Елімізде соңғы жылдары білім беру саласында жүргізілген өзгерістер халықаралық талаптарды ескере отырып, жаратылыстану ғылымдары мен жаңа технологияларға, ағылшын тілін оқыту іспетті бағыттарға басымдық бергені мәлім. Жалпы, білім берудің баршаға ортақ стандарттары, халықаралық ұйымдардың PISA секілді білім сапасын ортақ бағалау құралдары әлемдік нарыққа әмбебап маман даярлауға бағытталған. Осы орайда елімізде де, шет мемлекеттерде де еңбек етуге қабілетті маман болу қазіргі өрендердің негізгі қағидасына айналып келеді. Өйткені бізді қоршаған әлем үнемі өзгеріске толы. Сұранысқа ие болып қалу және өзіңізді кәдеге жарату үшін еңбек нарығынан екі есе тезірек жүгіру керек. Бұл ретте қазірдің өзінде партадағы көршіңізге қарағанда өзекті білімді тез алу, әріптесіңізге қарағанда тәжірибелік дағдыларды жылдам игеру, бәсекелесіңізге қарағанда жаңа технологиялық шешімдерді жедел енгізу қажет. Өйткені айналаның бәрі осы жарыста озуға тырысады. Қазір жаһандық корпорациялар құрған ақылды адамдардың мотивациясын оқысаңыз осы сипаттағы ортақ ойға тоқтайды. Иә, кез келген кәсіпте, әсіресе бизнесте басқалардың барлығы дағдыланып, баршаға болмаса да басым бөлігінің ой-санасына жетіп үлгергенше, жаңа үрдістен жақсы табыс табуға болады. Бұл табысқа бастайтын жол – жаңа заманның ілімін, яғни сұранысын білу және оны орындауға алдыңғылардың бірі болып қол жеткізу болса керек.
Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде BTS Digital білім беру жобаларының жетекшісі Саясат Нұрбек Қазақстанның жаңа мамандықтар атласы күзде қолданысқа берілетінін жеткізген-ді. Президентке «Жаңа мамандықтар атласы» ұлттық жобасының жүзеге асырылуы жайында айтқан С.Нұрбектің пікірінше, аталған жоба жастардың мамандық таңдауына және алдағы уақытта елімізде сұранысқа ие болатын кәсіптерді меңгеруіне көмектеседі. Шын мәнінде, бұл бағытта қазір Қазақстанда қолданбалы сипаттағы және жаппай қолдануға болатын баламалы өнім жоқ. Мамандық таңдауға келгенде көптеген азаматтар ата-аналарының тілектерін, ішкі наным-сенімдерін басшылыққа алады және субъективті трендтерге сүйенеді.
Аталған жобаның менеджері Алмас Кигізбаевтың айтуынша, қазақстандық «Жаңа мамандықтар атласына» Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Ұлттық біліктілік жүйесін дамыту және еңбек нарығын жоспарлау департаменті тапсырыс беріп отыр. Болашақ мамандықтар атласы экономиканың 9 басым секторының негізінде әзірленуде. Оның ішінде тау-кен металлургия кешені, мұнай-газ, ауыл шаруашылығы, көлік және логистика, машина жасау, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, энергетика, туризм және құрылыс салалары бар. Бұл – ел экономикасының еңбек күші ең көп шоғырланған секторары. Яғни осы секторлардағы болжам картасы деуге болады.
«Бүгінде форсайттық зерттеулер жүргізудеміз. Осы сессиялар барысында кәсіптік стандарттарды әзірлеушілер ретінде ірі компаниялар, өнеркәсіптік корпорациялар, холдингтер және білім саласы өкілдері мен сарапшылар өз салалары бойынша алдағы 5-10 жыл көлемінде пайда болатын болашақ мамандықтарды түсіндіруге, қандай еңбек ресурсы қажет болатынын, олардың құзыреттерін болжауға тырысады. Атлас 3 санатты, атап айтқанда, қазір елімізде кездеспейтін, кездессе де бірді-екілі ең озық кәсіпорындарда ғана бар жаңа мамандықтарды, сондай-ақ трансформацияланған мамандықтарды, яғни Ұлттық біліктілік шеңберінде бар, арнайы грант бөлініп, оқытылатын, бірақ жаңа трендтерге байланысты автоматтандырылған, цифрландырылған мамандықтарды, сондай-ақ жоғалып бара жатқан «зейнеткер мамандықтарды» жіктейді. Сондықтан мемлекеттік білім беру мен жұмыспен қамту жүйесінде осы мәселеге көңіл бөлу, яғни қосымша гранттар бөлу, мамандар даярлау ісін сараптауға көмектеседі. Атластың міндеті – мамандыққа бағдарлау, яғни еңбек және білім министрліктерімен жасалған үш жақты келісім негізінде жобаның келесі кезеңі мектептердің жоғары сынып оқушыларына бағытталады. Бұл сервисте оқушылар тестілеуден өту арқылы өздерінің құзыреттерге бейімін анықтай алады. Қазір мектеп бітірушілердің көбі қоғамдағы орнын дұрыс таба алмай жүр. Олардың көпшілігі оқыған мамандықтарына білім-білігі, дағдылары бойынша сәйкес келе бермейді. Яғни атластың міндеті сұранысқа ие мамандықтарды болжай білу, оларды дұрыс даярлауға көмектесу», дейді жоба менеджері Алмас Кигізбаев.
Ал Bilim Media Group компаниясының директоры Рауан Кенжеханұлы бір мамандықты ескірді, тағы бірі оның орнына келеді деген сәуегейлікке қарсы екенін жеткізді.
«Өйткені мұны дөп басып айту мүмкін емес. Бірақ шын мәнінде өзгерістер өте қауырт, тез жүріп жатқаны және бұл өзгерістер біздің күнделікті өмірімізді, кәсібімізді өзгертіп жатқаны анық. Білім беру жүйесі болашаққа маман даярлауға тез бейімделуі керек. Біздің білетін мектеп жүйесі түрлі-түрлі сөреде жатқан мәліметті берумен ғана айналысқан, соған маманданған жүйе еді. Қазір бұл маңызды болмай қалды. Өйткені жекелеген ақпаратты тауып алу оңайлады. Әрқайсымыздың қалтамызда оны тауып алуға көмектесетін құралдар бар. Сондықтан білім беру жүйесі осы ақпаратты дұрыс тауып, оны өзара байланыстырып, қажетінше іске қоса білуге талпынуы тиіс. Бұл үшін адамның бойында қандай қасиеттер, қандай дағдылар болуы керек? Осыған білім беру жүйесінің теоретиктері бас қатыруда. Отандық білім беру жүйесі де осыған мән беріп, осы бағытта ойлануы қажет. Шын мәнінде адамды өмірде табысты тұлға болуға дайындайтын қандай дүниелер, қандай қасиеттер? Бұл – адамдармен қарым-қатынас, сезімталдық, яғни басқа адамдардың ойын айтқызбай білу болар. Оның әдістемелері, тәсілдемелері бар, оны елімізге алып келуге міндеттіміз. Алатын білімді шынайы өмірмен байланыстыра білуге, физика, биология, химия және басқа бағыттардағы біліміміз күнделікті тіршілігімізге, үйдегі, түздегі өмірімізге байланысты құрастырылған оқулықтар қажет. Осы бағытта электронды оқу құралдарын жасауға тырысып жатырмыз, оның түсіндірмелері, жаттығулары, білімді бағалау жүйелері де нақты білімнің өмірдегі қолданысына негізделгенін қалаймыз. Бұл ретте дүние жүзінде бар тәжірибені зерттеп, оны аударып, білім беру жүйесіне енгізуге барымызды салсақ дейміз. Бірақ бұл жеткіліксіз. Жалпы, Қазақстанда елдің болашағына алаңдаған топтар мен ұжымдар осы бағытта бірлесіп жұмыс істеуі қажет деп ойлаймын, – деді Р.Кенжеханұлы.
Былтыр Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік бағдарламалар мен кадрлық қажеттілікті болжау негізінде 2025 жылға дейін 100 сұранысқа ие сервистік және индустриялық кәсіптер тізбесін әзірлеген еді. Бұл мамандықтар тізбесі Елбасының «Жас маман» бағдарламасын әзірлеу жөніндегі тапсырмасын орындау шеңберінде әзірленді. Оған жоғары білімді қажет ететін 35 сұранысқа ие мамандық, сондай-ақ техникалық және кәсіптік білімді қажет ететін 65 мамандық енгізілді, оның ішінде 10 жаңа мамандық енгізілген. Ең өзектілерін атап айтқанда, IT-мамандар, 3D модельдеу және толықтырылған нақтылық жөніндегі инженерлер, машинааралық оқыту жүйелері, жаңғырмалы энергия көздері, өндірістің аддитивті технологиялары бойынша инженерлер, өндірісті автоматтандыру кезеңінде талап етілетін «ақылды» қала құрылысы, ұшқышсыз авиациялық жүйелер инфрақұрылымының сәулетшілері мен жобалаушылары және графикалық, мультимедиялық дизайнер мамандықтары бар.
Елімізде соңғы жылдары дәстүрге айналып келе жатқан еңбек нарығындағы ерекше шеберлерді анықтайтын WordSkills Kazakhstan біріншілігін биыл эпидемиялық жағдайға байланысты көпшілікке үйреншікті форматта өткізу қиынға соғып тұр. Былтыр аталған байқаудың әлемдік сайысы Қазан қаласында өтіп, оған 31 құзырет бойынша 34 отандасымыз қатысқан еді. Олардың бақ сынаған құзыреттеріне назар аударсақ, мобилді робот техникасы, бизнеске арналған ІТ шешімдер, мехатроника, CAD инженерлік графикасы, веб технологиясы сынды қазіргі заманғы мамандықтарға жол ашатын кәсіби біліктілік санаттары бар. WorldSkills қозғалысының бүкіл тарихында алғаш рет әлем чемпионаты бағдарламасына Future Skills цифрлы экономикасы мен жоғары технологиялы өндірісі жағдайында сұранысқа ие, келешегі бар мамандықтар бойынша жарыс енгізілді. Жарыс технологиялық өзгерістер контексінде заманауи маманның жұмыс функциялары мен кәсіпқойлық дағдыларының трансформациясын көрсетті. Яғни болашақтың дағдылары ландшафты бүгінде барлық салаға дендей енген цифрландырумен тікелей өрілетінін ұмытпау керек.
Жалпы, қазір бұрыннан келе жатқан құрылыс пен технологиялық мамандықтардың өзі заманға сай түрленіп, жаңа ғылыми жетістіктерге негізделе бастады. Яғни кірпіш қалаудың өзі бұрынғыдай жалаң қолмен емес, 3D технологияға негізделіп қаланатынын байқаймыз. Сондықтан елімізде де жаңа мамандықтарды саралауға, ақпараттандыруға, түсіндіруге қатысты жобалардың көбейгені абзал.