Аймақтар • 06 Тамыз, 2020

Емханалар жоспарлы жұмыстарын бастады

169 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қызылорда қаласында 360 орындық провизорлық орталық жа­былды. Медициналық мекеме індет өршіп тұрған уақытта Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің 5-ші жатақханасынан ашылған болатын. Шілдеден бастап жұмыс істей бастаған орталықта бір айда өкпесі қабынған 1 мыңға жуық науқас ем алыпты. Жақында орталықтағы соңғы науқас сауығып, үйіне қайтты. Осы уақыт аралығында емдеу мекемесінде 200-ге жуық медициналық қызметкер жұмыс істеген.

Емханалар жоспарлы жұмыстарын бастады

Індеттің өршуіне байланыс­ты осыған дейін облыстағы емха­наларда скринингтік және про­филактикалық тексеру, жос­пар­­лы стоматологиялық қыз­мет, саламатты өмір салтын ұс­тану бойынша шаралар, пси­хо­логиялық көмек көрсету уақыт­ша тоқтатылған болатын. Қазір олар да жоспарлы жұмыстарына көше бастады.

Дерттің беті қайтып, дә­рі­гер көмегіне зәру жандар қа­та­­ры азай­ғандықтан облыс­тық фтизиопуль­монология ор­­та­­лы­ғының 120 төсектік орынға ар­налған инфекциялық стациона­ры да жабылып, 100 орынға шақ­талған провизорлық стационар болып қайта жасақталады. Ал 10 тамыздан бастап көпбейінді қа­лалық аурухананың 210 орынға арналған провизорлық стационары жұмысын тоқтатып, залалсыздандыру жұмыстары жүр­гізілгеннен кейін шұғыл және жос­парлы емдеу жұмыстарын бұ­рынғыша жалғастырады.

Жуырда өткен баспасөз кон­ференциясында облыстық ден­саулық сақтау басқармасының басшысы Сәбит Пазылов аймақ­тағы ахуалдың тұрақталып келе жатқанын атап өтті.

– Жалпы, бүгінгі жоспарлы емдеу жұмыстарының қай­та іс­ке қосылып жатқаны – ай­мақ­та эпидемиялық ахуалдың тұрақ­талғанының дәлелі. Осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстың барлық көрсеткіштері нәтижелі, – деді басқарма басшысы.

Облыстық көпбейінді ауруха­на да дүйсенбіден бері нау­­қастарды жоспарлы түрде қа­­былдауды бастады. Пандемияға бай­ланысты аурухана 4 ай бойы мұндай қызметті уақытша тоқ­татқан еді. Енді аурухана бұ­рын­ғыша барлық науқасты қа­был­дайды. Қазір мұнда жедел түр­де түскен 370 науқас емделу­де.

Жұмылған істің нәтижесінде ін­деттің беті қайтты. Бірақ ар­қа­ны кеңге салуға әлі ерте. Маман­дар санитарлық талапты сақтап, сақтанып жүру керектігін айтады.

 

ҚЫЗЫЛОРДА