынатынын айтты.

– Мемлекет басшысы жыл басында әлеуметтік кәсіпкерлермен арнайы кездескен болатын. Сол кезде Эмин Ас­керовтің және басқа да кәсіпкерлердің барлық ұсыныстарына қолдау білдірді. Алдағы уақытта біз Қазақстанда осындай дәмханалар мен кәсіпорындар көп­теп ашылуы үшін кәсіптің бұл түрін заңнамалық тұрғыдан реттеуге қажетті көмек көрсетеміз. Қазір әлеуметтік кә­сіп­керлер өз күштерімен еңбек етіп жүр. Бірақ оларды қолдау үшін тиісті заң­дар қабылдау керек. Біз осы бағытта да жұмыс істейтін боламыз, – деді Сенат Төрағасы.

Сонымен қатар ол осы күндері көп­теген қазақстандықтардың мұқтаж жан­дарға белсенді түрде қолдау көрсетіп жатқанына назар аударды.

– Құрбан айт қайырымдылық пен мейірімділікті дәріптейтін мейрам. Сондықтан бұл күндері бір-бірі­міз­ге жақсылық жасаудың маңызы зор. Әсіресе бүгінгідей пандемия жағдай­ын­да мұқтаж жандарға қолдау көрсетудің және оларға көмек қолын созудың мәні ерекше. Сондықтан қазіргі таңда аза­мат­тарымыздың ұлтына, дініне қарамай, өзара қайырымдылық жасап, көмектесіп жатқанын айрықша атап өткен жөн. Әсіресе волонтерлер белсенділік танытуда. Бұл қоғамның біртұтастығын көрсетеді, – деді Мәулен Әшімбаев.

Сенат Төрағасы дәмхана қыз­мет­керлерін Құрбан айт мерекесімен құт­тық­тап, олардың әрқайсысына құрбан­дықтың еті салынған азық-түлік қоржы­ны мен естелік сыйлықтар тарту етті. Сондай-ақ Сенат Төрағасы әлеу­мет­тік дәмхананың басшысы Эмин Ас­керовке ерекше қажеттілігі бар жандарды жұмыспен қамтығаны үшін алғыс білдірді.

– Жалпы, мұндай қолдауға мүмкіндігі шектеулі жандар ерекше мұқтаж екені белгілі. Алайда біз оларға тек көмек беріп қана қоймай, қоғамға бейімделуіне жағдай жасауымыз керек. Олардың жұмысқа қабілеттілері адал еңбекпен ақша табуына, бір-бірімен араласуына, ортаға үйреніп, отбасын құруға және өзін өзі дамытуға мүмкіндік туғызуы қа­жет. Осы тұрғыдан келгенде Эмин Аске­ров үлкен жұмыс атқарып отыр, – деді Сенат Төрағасы.

Айта кетейік, аталған дәмхана карантин кезінде де жұмысын жалғастырып жатыр. Тапсырысты тұтынушыларға жет­кізіп беру ісі ұйымдастырылған және келген қонақтарға тек ашық аспан ас­тын­да қызмет көрсетіледі. Барлық сақ­тық шаралары мен санитарлық талаптар қатаң сақталғанын да атап өткен жөн.

Эмин Аскеров бірнеше әлеуметтік кә­сіпорын ашып, елімізде осы бағыттың жандануына үлкен үлес қосып келе жатқан кәсіпкерлердің бірі. Ол ашқан кәсіп­орындарда мүмкіндігі шектеулі жандар, үйсіз жүргендер, бұрын соттал­ғандар және түрлі тәуелділікке шал­дық­қандар жұмыс істейді. Олар өз қабі­леттерін тігін цехында, жиһаз фабрикасында, автокөлік жуу орнында және дәмханада пайдаға жаратуда.

Айт күндері сенаторлар басқа да түрлі қайырымдылық шараларына белсене қатысуда. Атап айтқанда, Сенат тарапынан Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен «Зекет» қоры ұйым­дас­тырған құрбандық шалу рәсімін онлайн-форматта өткізу бастамасына қолдау көрсетілді. Соған байланысты Пала­таның бірқатар депутаты мен аппарат қызметкерлері qurban2020.kz сайтының қызметіне жүгініп, құрбандық шалуға ниет етті.

Биыл көп салаға пандемияның кері әсері тигені белгілі. Соның ішінде діни мейрамдарды атап өту форматы да өзгеріске ұшырап жатыр. Алай­да бұл келеңсіздік азаматтардың қайы­рым­ды­лықпен айналысуына ешқандай тос­қауыл бола алмайды. Сондықтан биыл да жыл­дағы дәстүр бойынша құр­бан­дық­тың еті мұқтаж жандарға таратылуда.

Сенаторлардың бастамасымен еттің бір бөлігі індетпен күресіп, халықтың денсаулығы үшін аянбай еңбек етіп жүрген медициналық қызметкерлердің отбасыларына да берілетін болды. Қазіргідей күрделі кезеңде оларды қолдау үшін Сенат аппаратының қыз­мет­керлері елордалық дәрігерлер Сма­ғұ­ловтар отбасына барып, айтпен құт­тық­тады және балаларына жаңа оқу жылында қашықтан оқуға қажетті компьютер сыйлады.