Атаулы күнге орай орталықтағы ІТ парк базасында да ерекше шара ұйымдастырылды. Тұрғындар істен шыққан компьютерлерін ІТ паркке әкеліп, мамандар оның ішіндегі қажетті бөлшектерді пайдалана отырып, жаңа компьютер жасақтайды. Олар жаңа оқу жылына орай мұқтаж отбасы балаларына табысталатын болады.
Бұдан бөлек, орталықтағы IT кітапхана оқу орталығына айналды. Мұнда тұрмысы төмен, мүмкіндігі шектеулі балалар білімін жетілдіре алады. Оған қосымша арнайы волонтерлер, ерікті мұғалімдер тартылады. IT кітапханада бар жағдай қарастырылған, интернет желісі қолжетімді.
Пробация есебіндегі тұрған жастар да ұмыт қалмайды. Бұл үшін пробация қызметімен бірлескен жоба іске асырылады. Облыстық «Жастар ресурстық орталығы» директоры Бауыржан Мастеков пен облыс бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаменті басшысының міндетін атқарушы, әділет полковнигі Мұрат Нәкеноа екіжақты ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Келісім негізінде жастарға психологиялық кеңес беріліп, қателікті қайталамауына күш салынады.