Аймақтар • 07 Тамыз, 2020

Арзан тон аламын деп алданып қалды

219 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазіргі карантин кезінде дүкендер жабық болып, адамдардың тауарларды өздері ала алмайтынын білген интернет-алаяқтар да жаңа әдістер тапқан. Олар Instagram желісіне тауарлар арзандатылып сатылуда немесе жеңілдіктер беріледі деген мазмұндағы хабарландырулар беріп, өтірік суреттерді көрсетіп, аңқау адамдарды алдап түсіруде. Соның бірі жуырда Петропавл қаласында болды.

Арзан тон аламын деп алданып қалды

Аңқау бойжеткен алдамыш хабарландыруға сеніп, құндыз тон ала қоймақ болып, «алдын ала төлеуге тиісті» 85 мың теңге ақшасын аударып жіберген. Ақша кеткен бойында байланыс та сап үзіліпті. Бойжеткен екі көзінен жасын саулатып, полицияға қайрылған. Сөйтсе, мұндай шағымдар полицияда өте көп екен. Жыл басынан бері облыс полицейлері ондайдың 42 –сін ашыпты.

Солтүстікқазақстандық полиция мамандары интернет-алаяқтардың бірнеше түрлі әдісі барын тұрғындарға жеткізуде. Соның ішіндегі ең көп тарағаны осы – тауар бағасына алдын ала төлем жасату екен. Сондай-ақ «банктенбіз» деп қоңырау шалып, шағын несие әпереміз деген алдау арқылы банк шотына қол жеткізу де көп тараған айланың бірі. Жеке құжаттарды немесе құжаттардың көшірмелерін қолға түсірген қаскөйлер шағын несие ресімдейді. Көп жағдайда бұл жәбірленушілердің таныстары болып жатады, алаяқтар оның карталарына ақша түсетінін алға тартып, белгілі бір себептермен карталарын пайдалана алмайтындықтан жәбірленушіден оның картасының нөмірін айтып жіберуді өтінеді. Жәбірленушілер келіп түскен ақшаның өзіне ресімделген шағын несие екенін білмей, түскен ақшаны алаяқтарға беріп жібереді, ал төлеу міндеті өзінде қалады.

Алаяқтықтың тағы бір әдісі алдайтын адамына «банктенбіз» деп қоңырау шалып, біреудің оның шотына «бұзып кіргендігін» хабарлау. Кейін қылмыскерлер смс арқылы келетін кодты айтуын сұрайды. Шын мәнінде бұл бір реттік пароль, ол алаяқтарға шотқа қол жеткізуге мүмкіндік береді. Мұндайда абыржымау керек. Әрқашанда банк қызметкерлері жеке және қаржы туралы ақпаратты талап етпейтінін есте сақтаған жөн. Сондықтан банк бөлімшесіне не call-орталығына жүгінген дұрыс. Егер сіз интернет-алаяқтардың арбауына түсіп қалсаңыз, тез арада полицияға жүгініңіз, дейді полиция қызметкерлері. Осының бәрі олар тұрғындарға таратқан жадынамада да жазылған.

ПЕТРОПАВЛ