Президенттің баспасөз қызметі Туиттердегі @AkordaPress ресми парақшасында Мемлекет басшысының Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөздерін де жариялаған еді. «Дағдарыс кезінде цифрландыру қызметінің де рөлі мүлде байқалған жоқ. Цифрлы комиссарлар қандай жұмыс бітіріп жатыр?» деді Қ.Тоқаев. Арада он күн күн өткен соң 20 шілдеде Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев қызметінен босатылды.
Ертесіне, 21 шілдеде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің 2020 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындылары бойынша алқа отырысы өтті. Онда осы ведомствоның төрағасы Алик Шпекбаев еліміздегі екі бірдей министрліктің қызметкерлеріне қатысты тергеу амалдары басталғанын жеткізді. «Біз бюджет қаражатын жымқыруға жол бермей, «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыруға барынша ден қоюымыз қажет. Осы тұрғыда қазір цифрлық даму мен Білім және ғылым министрліктерінің жоғары лауазымды тұлғаларына қатысты цифрландыру бойынша 2 қылмыстық іс тергеліп жатқанын айтқым келеді», деді ведомство басшысы.
Кейін Қаржы министрлігінің Қаржы мониторингі комитеті Денсаулық сақтау вице-министрі Олжас Әбішевтің қамауға алынғанын жеткізді. Бұл лауазымды тұлға бюджет қаражатын жымқырды деген күдік бар. «Бюджет қаражатын жымқырды деген күдікпен Денсаулық сақтау вице-министрі Олжас Әбішевті Экономикалық тергеу қызметі қамауға алды», делінеді Қаржы мониторингі комитетінің ресми ақпаратында. Елорда сотының баспасөз қызметі таратқан мәліметке сенсек, вице-министр екі ай мерзімге қамауда ұсталады.