Медицина • 07 Тамыз, 2020

Медициналық сақтандыру жүйесінде болмауыңыздың 6 себебі

724 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына тұрақты түрде жарна төлеп жүрген елорда тұрғыны, Egov арқылы тексергенде немесе Телеграмм бот арқылы  қарағанда МӘМС мәртебесі «сақтандырылмаған» деп  көрсетілсе, оның себебін анықтап, білу керек. Біз бүгін ең жиі кездесетін 6 себепке тоқталамыз.

Медициналық сақтандыру жүйесінде болмауыңыздың 6 себебі

Бірінші себеп. Тұрғындардың көпшілігі жеңілдік кезеңін 1 шілдеге дейін төлемдерді төлеуден босату ретінде қабылдап, төлеуді тоқтатты. Негізінде, жеңілдік кезеңі халықтың осы аралықта МӘМС жүйесіндегі мәртебесін анықтап алуы үшін арнайы жасалды.

Нәтижесінде, алғашқы алты айда жарна төленбеген немесе ішінара төленген болуы мүмкін, ал МӘМС пакетіндегі медициналық көмек осы кезеңде барлығына тегін қол жетімді болды.  

Не істеу керек? Алдымен өз төлемдеріңіздің айларға бөлінген үзіндісін алу қажет. Егер Сіз жеке кәсіпкер, азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт бойынша жұмыс істейтін қызметкер, өзін-өзі жұмыспен қамтушы немесе дербес төлеуші болсаңыз, онда сізде 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап   санағанда 8 айға жарна төленуі керек.  Егер сіз жалдамалы жұмыскер болсаңыз, соңғы 12 айға аударым болуы тиіс. Егер бір немесе бірнеше ай үшін аударымдар болмаса, төлем жасалмаған ай үшін төлем жүргізу керек немесе жұмыс берушіңізге барып, аударым қарызын өтеуді сұрау керек. Естеріңізге сала кетейік, жарналарды уақытылы төлемейтін ЖК мен жұмыс берушілер үшін әрбір мерзімі өткен күн үшін, төлем күнін қоса алғанда, берешек сомасының 1,25% мөлшерінде айыппұлдар мен өсімпұлдар қарастырылған. Егер жарналар мен аударымдар бойынша олқылықтар болмаса, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына 1406 нөмірі бойынша хабарласу керек немесе телеграмм ботта  өтініш қалдыру қажет. Сіздің өтінішіңіз жеке қаралады.

 

Екінші себеп. 42500 теңге біржолғы көмек төленуіне байланысты, тұрғындардың көпшілігі сәуір – мамыр айларында бірыңғай жиынтық төлем төлей бастады. Осылайша олар өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар санатына жатқызылды. Айта кетейік, бірыңғай жиынтық төлемнің, яғни 2 626 теңгенің тек 40%-ы немесе 1,1 мың теңгесі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға жұмсалады, қалғандары мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры( МӘСҚ), зейнетақы қоры мен салық төлемдеріне бөлінеді.

Бірыңғай жиынтық төлем міндетті төлемдерге, оның ішінде бюджетке байланысты төрт мәселені бірден шешсе де, көп адамдар оны төлеуді жалғастырмауды жөн санады. Сонымен қатар, «бір реттік» төлеушілердің көпшілігі бұл төлем оларға алдын-ала бір жыл үшін сақтандыру мәртебесін береді деп ойлады. Бұл олай емес. Бірыңғай жиынтық төлемді ай сайын және тұрақты, үзіліссіз төлеу қажет. Егер сіз осы сегіз ай ішінде тек бір рет немесе екі рет қана төлесеңіз, ол Қорға қарыз ретінде қарастырылады.

Не істеу керек? Алдыңғы айлар үшін жарна төлейтін аралықты көрсете отырып, дербес төлеуші ретінде 2125 теңге мөлшерінде жеке төлемдер төлеу қажет. Сіз жарнаны «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының банк шотына қолма-қол ақшамен де, банк аударымы арқылы да, екінші деңгейдегі банктердің немесе «Қазпошта» бөлімшелерінің кассалары арқылы, сондай-ақ Qiwi және Kassa24 терминалдары, Халық банкінің терминалдары және Kaspi.kz мобильдік қосымшасы арқылы төлей аласыз. ЕДБ кассалары арқылы төлеу үшін деректемелерді ӘМСҚ www.fms.kz. сайтынан білуге болады.

Үшінші себеп. Жұмыс беруші карантин шараларына байланысты қызметкерлерді уақытша жалақысыз демалысқа жіберу туралы шешім қабылдады, сәйкесінше міндетті медициналық сақтандыру бойынша аударымдарды тоқтатты. Айтар болсақ, қазіргі уақытта шамамен 4,5 миллион адам жарналарды өздері төлемейді, олар үшін жұмыс беруші төлем жасайды. 

Не істеу керек? Естеріңізге сала кетейік, 20 сәуірден бастап ірі бизнес өз қызметкерлері үшін 1 шілдеге дейін, шағын және орта бизнес 1 қазанға дейін 29 қызмет бағыты бойынша аударымдар төлеуден толық босатылды. Осы кәсіпорындардың қызметкерлері олар үшін аударымдар түскеніне немесе түспегеніне қарамастан, осы кезеңге дейін сақтандырылған болып саналады.

Егер сіз міндетті медициналық сақтандыру төлемдерінен босатылған компанияда 1 қазанға дейін жұмыс жасасаңыз да, өзіңіздің сақтандырылған мәртебеңіз жоқтығын білсеңіз, Qoldau 24/7 мобильді қосымшасын жүктеп алуыңыз да, «ШОБ қызметкерлері үшін» қосымша бетін ашып, ұйымыңыздың БСН көрсетіңіз,  лауазымға тағайындау туралы бұйрықты жүктеп, сұраныс жіберіңіз. Ол 30 минут ішінде өңделеді. Егер Мемлекеттік кірістер комитетінің  деректері бойынша БСН МӘМС төлеуден босатылғандар тізіміне енсе, онда азаматқа 1 күнтізбелік айға сақтандырылған мәртебесі беріледі. Осы уақыт ішінде оның жұмыс берушісі тізімді жаңартуы керек. Ол үшін сіз Мемлекеттік кірістер комитетінің веб-сайтына кіріп, арнайы сілтемені немесе www.msb.fms.kz сілтемесін қарап, ЭЦҚ қолдана отырып, өз қызметкерлеріңіздің деректерін жүктеуіңіз қажет. Атап айтқанда, тізімдерді ай сайын жаңартып отыру керек.

 

 Төртінші себеп. Сіз жұмыссыз қалдыңыз және МӘМС үшін жарна төлеуге еш мүмкіндігіңіз жоқ.

Не істеу керек? Естеріңізге сала кетейік, мемлекет МӘМС жүйесінің негізгі – ынтымақтастық қағидатын ұстанады, және халықтың әлеуметтік әлсіз топтарынан 11 миллион азамат үшін жарна аударады. Бұл – 15 жеңілдік санатындағы азаматтар, оның ішінде балалар, студенттер, көп балалы аналар, жүкті әйелдер және жұмыссыздар. Сондықтан, егер сіз жұмыссыз қалсаңыз және қазіргі уақытта ӘМСҚ-ға жарна төлей алмасаңыз, жергілікті атқарушы орган жанындағы жұмыспен қамту орталығына барып, жұмыссыз ретінде ресми түрде тіркелуіңіз керек. Сонда сіздің мәртебеңіз келесі айдан бастап автоматты түрде «сақтандырылған» болып өзгереді.  


Бесінші себеп. Сіз азаматтардың 15 жеңілдік санатының біріне жатасыз, бірақ бұл туралы білмейсіз. Біраз уақыт жарна төлейсіз, содан кейін объективті себептермен тоқтатасыз. Мемлекет сіз үшін жарна төлей алмайды, өйткені сіздің мәртебеңіз автоматты түрде тәуелсіз төлеуші немесе өзін-өзі жұмыспен қамтыған адам болып өзгерді.

Не істеу керек? Сіз өзіңіздің медициналық ұйымыңыздың Пациентті қолдау қызметіне жүгінуіңіз керек, онда қызметкерлер әр жағдайда маршрутты жеке түсіндіреді. Сондай-ақ, Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы арқылы өтініш қалдыруға, 1406 медициналық сақтандыру қорының байланыс орталығына немесе Қордың  қалалық филиалына қоңырау шалуға болады.

Алтыншы себеп. Жарналар мен аударымдарды төлеу кезінде қате көрсетілген деректер, не жеткіліксіз сома.

Не істеу керек? Сіз «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына хабарласып, төлем туралы түбіртектеріңізді ұсынуыңыз керек. Содан кейін қаражатты қайтаруға өтініш жазыңыз және қарыз болған айлар үшін жарналарды қайта төлеңіз.

Есіңізде болсын, егер сіз сақтандырылмаған болсаңыз да, сіз мемлекет кепілдік берген тегін медициналық көмек пакетінде медициналық көмек аласыз. Учаскелік дәрігер, педиатр, жалпы практика дәрігері мамандарының қабылдауы, дәрігерді үйге шақыру, жедел жәрдем, емхана мен стационар деңгейіндегі шұғыл көмек, әлеуметтік маңызы бар, жұқпалы ауруларды, онкологиялық ауруларды емдеу осы пакетке кіреді және сақтандырылған мәртебесіне қарамастан азаматтардың барлығына көрсетіледі.

 

Мәліметтердің қайнар көзі: «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ, Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының баспасөз қызметі