Аймақтар • 07 Тамыз, 2020

Бердібек Сапарбаев азаматтарды жеке сұрақтарымен қабылдады

457 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев бейнеконференция режимінде кезекті рет азаматтарды жеке қабылдады. Тұрғындар инфрақұрылымды дамыту, әлеуметтік нысандарды жөндеу, ауылдарды абаттандыру мәселелерін көтерді, - деп хабарлайды  Egemen.kz облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бердібек Сапарбаев азаматтарды жеке сұрақтарымен қабылдады

Әйгілі күйші-композитор Әбдімомын Желдібаев мәдени саланың дамуындағы мәселелерге алаңдаулы. Шу ауданында кейбір елді мекендердегі ауылдық клубтардың ғимараттары апатты жағдайда десек, мәдениет үйлерінің жұмысы ойдағыдай емес.
Облыс әкімі композитор көтерген мәселелерге айрықша назар аудару керектігін атап өтті. Ағымдағы жылы аудандағы Абай ауылында 100 адамға арналған клуб салынуда, аудандық Мәдениет үйі жөнделуде, Көктөбе ауылындағы Мәдениет үйі газдандырылуда. Қонаев ауылында Мәдениет үйін, Ақсу мен Далақайнар ауылдық округтерінде ауылдық клубтардың құрылысын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттар дайындалуда.

Бердібек Сапарбаев Төле би ауылында мәдениет, шығармашылық және білім саласын дамыту жобасы аясында үлкен орталық салыныпи жатқандығын айтты.

Ал, Сарысу ауданының тұрғыны Айтуған Рыспанов Арыстанды ауылынан Түркістан облысына апаратын жолды асфальттауды сұрады. Қазіргі таңда жолға «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша бөлінген қаражат есебінен қиыршық тас төселген. Облыс әкімі ардагердің өтініші назардан тыс қалмайтынына уәде берді.

Байзақ ауданының тұрғыны Мақұн Төлеуғалиева облыс басшысына Қостөбе ауылындағы орта мектептегі акт залы мен спорт залдарының құрылыс мәселелерін жедел шешіп бергені үшін алғыс білдірді. Бірақ, ол шатырдың сапасыз болуына байланысты құрылысшылардың барлық жұмыстары құрдымға шыға ма алаңдаулы. Бердібек Сапарбаев аудан әкіміне және құрылыс басқармасына бұл мәселені зерттеп, оңтайлы шешім қабылдауды тапсырды.

Тараз тұрғыны Жамбыл Бекеев 2017 жылы "Еңбек" Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы бойынша қайтарымсыз грант алып, жеке кәсібін ашқан. Ол аяқ киім тігіп, сатумен айналысады. Өз ісін кеңейтуге ниетті кәсіпкер қолдау көрсетуді сұрады. Облыс әкімі "Еңбек" бағдарламасы аясында қандай қолдау көрсетуге болатынын қарастыруды тапсырды.

"Қазақтелеком" АҚ филиалының өкілі Майра Оңғарбаева талшықты-оптикалық байланыс желісінің жағдайына назар аударуды керектігін алға тартты. Оның айтуынша, байланыс желісі жиі істен шығып қалады. Бердібек Сапарбаев бұл мәселе де өз шешімін табатындығын жеткізді.

Облыс әкімі барлық мәселелердің жан-жақты қаралып, олар бойынша нақты шаралар қабылданатынына сендірді.