Аймақтар • 03 Тамыз, 2020

Қызылорда облысында жергілікті жолдарды жаңғырту жұмыстары жалғасуда

485 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жыл соңына дейін Қызылорда облысындағы жақсы және қанағаттандырарлық жағдайдағы жергілікті жолдардың үлесі 69% құрамақ, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қызылорда облысында жергілікті жолдарды жаңғырту жұмыстары жалғасуда

Биыл мұнда автомобиль жолдары саласында жиырмадан астам жоба жүзеге асырылып жатыр. Жалпылай алғанда жолшылар жолдардың шамамен 470 шақырымын жаңартатын болады.

Атап айтқанда, аудандық маңызы бар «Әйтеке би – Қазалы» және «Самара – Шымкент – Әйтеке би» жолдарында қайта жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Бұдан бөлек, өңірде  «Қазалы – Қожабақы – Бозкөл – Қаукей» және «Жалағаш – Жосалы» жолдарының учаскелерін, сондай-ақ, «Қызылорда – Жалағаш – Самара – Шымкент» жолының апаттық жағдайдағы көпірлері күрделі жөндеуден өткізіліп жатыр.

Мұнымен қоса, биыл облыстық маңызға ие «Жалағаш – Жосалы», «Самара – Шымкент – Қамыстыбас – Аманөткел – Бөген», «Самара – Шымкент – Жаңақорған – Түгіскен – Келінтөбе» және «Самара – Шымкент – Жаңақорған – Жеміс-Жидек» жолдары орташа жөндеу жұмыстарымен қамтылды. Ал аудандық маңызы бар «Қаратерең – Жаңа құрылысы», «Бөген – Ақлақ», «Самара – Шымкент – Бесарық станциясы», «Самара – Шымкент – Жайылма», «Самара – Шымкент – Мәдениет – Т. Жүргенов – Жаңаталап – Аққыр», «Самара – Шымкент – Еңбек – Есет батыр – Жаңадария» және «Қызылорда – Қоғалыкөл – Шіркейлі» жолдары орташа жөндеуден өткізілуде. Арал және Шиелі аудандарының елді мекендеріне кіретін жолдар да жаңартылмақ.

Бұдан бөлек, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша жолдардың 255 шақырымы жөнделсе, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасының аясында жолшылар өңірдегі жолдар мен көшелердің 56,4 шақырымын жаңартатын болады.

Еске салайық, Қызылорда облысындағы жергілікті жолдардың жалпы ұзындығы 2382 шақырымды, жақсы және қанағаттандырарлық жағдайдағы жергілікті жолдардың үлесі 65% құрайды. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 4% артпақ.