22 Қазан, 2013

Канада тұрғыны аюдың шабуылына тойтарыс берді

345 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

22 10-AIUКанаданың Нью-Брансуик провинциясындағы орман учаскелерінің иесі аюдың шабуылына ерекше тәсіл қолдану арқылы өзін қорғап қалды. Бұл туралы Segodnya.ua хабарлады.

«Fedpost» газетінің ақпары бойынша, бірнеше орман учаскелерінің иесі Жиль Сир өз меншігіндегі жерлерін тексеріп жүрген. Кенеттен оның алдынан алып аю шыға келеді. Жыртқыш аң оған бірден шабуыл жасап, жерге құлатқан.

«Көзімді ашқанымда, алып аюдың үстіме төніп тұрғанын көрдім. Жеткен жерім осы шығар деп ойладым. Оның ақырған даусынан тұла бойым тітіркеніп кетті, – дейді Жиль Сир. – Қанша тырысқаныммен оның астынан шығуға күшім жетпеді. Ал аю болса алып қолдарымен соққы жасай берді. Сол сәтте оның тіліне көзім түсті. Мен қолымды созып, аюдың тілінен қысып ұстап, бар күшіммен өзіме қарай тартып жібердім.

Аю адамнан мұндай әрекетті күтпеген болса керек. Ол ақырып, бір сәтке есеңгіреп қалған екен. Бұл уақытты ұтымды пайдаланған айлакер жігіт аюдың құшағынан сытылып кетіп, ағашқа шығып үлгерген. Оның артынан барған аю ағаштың түбінде біраз тұрып, ақыры жігітті қоя беріп өз жөнімен кеткен. Ал жарақаттанған Жиль Сир өз бетінше ауруханаға келіп, дәрігерлердің көмегіне жүгінген көрінеді.

Айдар Өрісбаев.

Соңғы жаңалықтар