Туризм • 12 Тамыз, 2020

Алматы облысы: Алакөл жағасына 629 000 турист демалуға келді

283 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Пандемия қауіпі мен карантин шектеулеріне қарамастан адамдар жазғы демалыс маусымын қызықты өткізуге тырысуда. Бұрнағыдай шетел асып, теңіз жағалап кетпегенімен, ішкі туризмнің туы жығылған жоқ. Әсіресе, отандық жағажайларда адам қарасы мол, - деп хабарлайды Еgemen.kz.

Алматы облысы: Алакөл жағасына 629 000 турист демалуға келді

Биылғы шомылу маусымы ашылғалы бері Алакөл жағасына келген  демалушылардың саны 629 мыңнан асыпты. Қазірге дейін туристерге 3 млрд 739 млн теңгеге серивистік қызметі көрсетілген екен. Ал шомылу маусымының соңына дейін көлге келетін турист саны 1 млн адамнан асады деген болжам бар. Қазір көл жағалауында 262 ірілі-ұсақты нысан туристерге қызмет көрсетіп отыр екен. Туристердің негізгі ағыны жеңіл көлік және арнайы автобуспен келіп жатқан көрінеді. Сондай-ақ «Алматы-Жетіген-Достық» теміржолы бағыты  мен аптасына жеті рет «Астана-Үшарал-Астана», «Алматы-Үшарал-Алматы»  және «Талдықорған-Үшарал-Талдықорған» әуе қатынасы арқылы келушілер көбейген. Шомылу маусымы қызған шақта көлге келушілердің күн сайынғы үлес 12 512 адамға дейін жетіп отыр.

- Карантин режимі кезінде көл жағалауындағы санитарлық нормалардың сақталуын қамтамасыз ету мақсатында арнайы мониторинг топ құрылған. Қазір  ауданда 4 тобы күнделікті жұмыс істеуде. Сақтық шарасы жоғары деңгейде.  Мониторинг тобының зерделеу жұмыстары барысында санитарлық талаптарды бұзған 17 стихиялық шатырлы лагер жабылды. Сондай-ақ, көл жағасындағы тыйым салынған, заңсыз сауда жүргізген тұлғаларға ескерту беріліп, айыппұл да салынды. Мұның бәрі туристердің қауіпсіздігі үшін жасалып отыр. Талап бойынша әр демалыс орны келген туристерге қызмет көрсетер алдында нысанның дайындық актісін алады. Нысанға рұқсат берілген жағдайда ғана жұмыстарын бастайды. Қазір осы ережеге сәйкес ауданда туризммен айналысатын 262 нысан арасынан 171демалыс орынына жұмыс істеуге рұқсат берілген. Бұл орталықтарда барлық санитарлық нормалар сақталған, - дейді Алакөл ауданының әкімі Әлібек Жақанбаев.

Айтпақшы, пандемия кезіндегі шектеулер шет ел нарығына ағылған қаржыны отандық туризмнің кәдесіне жаратуға ықпал ете бастапты. Яғни, биыл шекара асып барып шомылушылар азайып, Алакөлдің айдынына сүңгішулер саны өскен. Мәселен, отандық шоу бизнестің танымал өкілі, продюссер Баян Алакөзова биылғы демалыс Алакөл жағалайында өткізіпті. Бұл жайында Баян Мақсатқызы өзінің Instagram желісіндегі парақшасында жариялаған екен. «Біздің туризмнің болашағы бар екені сөзсіз. Елестетіп көрсеңіз Түркияның күншуақты жерінде жүргендей сезіледі. Алайда, бұл өзіміздің ел, Қазақстанда екені қатты қуантады. Алакөл - Алматы облысының інжу-маржаны. Көл суы жылы, таза, мөлдір, әрі тұнық. Мен ғашық болдым... деп жазады ол.

Жалпы, отандық туризмнің дамуына жасалған қолдаудың арқасында Алакөл жағалауындағы демалыс орындарының инфрақұрылымын жақсарту жұмыстары тоқтаусыз жүріп жатыр. Қазір Алматы облысының аумағына кіретін көл жағалауындағы туристер үшін жасалған жағдай шетелдік танымал курорттардың сапасынан кем түспейді. Қызмет көрсету сапасы да жылдан жылға жоғарылап келеді. Мысалға, былтыр  Алакөлде 1 340 000 адам демалса, оларға көрсетілген сервис құны 7,9 млрд теңгеге жеткен еді.

 

Алматы облысы