Аймақтар • 07 Тамыз, 2020

Алматыда жыл қорытындысы бойынша тұрғын үй құрылысы 14%-ке өседі

850 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Алматы әкімі Б.Сағынтаев бүгінгі онлайн-кездесу барысында құрылыс компанияларының өкілдерін кәсіби мерекемен құттықтады.

Алматыда жыл қорытындысы бойынша тұрғын үй құрылысы 14%-ке өседі

Алматы үшін құрылыс саласының маңызы зор, өйткені қала өсіп келеді, тұрғындардың саны артып отыр. Осының бәрі тұрғын үйлердің, мектептердің, ауруханалардың, бала бақшалардың, қоғамдық кеңістіктердің, тиісті инфрақұрылымдардың салынуын қажет етеді.

Қала әкімі соңғы жылдар ішінде мегаполисте жыл ішінде құрылыс көлемінің орташа 3-5%-ке тұрақты өсіп отырғанын атап өтті. Бүгінгі күні қалада тұрғын үй мен азаматтық нысандар ретінде 816 нысан салынуда. Олардың 538-і жеке инвестиция есебінен, ал 278 нысан бюджет қаржысымен көтеріліп жатыр.

Б.Сағынтаев алда тұрған басты міндеттердің бірі қалалықтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету екенін атап өтті. Өткен жылы 2,1 млн шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл 2018 жылмен салыстырғанда 4,8%-ге артық.
Биылғы жылдың жеті айында 1,1 млн шаршы метр тұрғын үй іске қосылды. Жыл аяғына дейін тағы 2,4 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі, ал бұл рекордтық көрсеткіш.

Осылайша, 2019 жылға біршама өсім 14%-ті құрады. Тағы 21608 пәтер салынатын болады.

Биылғы жылы мемлекеттік «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынған әлеуметтік тұрғын үйлердің құрылыс көлемі төрт есе өсті. Бұл 289 мың шаршы метр тұрғын үй салуға мүмкіндік береді, яғни шамамен 5 мың пәтер іске қосылады.

Соңғы жылдарда тұрғын үй құрылысының қарқынды жүруі барысында, әсіресе жаңадан салынған ықшамаудандарда әлеуметтік инфрақұрылымдар нысандарының тапшылығы байқалды. Олар – мектептер, бала бақшалар, емханалар, қосымша білім беру және демалыс орындары.

Бұл мәселені шешу үшін әкімдік мемлекеттік-жеке серіктестік тетігін ұтымды пайдаланып, жаңа мектептер мен қосалқы нысандар салуды бірден қолға алды. Осының арқасында 20 мыңға жуық оқушы орны ашылады, ал бұл орын тапшылығын 80%-ке азайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, 1350 адам кіре алатын инновациялық шығармашылық орталықтар салынатын болады.

Айта кетерлігі, бірқатар құрылысты жүргізушілердің қаржылық жеке бастамалары бойынша Алатау, Алмалы, Наурызбай және Түрксіб аудандарында 5700 орынды бес мектеп және жеті бала бақша салу жоспарланған.

Б. Сағынтаевтың тапсырмасы бойынша бұл жұмыс одан әрі жалғасатын болады.

Алматы әкімі құрылысшылардың қаланың инфрақұрылымына қосқан үлестерін де атап өтті. Ағымдағы жылы 177 көшеде 47,4 шаршы метр жолдар салынуда. Ұзындығы 18,6 шақырым болатын 112 көше жолдарының құрылысы аяқталды. Жыл соңына дейін қалған 65 көшеде ұзындығы 28,8 шақырым болатын жол құрылысын аяқтау жоспарлануда.

Ұзындығы 200 шақырым болатын 283 көшенің орташа жөндеу жұмыстары жоспарланған. Бүгінгі күні ұзындығы 62,6 шақырым болатын 91 көше жөндеуден өтті, 151 мың шаршы метр көлемінде ағымдағы жөндеу және ұзындығы 19,2 шақырым болатын тротуарларды салу жұмыстары жүргізілді. Үш жолайрықтың және жалпы ұзындығы 3,1 шақырымды құрайтын «Сарыарқа» және «Достық» метро бекеттерінің құрылысы жалғасуда.

Ағымдағы жылы 126,5 шаршы метр сумен қамтитын, 121,6 шаршы метр судан бөлетін желілер салынады, 11 шаршы метр жылу жүйелері, 800 шаршы метр электр желілері, 29,2 шаршы метр газ құбырлары жөнделеді.

Б.Сағынтаев құрылысшыларға қаланы дамытуға қосқан үлестері үшін алғыс білдірді және пандемияға байланысты олардың күрделі жағдайда жұмыс жасағандарын атап өтті. Қиындыққа қарамастан қаланың тыныс-тіршілігіне қатысы бар өзге де салалармен бірге құрылысшылар қарқынды еңбек етті. Құрылыс компаниялары қала құрылысын бақылау басқармасымен бірге құрылыс алаңдарында санитарлық нормаларды сақтау туралы хаттама қабылдаған болатын, ал бұл жұмыс процессін үзбей жүргізуге мүмкіндік берді.

Бірқатар құрылыс компанияларының басшылары «Еңбек үшін» төсбелгісімен және қала әкімінің алғыс хаттарымен марапатталды.