Руханият • 13 Тамыз, 2020

Жамантауды жоғалтып алмайық

1492 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысының Бөкей Ордасы ауданында ресми карталарда Кіші Боғда, халық арасында Жамантау аталатын ерекше жер бар. 1946 жылы КСРО Қарулы Күштері мемлекеттік орталық полигоны құрамына алынған сәттен бастап нысана ретінде бомбаның астында қалған Жамантау 2017 жылы Қазақстан мен Ресей арасындағы келісімге сәйкес сынақ аумағынан шығарылып, Қазақстанға қайтарылған болатын. Бірақ қуануға ерте екен. Жамантау мүлдем жоғалып кеткелі тұр...

Жамантауды жоғалтып алмайық

Суреттерді түсіргендер Әлішер Ғұмаров пен Мейірбек Тәжқұранов

 

Мұхамед-Салықтың мекені

Жалпы, Боғда тауы екеу. Бірі, яғни Үлкен Боғда тауы қазіргі Ресей Федерациясының Астрахань облысы аумағында, Қазақстан-Ресей шекарасында жатыр. Оның сыңары Кіші Боғ­да тауы Батыс Қазақстан облы­сының Бөкей Ордасы ауданында орналасқан. Екі таудың арасы 40 шақырым ғана.

Аты айтып тұрғандай, Боғ­да таулары бір кездері осы жер­ді жайлаған қалмақтардың қасиет­ті мекені болған екен. Еділ қал­мақтары арасында сақталған аңыз бойынша жоңғардың қос батыры жаңа қонысқа – Еділ мен Жайықтың арасына сонау Алатаудан бір-бір тауды арқалап әкелмек болыпты. Қос батыр әрі тақуа, діндәр екен. Діттеген жеріне жақындаған кезде әлгі жігіттер қазақтың сұлу қызын көріп қалыпты. Бұған дейін көңілін ешбір дүниәуи қызыққа бұрмай келген тақуалардың жүрегі шыдамай, өзгеше бүлк ете қалыпты дейді. Сол кезде арқадағы зіл батпан тау еңсені басып, екеуі де сүрініп, етпетінен құлап түссе керек. Тау жыныстарының кей тұсы қып-қызыл болуы – батырдың қаны екен деседі аңызда...

Ал қазақтардың бұл биікті неге Жамантау атағаны белгісіз. Көктем шығып, күн жылысымен-ақ бұл таудың қойны-қонышынан мың сан жылан жылжып шығып, шың басына жиналатынын, жыланның көптігінен тау-тас көрінбей кететіндігін көрген жұрт оны Жамантау деп атаған дейді бір аңыз.

Дегенмен, Кіші Боғда, Жамантау өңірі әуелден жайлы қоныс, жерұйық мекен болған. Бөкей мен Жәңгір билеген Ішкі Орда хандығында бұл қонысқа сарай маңындағы ақсүйек қожалар бауыр басқан. Бүгінде тау баурайында сақталған көне қорымда сақталған құлпытас дерегі бұл өңірдің иесі – қожа руы өкілдері болғанын көрсетіп тұр.

Қожа демекші, осы өңірдің ең әйгілі өкілі – қазақтан шыққан тұңғыш этнограф ғалымдардың бірі, Орыс география қоғамына мүше болған Мұхамед-Салық Бабажанов. Небәрі 39 жыл өмір сүрсе де өшпестей із қалдырған, талай-талай танымдық мақа­ласы­мен қазақты күллі Ресей патша­лығына танытқан Баба­жановтың қонысы Торғай – осы Жамантаудан таяқ тастам жерде. 1869 жылы Басқұншақтың оң жағынан 70 жылға жер алып, жеке шаруашылығын қолға алған Мұхамед-Салық осы жерге екі бақ орнатқан. Сөйтіп екі жыл ішінде, өзі қайтыс болғанша 1200 түп алма мен алмұрт ағашын, 400 түп шие, мыңға жуық таңқурай мен қарақат көшетін отырғызып үлгерген. Одан бөлек үйір-үйір асыл тұқымды жылқы өсіріп, бәйге аттарын баптағаны да белгілі. Өз заманынан озық ту­ған оғланның атақонысы, зира­ты КСРО кезінде әскери сынақ алаңында қалып, вандализмге ұшыраған еді. 2001 жылы ға­лымның сүйегі қазылып алынып, Хан Ордасы ауылына, Жәңгір ханның жанына жерленді, басына кесене орнатылды.

 1

Полигон тепкісінде

Ресейдің Капустин Яр зымыран полигоны Екін­ші дүние­жүзілік соғыс аяқталы­сымен, 1946 жылдың 13 мамыры күні құрылды. Орталық штабы Астрахань облысында орна­лас­қанымен, полигонның негіз­гі бөлігі қазіргі Қазақстан аума­ғын­да. Соның ішінде біз сөз еткен Жамантау да бар. Әскерилер дәл осы жерге түрлі ғимарат, жерасты бункерлерін салып, оны ауыр зымырандармен атқылап, көптеген сынақ өткізген.

Мұхамед-Салық Бабажанов­тың өмірі мен шығармашылы­ғын көп жыл зерттеген профессор Н.П.Ивлев 1991 жылы этнограф ғалымның зиратын іздеп барғанда көрген көріністі былай суреттейді:

«...Шопан ауылынан еңіс­ке қарай он шақты километр жүр­­ген соң айдалада ша­ғын қала­шық көрінді. Бірақ оған барар жол жабық екен. Шлаг­­баум ор­на­тыл­ған тексеру бе­кетіне жолыққан біз­дің жол­бас­шымыз біраз кідірді. Бекет­тен шыққан әскерилердің бірі біздің көлігімізге отырып, әске­ри қалашыққа кіргізбей, сол жағымен айналып өткізді. Жол­дың ойран ботқасы шыққан, шұң­қыр-шұңқыр, сынған әйнек, майысқан темірден көрінбейді. Гарнизонның шығыс бетіндегі шағын төбешікке әкеліп, «осы жерде мұсылман зираты болған» деп көрсетті.

Аумағы шамамен 50 де 50 метр­лік шағын төбе екен. Төм­пешік-төмпешік қабір орындары бай­қалады. Тас-талқаны шыққан құлпытас сынықтары. Оның зират тасы болғандығын араб жазу­лары­нан ғана байқайсың... Жол­бас­шымыз білінер-білінбес бір төм­пені көрсетіп, «Мұхамед-Салық Бабажановтың зи­ра­ты осы» деді. Кезінде басында құл­пы­­­та­сы, үстінде қарағай үйі бол­ған де­седі... Қазір ештеңе де қал­ма­­ған. Мар­құмның туыстары айту­­­лы ға­лым­ның зираты ұмыт қал­­ма­сын деп айналасында ша­шы­­лып жат­қан құлпытас сынық­тарын үйіп кеткен екен, бар белгі сол ғана...».

Зымыран соққысынан әсіре­се Кіші Боғда тауы қатты зардап көрген. Жақында сол жерде болған оралдық әріптесіміз Әлі­шер Ғұ­маровтың әуеден түсірген бейнежазбасына қарасаңыз, Жаман­таудың «секпілі» Ай беті­нің пейзажына ұқсайды. Осы өлкеге 2017-2020 жылдары бір­не­ше мәрте ғылыми экспедиция ұйымдастырған ғалым, геогра­фия ғылымдарының канди­даты, Ма­хамбет атындағы Батыс Қазақ­стан мемлекеттік универ­ситетінің проректоры Қажымұрат Ахмеденов Кіші Боғ­дадағы шұңқырлардың қайсысы табиғи карст ойықтары, қайсысы зымыраннан қалған із екенін айыру қиын екенін айтады. Жетпіс жылдан астам әскерилердің табаны астында жатқандықтан, Кіші Боғда тауы ғылыми жағынан да толық зерттелмеген.

Міне, полигон аясында қалған атақонысындағы бабалар зиратына бару үшін әскерилерден рұқсат сұрап жүретін жергілікті халық 2017 жылы «Қазақстан мен Ресей арасындағы мемлекеттік ұшу-сынау учаскесін пайдалану туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттама» қайта қаралып, 1371 га алқап мемлекеттік меншікке қайтарылғанын естіп, ерекше қуанған болатын. Алайда бұл қуаныш ұзаққа бармады.

Әскерилерден босаған Кіші Боғда тауының тасты жыны­сын Бөкей Ордасы мен Жәнібек аудан­дарына салынып жатқан жол құ­рылысына пайдалану жөнінде шешім қабылданған.

1

 

Ғалымдар не дейді?

Әрине Орал қаласынан 600 шақырым қашықта жатқан Бөкей Ордасы, Жәнібек аудандары­на жол салу мәселесі өте өзекті. Осы шалғайлығына байланысты жол құрылысына қажетті материалдарды жеткізу шығыны да тым жоғары болып, шығынды азайту мақсатында жергілікті құрылыс материалдарын пайдалану туралы мәселе көтерілген еді. Яғни Бөкей Ордасы ауданы аумағында жатқан Кіші Боғда – Жамантаудың тасты жынысын жол құрылысына пайдалану керек деген ұйғарым жасалған.

Бір қызығы, жергілікті халық Жамантаудың тасын әуелден құ­рылысқа жарамсыз деп есеп­тейді екен. Дегенмен, Ұлттық сапа орталығы арнайы сараптамадан кейін «Жамантаудан алынатын материал жолдың тек ең төменгі қабатына және айналма жолға төсеуге ғана жарамды» деген қорытынды шығарған. Яғни, Жамантаудың жынысын әкеліп пайдаланғаннан келетін үнем аз секілді. Бірақ соған қарамастан бүгінде «ATVS TECHNIC» ЖШС Жаман­тау кен орнын игеруге кірісіп кетіпті.

– Кіші Боғда тауы – Батыс Қазақстан облысындағы ерекше табиғи мүйіс, Еділ мен Жайық арасында ерекше тұзды-күмбезді ландшафт саналады. Көршілес Ресей Федерациясы Үлкен Боғ­да тауын мемлекеттік табиғи қо­рық­қа айналдырып, мемлекет қор­ғауына алып отыр. Қазақстан да осы үлгіні алып, Кіші Боғда тауын «ерекше қорғалатын таби­ғи аумақ» еткені жөн болар еді, – дейді Қажымұрат Ахмеденов.

Ғалымның бұлай деуіне нақты негіз бар. Өйткені дәл осы Жамантау аумағында Қазақ­станның Қызыл кітабына енген бірнеше жануар, аң-құс мекен етеді. Мысалы, дала бүркіті Aquila nipalensis, үкі (Bubo bubo), дуадақ (Otis tarda), безгелдек (Tetrax tetrax) – жойылып бара жатқан құстардың тізімінде.

Қажымұрат Ахмеденов осы Жамантаудың атын шығар­ған жорғалаушы – Каспий шұ­бар жыланы (Hierophis caspius Gmelin) үшін ғана табиғи қорық ашуға болар еді деген пікірде. Шынында да Қызыл кітапқа енгізілген Жамантаудың жыландары – ірілігімен, адамға шабуыл жасайтын батылдығымен таңғалдырады екен.

1

– Жамантау өзінің география­лық орналасуымен де ежелден адамдар қоныстанған аумақ болса керек. Бұл түбегейлі зерттеуді қажет етеді. Жақында барған сапарымда мен Жамантаудан ежелгі аңшылардың алып құрылысы – аранның ізін байқадым. Жаман­таудағы карст үңгірлері туралы да зерттеу мәліметтері жоқтың қасы. Егер «құрылысқа қажетті» деген желеумен Кіші Боғда тауын қирататын болсақ, табиғи тамаша мүйістен де, тарихи құн­ды жәдігерден де біржола айырыламыз, – дейді археолог, тарих ғылымдарының кандидаты Мұрат Қалменов.

 

Көршінің үлгісі

Жоғарыда айтқанымыз­дай, Ресей аумағындағы Үлкен Боғ­да тауында «Эльтон» табиғи паркі» атты ерекше қорғалатын табиғи аумақ және «Боғда-Басқұншақ» мемлекеттік табиғи қорығы құрылған. Жыл сайын бұл жердегі емдік-шипажай кешеніне мыңдаған адам келіп, ем алады. Жыл сайын Ресейдің, тіпті әлемнің түкпір-түкпірінен Үлкен Боғда тауына зияратшылар да келеді. Әрине олардың бәрі қорық аумағына ақша төлеп кіреді. Яғни мемлекет әрі табиғатын қорғап, әрі қаржы түсіріп отыр деген сөз.

– Бөкей Ордасында біздің «Хан Ордасы» табиғи-қорық мұражайымыз бар. Эльтонға таяқ тастам жер. Өзім бірнеше мәрте ресейлік шипажайға барып, ол жердегі демалушыларға 50-60 шақырым жердегі Бөкей Ордасы кешені туралы мәлімет беріп, шақырып, экспедиция ұйымдастырдым. Олар мұндай шараға қуана-қуана келеді. Бүгін­де туризм – әлем бойынша ең көп табыс әкелетін саланың біріне айналды. Қазақстан да осы жолға түсіп, барымызды базарға сала білсек игі еді, – дейді Қазақстанның үздік өлке­танушысы, тарих магистрі Ай­болат Құрымбаев.

Шынында да Бөкей Орда­сының тарихын күйші Дәулет­керей Шығайұлы, ғалым Мұха­мед-Салық Бабажановсыз елес­тету мүмкін емес. Сондықтан қо­рық-мұражай кешені құрамына осы өлкенің табиғи-тарихи орындарын түгел енгізіп, Кіші Боғда – Жамантауды да қорғауға алсақ деген ойды ортаға салдық.

 

Батыс Қазақстан облысы