Аймақтар • 11 Тамыз, 2020

Абайдың қара сөздерінен нәр алған ауыл

351 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстандықтар биыл Абай күнін алғаш рет  атап өтті. Күнтізбеге енген жаңа мерекені әр аймақ өзінше тойлап, Ұлы ақынға деген құрметтерін білдіруде. Ал, Түркістан облысындағы ежелден-ақ мәдениетке, рухани құндылық пен жәдігерге бай киелі Сайрам ауданы бұл атаулы датаны ерекше қарсы алды. Қашанда жаңашылдыққа ұмтылып, ең көрікті көше, ең үлгілі аула секілді жарыстарды ұйымдастыруға жаны құмар, өзгелерге береке-бірлігімен үлгі болған Қарамұрт ауылының тұрғындары бұл жолы да тың бастаманы қолға алды, - деп жазады Egemen.kz

Абайдың қара сөздерінен нәр алған ауыл

Ауыл жамағаты орталық көшеге дана Абайдың қара сөздерін  толықтай жазып, іліп қойған. Көшеге сәнмен қоса мән беріп тұрған кемеңгердің қанатты сөздері жазылған тақтайшалар А.Құнанбайұлының 175 жылдығына біздің тартуымыз дейді қарамұрттықтар.    

"Елбасымыз және Президентіміз қоғамды рухани жаңғыруға шақырып келеді. Рухани жаңғыруды әр адам өзінен бастау керек. Ал ұлы Абайдың шығармашылығы адамзаттың санасына серпін беріп, оятатын мықты күш деп білемін. Сол себептен болашақ жастарға азық болсын деп ақынның ұлағатты сөздерін көшеге іліп қоюды жөн санадық. Біздің ауылдың бір ерекшелігі, көп жағдайда ортадан бірігіп, ортақ нәрсені жасауға ұмытылып тұрамыз. Бұл тақтайшалар да тұрғындар көмегімен жасалды. Бұл бізде үрдіске айналған,дейді ауыл әкімі Мамуржан Нажиев.

"Абайды оқып өскен жас, бүгінгі күнін емес келешегін ойлайтын тұлғалық қырын ашады. Бабамыздың  даналық сөздері  біз сияқты жастарға үлкен ой салып,  мықты тәрбие құралына да айналып отыр дейді", - ауыл жастары.

Көшенің тазалығына ғана емес жүректің де тазалығына мән беріп беріп отырған ауыл осылайша Абайдың қара сөздерінен нәр алып отыр. Мұндағы халықтың 99 пайызы өзбек ұлты болса да қазақтың бас ақынын көкке көтеріп отыр. Бұл ұлы Абайды оқуға, танып-білуге ұлт пен тілдің, шекараның қажеті жоқ екенін аңғартса керек.