«Күніне мың пәлеге жолықсаң да, Сонда да күдер үзбе бір Алладан!» деп келмейтін бе еді бабалардан бүгінге жеткен сөзі. Жаратушы жаббар иеміз сынағын өзі сүйген құлға беретін көрінеді. Сондықтан тағдырдың жазмышына, Құдайдың басқа салғанына көндігіп, мына жарық дүниеге келгеніне шүкіршілік етіп, тіршілігін жалғастыруы керек екен. Қу тіршіліктің күйбеңімен байқамайтын шығармыз. Бірақ біздің арамызда он екі мүшесі сау болмаса да, өмірден өзінің тиесілі орнын табуға ұмтылып, қоғамның бір кірпіші болып қалануға барын салып жүрген адамдар бар. Бойындағы ерік-жігерін, күш-қайратын оңды іске жұмсап, кейбір дені сау масыл адамдардың жасамаған тірлігін атқарып жүр. Бұл олардың өмірге деген құштарлығын білдірсе керек.
«Күніне мың пәлеге жолықсаң да, Сонда да күдер үзбе бір Алладан!» деп келмейтін бе еді бабалардан бүгінге жеткен сөзі. Жаратушы жаббар иеміз сынағын өзі сүйген құлға беретін көрінеді. Сондықтан тағдырдың жазмышына, Құдайдың басқа салғанына көндігіп, мына жарық дүниеге келгеніне шүкіршілік етіп, тіршілігін жалғастыруы керек екен. Қу тіршіліктің күйбеңімен байқамайтын шығармыз. Бірақ біздің арамызда он екі мүшесі сау болмаса да, өмірден өзінің тиесілі орнын табуға ұмтылып, қоғамның бір кірпіші болып қалануға барын салып жүрген адамдар бар. Бойындағы ерік-жігерін, күш-қайратын оңды іске жұмсап, кейбір дені сау масыл адамдардың жасамаған тірлігін атқарып жүр. Бұл олардың өмірге деген құштарлығын білдірсе керек.
Қызылорда облысында 19,7 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі адамдар өмір сүреді. Олардың дені Қызылорда қаласында тұрады. Ал, енді осы санаттағы адамдардың уақытын қалай тиімді пайдалануға болады? Біздіңше мүмкіндігі шектеулі жандарды дендеп спортқа тарту арқылы бос уақыттың орнын толтырып қана қоймай, олардың биік белестерді бағындыруына жол аша аламыз. Аймақта осындай іспен айналысып жүрген бір ұйым бар. «Жігер» деп аталады. Бірлестіктің негізгі міндеті мүгедек адамдарды спортқа тартып, олардың нәтиже көрсетуіне атсалысып, құқықтарын қорғап, өмір сүру деңгейлерін көтеру болып табылады. Спортта жетістігі бар мүгедектерді үлгі етіп, үйден шықпай отырған мүмкіндігі шектеулі адамдарды спортқа тарту да қызметтерінің бір түрі. Сонымен қатар, Қызылорда қаласының мүгедектері арасында спорттық турнирлер ұйымдастыруды да өз мойындарына алған. Спорт пен дене шынықтыруды мүгедектерді оңалтудың негізгі құралдарының бірі ретінде насихаттаудан танған емес. Бұдан бөлек, облыста жүріп жатқан әлеуметтік-құқықтық іс-шараларымен мүгедектерді таныстыру, спорт арқылы мүгедектерге өмірдегі орнын табуға және қоғамның белсенді мүшесіне айналуға жәрдемдесу, республикалық спорттық ойындарға облысымыздан қатысатын үздік спортшы мүгедектерді анықтау, мүгедектер бойында патриотизмді, ізгілікті қалыптастыру да негізгі жұмыстардың бірі. Құрылғаннан бері осындай ізгі мақсаттың бастауында жүрген қоғамдық бірлестіктің бұл талпыныстары еш емес. Жемісін беріп, талай мүгедек-спортшының жеңіске жетіп, өздерін бақытты сезінген сәтінің куәсі болды.
Сөзіміз жалаң шықпасын. Енді «Жігер» Қызылорда облысының спортшы мүгедектерінің қоғамдық бірлестігі жеткен жетістіктерді баян етелік.
– Қызылорда қаласының мүгедектері спортпен айналысып, республикалық жарыстарға қатысқанына жиырма жылдан аса уақыт өтті. Осы уақыт ішінде аймақтың мүгедек-спортшылары бағындырған белестер көп. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының чемпионаттары мен кубоктарының бес алтын жүлдегері бар. Ол – Қызылорда облысының пауэрлифтинг командасы. 2008-2011 жылдар аралығында біздің құрама ең үздік команда ретінде бағаланып отырды. Оның ішінде К.Асқарова, А.Цой, Е.Әлімбетов, Р.Қорғанбаева, А.Иманбаева сияқты спортшылар алтын жүлделерді иеленді. Қызылорда қаласының он мүгедек-спортшысы «ҚР спорт шебері» атағын алды. Ал 2009-2010 жылдардың қорытындысы бойынша М.Қамысбаев, Э.Қасқабаев, Ш.Медеуов, А.Әбжан және К.Асқарова «Халықаралық дәрежедегі спорт шебері» атағын алды. Арба жарысынан М.Қамысбаев төрт жыл бойына чемпион атанды. Солайша, 2002 жылы Пусанда өткен Азия ойындарының және 2004 жылғы Афинадағы Олимпия ойындарына қатысты. Эрик Қасқабаев болса, Бразилиядағы әлем чемпионатына қатысып, «2007 жылғы әлем чемпионатының үздік ойыншысысы» атанды. Мұхтар Қамысбаев «2008 жылдың ең үздік спортшысы» атағын иеленді. Қызылорда облысының отырып ойнайтын волейбол командасы 2008 жылы ҚР Кубогының қола жүлдегері, 2010 жылғы ҚР Кубогының иегері екенін де айта кеткеніміз абзал шығар. Ал 2009-2011 жылдардағы Қазақстан чемпионатының қола жүлдегері атанса, бір жылдан соң күміс жүлдені де қанжығаларына байлады. Қызылорда қаласында 2009 жылы отырып ойнайтын волейболдан республикалық турнир ұйымдастырылды. Спортшы-мүгедектер халықаралық жарыстарда да нәтиже көрсетуде. 2009 жылдың қараша айында Машхад қаласында (Иран) өткен отырып ойнайтын волейболдан жастар арасындағы әлем чемпионатында Қазақстан командасы қола жүлдені иеленді. Қазақстан құрама командасында Э.Қасқабаев, М.Қамысбаев және Ш.Медеуов сияқты Қызылорда спортшылары бар болатын. Ал қызылордалық Айбек Әбжан 2009 жылдың қазан айында Куала Лумпурде (Малайзия) өткен пауэрлифтингтен Азия біріншілігінде жастар арасында күміс жүлдегері атанды. Кәбира Асқарова 2010 жылғы Азия ойындарының қола жүлдегері (Қытай, Гуанджоу), 2012 жылғы Дубай турнирінің күміс жүлдегері болды. Сонымен қатар, Кабира Асқарова, Айбек Әбжан, Ислам Салимов Лонданда өткен Паралимпиадаға қатысты, – дейді бірлестік басшысы Мұрат Жұмаділдаев.
Мұрат Әлімбайұлы да туғаннан 2-топтағы мүгедек. Сондықтан ол мүмкіндігі шектеулі адамдардың өмірін жақсы біледі, олардың жағдайын анық түсінеді. 2006 жылдан бері аталған бірлестікті құрып, аймақтағы мүгедек жандарды өмірге ынталандырып жүргені де осыдан болса керек.
Соңғы жылдары облыс басшылығының тарапынан мүмкіндігі шектеулі адамдарға деген қамқорлықтың өскенін байқаймыз. Осының арқасында қаражат бөлу көбейді. Сонымен қатар, бес жаттықтырушы бөлініп, түрлі спорт алаңдары мен кешендер пайдалануға берілді. Соңғы бес жылда мүгедектердің спортқа деген ынтасы күшейіп, спортпен айналысатындарының саны екі есе өсті. Түрлі халықаралық, республикалық жарыстарға қатысу көбейді. Қызылордада тұрақты түрде волейбол, пауэрлифтинг, жеңіл атлетика командалары қалыптасты. Мұның сыртында мүгедектердің өздері де облыстың қоғамдық-саяси өміріне араласа бастады.
Айналаңызға ақыл көзімен асықпай зер салып көріңіз. Арбаға таңылған адам Паралимпиадаға қатысып, Қазақстанның атын шығарып жатыр. Туғаннан мүгедектікке шалдыққан кісінің қолынан шыққан ыдысты өміріңізде тұтынып жүрсіз. Олар жасаған құнды сыйлықтарды жақыныңызға тарту етіп тұрсыз. Осыдан кейін оларды қалайша мүмкіндігі шектеулі адамдар дейміз? Жоқ, олардың мүмкіндігі шектеусіз!
Ержан БАЙТІЛЕС,
«Егемен Қазақстан».
Қызылорда облысы.