23 Қазан, 2013

Жас қызды өлтіргендер ұсталды

271 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Облыс орталығындағы Тургенев көшесіндегі үйдің алдынан жас қыздың өлі денесі табылғаны туралы ақпарат естіген жанның жағасын ұстатты. Оның мәйіті басына полиэтилен пакет кигізіліп, ақ қапшыққа оралып, сыммен байланған тор көзді сөмкеге салынған екен. Алдын ала тексеру бойынша, жас қыздың тұншықтырылып өлтірілгені анықталыпты.

 

Облыс орталығындағы Тургенев көшесіндегі үйдің алдынан жас қыздың өлі денесі табылғаны туралы ақпарат естіген жанның жағасын ұстатты. Оның мәйіті басына полиэтилен пакет кигізіліп, ақ қапшыққа оралып, сыммен байланған тор көзді сөмкеге салынған екен. Алдын ала тексеру бойынша, жас қыздың тұншықтырылып өлтірілгені анықталыпты. Ата-аналары кісі қолынан қаза тапқан қыздарының мәйітін бірден таныған. Бұл туралы облыстық прокуратураның аппарат жетекшісі Руслан Жасанов бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен өткізген брифингте баяндады. Оның айтуынша, кәмелетке толмаған Г. үстіміздегі жылғы 8 қазанда ата-анасынан құрбысының үйіне қонуға сұранып кетеді. Алайда, ол ертесіне сабақтан кейін үйіне оралмайды. Оның сабақта болмағаны анықталады. Ата-анасы 9 қазанда 16.00 сағатта қыздарының хабарсыз кеткені туралы Зауыт полиция бөлімшесіне шағымданған. Жедел іздестіру шараларының нәтижесінде қылмыстың жасалуы бойынша сезіктілер ретінде ер және әйел адам ұсталған. Осы дерек бойынша қылмыстық іс қозғалған. Айыпталушылардың бірінің көрсетуі бойынша жәбірленушінің киімдері, ұялы телефоны, оқу сөмкесі қаланың әртүрлі бөліктеріне тасталғаны анықталған. Мектептегі ұстаздарының айтуынша, марқұм оқуда озат, тәртіпті оқушы болған екен. Ол өзінің жәбірлеушілерімен әлеуметтік желі арқылы танысқан. Руслан Жасанов қозғалған қылмыстық іс бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын, тергеу аяқталғанға дейін өзге ақпарат жария етілмейтінін жеткізді.

Сатыбалды СӘУІРБАЙ,

«Егемен Қазақстан».

Ақтөбе облысы.