Руханият • 07 Тамыз, 2020

«Сау болайық!» сақтыққа шақырады

613 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Қазақстан» телерадиокорпора­циясы коронавируспен күресудің жолдарын түсіндіретін тағы бір бағ­дарламаны эфирге шығар­ды. Корпорация құрамын­дағы «Balapan» телеарнасынан ба­ла­ларға арналған «Сау болайық!» жаңа жобасы көрсетіле бастады.

«Сау болайық!» сақтыққа шақырады

Арна басшылығы атап кеткендей, ха­бардың мақсаты – кішкентай көрер­мендерге денсаулыққа қатысты маңыз­ды ақпаратты ойын түрінде бере отырып, салауатты өмір салтын насихаттау. Пандемия кезінде тұтас әлем коронавируспен күресіп, денсаулықты күту бірінші орынға шықты. Жоба кішкентай көрермендерге «денсаулық – зор байлық» екенін ұғындыруды мақсат етеді. Көгілдір экранға жаңа шыққан тың айдар карантин режімінде қауіпсіздік шараларын сақтаудың маңызы туралы түсіндіріп, спортпен дос болуға шақырады.

Бұған дейін «Маусым айынан бас­тап «Qazaqstan» телеарнасынан бес күн бойы тікелей эфирде «Теледәрігер» жобасы шыға бастағаны да айта кеткен жөн. Жалпы, бұл пандемия көрсетіп бергендей дәл қазіргі кезеңде ел тұрғындарына, әсіресе шалғай ауыл-аймақтағы көрер­менге қазіргі күрделі ахуалға байланыс­ты күнделікті медициналық кеңес беру өте өзекті болып отыр. Жоғарыдағы жаңа жо­балар арқылы дәрігерлер тікелей эфир ба­рысында COVID-19 вирусы мен өзге де аурулардан сақтану мен алдын алу ша­ралары, емдеу тәсілдері туралы нұсқаулық береді.

Алайда бұл тұрғыда балалардың да көкейінде түрлі сұрақтардың туындайтыны сөзсіз. Үлкендер өз алдына, балаларды індеттен қорғау – басты мәселе. Ол ата-аналардың жауапкершілігімен қатар, кішкентайлардың өзіне аурудың қаупін түсіндіре отырып жүзеге асырылатыны сөзсіз. «Balapan» арнасы осы іске атсалысуды көздейді. «Бұл жоба «Қазақстан» телерадиокорпорациясының осы бағыт­тағы ақпараттандыру шараларының жалғасы», деп хабарлайды Телера­дио­кор­­порацияның Баспасөз қызметі.

«Сау болайық!» тележобасы эфирге аптасына үш рет дүйсенбі, сәрсенбі, жұма күндері сағат 12:00-де және 19:25-те шығады. Бағдарламаның «Керек дерек» айдарында медицина саласына қа­тысты терминдер жеңіл тілмен түсін­дірілсе, «Шымыр бол!» айдарында түрлі жаттығулар көрсетіледі. «Жатта, есте сақта!» бөлімі бағдарлама қорытындысы ретінде сұрақ-жауап түрінде өтеді.

Жаңа жобаның ерекшелігі, бағдар­ламаға экран алдында отырған көрер­мендер де атсалыса алады. Ол үшін жат­тығу жасап, арнаның ресми парақ­шасын белгілеп, әлеуметтік желіге жүктеу қажет. Ең үздік бейне жаттығу «Шымыр бол!» айдарында көрсетіледі.

Жоба «Balapan» арнасының эфирінен жыл соңына дейін жалғаспақ.

Соңғы жаңалықтар

Перу дәрігерлері сиам егіздерін ажыратты

Ғалам ғажаптары • Бүгін, 11:30