Оқиға • 03 Тамыз, 2020

Алғыс арқалаған хаттың ақиқаты

158 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Заң талабын сақтай отырып, әділдікті ту еткен соттың шешіміне өз ризашылығын білдірген бір хат редакциямызға келді. Оны Шымкент қаласының тұрғыны Қанат Жартыбеков деген азамат жолдапты.

Алғыс арқалаған хаттың ақиқаты

Ол «Қазатомөнеркәсіп» ҰАҚ-ның «Аппақ» ЖШС-ның «Батыс Мыңқұдық» кенішінің бастығы қыз­метін атқарып жүргенде, 2018 жыл­дың  18 қазаны күні «Аппақ» ЖШС бас директоры А.Авдеев жұмыстан шығарады. Директор оны жұмыстан шығару себебін, «маған сенімді адам керек» деп түсіндірген. Қ.Жартыбеков: «Ди­рек­тор қазір өз еркіңмен арыз жазып жұмыстан шықпасаң, ер­тең еш жер жұмысқа алмайтын­дай етіп бәрбір шығарып жі­берем» деп қорқытты дей­ді. Сөйтіп ол «өз еркіммен жұ­мыс­­тан шығамын» деп арыз жаз­­ған, бірақ ол арызға өзі қол қой­маған. Ал Қ.Жартыбеков «жұмыстан өз еркімен» шығу жөнінде арыз жазысымен, іле-шала қолы қойылмаған әлгі арыз негізінде дәл сол күні «жұмыстан шығарылды» деген «Аппақ» ЖШС-ның 18.10.2018 жылғы №579 бұйрығы да пайда болған.

Қ.Жартыбеков «Қазатом­өнер­­кәсіп» ҰАК» АҚ-ның уран өндіруші еншілес кәсіпорын­дарында 15 жыл еңбек еткен екен. Ол «Тау кен компаниясы» Бас ди­ректорының (Ниетбаев М.А.) 2009 жылдың қорытындысы бойынша қызметін мүлтіксіз атқарғаны үшін алғыс хатпен, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ Бас­қарма төрағасының  және Созақ ауданы әкімінің алғыс хаттарымен марапатталыпты. 2018 жылы уран өндірісі саласын­да  жергілікті жерден шыққан уран  кенішінің басшысы ретінде оның есімі Созақ ауданының энциклопедиясына да енгізілген. 2017 жылы ол «Аппақ» ЖШС-на жұ­мысқа шақырылып, «Батыс Мыңқұдық» кенішіне басшылық лауазымға тағайындалады. Одан кейін «Аппақ» ЖШС-ның сол кездегі басшылары Қ.Жарты­бековтің біліктілігі мен басшылық қабілетін оң бағалап, оны серіктестіктің бас директорының орынбасары лауазымына та­ғайын­дау жөнін­де ұсыныс берген. Сөйткен Қ.Жарты­бековтің бұл қызметінен «өз еркімен» шы­ғамын деген ой үш ұйықтаса да түсіне еніп көрмеген.

Осылайша, мүмкін әділдікті қалпына келтірер деген үмітпен, сотқа арыз жазады. Арыз берген Түркістан облысының Со­зақ аудандық соты, онда осы іске төрағалық етуші судья Б.Са­ғын­­таев мұның қойған талап арызы бойынша бар мән-жай­дың ақ-қарасын ашып, оң шешім шығарғанда, заңның ғана салтанат  құратындығына толық көз жеткізеді. Ол туралы Қ.Жарты­беков алғыс білдірген хатында былай дейді: «Аудандық сот ме­нің ісімнің ақ-қарасын айы­рып, оң шешім шығарды. «Аппақ» ЖШС бас директоры А.Авдеев тара­пынан қудалауға ұшырап, 15 жыл бойы нәпақа тауып жүрген жұмыс көзінен айырылып қалсам да, Созақ аудандық сотының және Түркістан облыс­тық апелляциялық сотының менің талап арызымды объек­тивті, адал қарағанының ар­қа­сын­да әділеттілік орнап, сот ше­ші­мі­мен жұмысқа қайта орналас­тым. Лажсыздан бос жүрген уақы­тыма Еңбек кодексіне сәй­кес 6 айлық өтемақымды сот ше­­шімімен алдым.  Осы сот ше­ші­мінде: «Мұндай жағдайда, сот Қазақстан Республикасының Ең­бек кодексінің 49-бабының 1) тармақшасына сәйкес, жұмыс беруші «Аппақ» ЖШС мен жұ­мыскер Қ.Ж.Жартыбеков арасында еңбек шарты бұзылғаны негізсіз деп санайды» – деген тұ­­жы­рым жасалынып, өз дә­ле­лін тапты. Осыған орай, істі қараған Созақ аудандық со­ты­ның судьясына, Түркістан об­лыстық сотының аза­маттық іс­тер жөніндегі алқа­сына үлкен риза­шылығымды сіз­дер­дің газет арқылы білдіргім келеді.

Өйткені мен Жоғарғы сот тө­рағасы Жақып Асановтың жаңа реформасының ізгі нәти­жесінде бүгінде аудандық, об­лыс­тық соттар мән-жайы әб­ден анық болған істі сағыздай соза бермей, әділдікті нақты анық­­тап, оның жоғары сатылар­да бұрмаланбайтын заңды  ше­шім шығарып беретіндігіне көз жеткіздім. Бұл біздің елдің Тұң­ғыш Президенті – Елбасының да, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың да алғашқы сатыдағы сотқа жүгінген азамат­тар­дың құқы түпкілікті түрде заң­ды қорғалуы керектігі туралы тапсырмаларының іс жүзіне асып жатқандығының нақты дәлелі. Соны сіздердің газеттеріңізге ал­ғыс ретінде жарияласам деген ой келіп, ақ ниетімді жолдап отыр­мын». Ендеше біз де жергілікті соттардың шығарған оң шешімдері түпкілікті нәтиже беріп, дауға нақты нүкте қойы­лып және соның арқасында сот шешімдерінің әрі тарт та, бері тарт күйге ұшырамай, айна-қате­сіз мүлтіксіз орындалуы – заңның сал­­танат құруы екені айдай анық демекпіз.

 

Абдулмахмұт Пошатаев,

«Egemen Qazaqstan»