Экономика • 13 Тамыз, 2020

Кенжелеген саланы көтеретін күш қайда?

334 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

«Аспаннан құрым жауса да, құлға ұлтан тимейді» дегеннің керін қазір отандық ауыл шаруашылығынан көріп отырмыз. Былай қарасаңыз, саланы дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар көп. Бірақ сол бағдарламалардың ауыл шаруашылығына тигізіп жатқан шапағаты шамалы. Сол себепті де агросектордағы еңбек өнімділігі бір адамға шаққанда 5 мың доллардан аспай тұр. Мұны агроөнеркәсіп кешенін дамыту мәселесіне қатысты өткен республикалық кеңесте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та баса айтты. Өзге елдерде, мәселен көрші Ресейде бұл көрсеткіш бізден 3,7 есе көп болса, Беларусьте 6,7 есе жоғары екен. Осының өзі-ақ Қазақстанда ауыл шаруашылығының басқалармен салыстырғанда қаншалықты кенжелеп қалғанын аңғартады.

Кенжелеген саланы көтеретін күш қайда?

 

Орындалмаған бағдарламалар неге қабылданған?

Соңғы кезде арнайы мемлекеттік бағ­дар­лама бойынша ауыл шаруашылығы­на бағыттау қарастырылған қаржының өзі­ толық көлемде бөлінбеуі жиі қайта­ла­­натын болған. Бұл мәселені жақында Пар­ламент Сенатының депутаты Мұрат­бай­ Жолдасбаев Үкіметтің алдына қойған еді. Оның айтуынша, Агрөнеркәсіп ке­ше­нін дамытудың 2017-2021 жылдарға ар­нал­ған мемлекеттік бағдарламасы қабыл­дан­ғанда барлық министрліктермен, соның ішінде Ұлттық экономика және Қаржы министр­лігімен де келісілген. Осы бағ­дарлама бойынша 2018 жылы саланы да­мытуға 454,2 млрд теңге бөліну керек болса, іс жүзінде 342 млрд теңге бөлінген (бөлінбей қалған қаржы көлемі 112 млрд теңге). Өткен жылға жоспарланған 507,6 млрд теңгенің тек 422 млрд теңгесі ғана тиісті мақсатқа жұмсалған. Соның салдарынан бағдарламада көрсетілген жоспарлы 40 көрсеткіштің тек 25-сі ғана орындалыпты.

– Мұндай жағдай бұрынғы мемлекеттік бағдарламаларда да болған еді. Міне, қазіргі бағдарламада да осы жағдаймен бетпе-бет келіп отырмыз. Егер қаржылық жағы толық бекітілмесе, біз оны не үшін қабылдаймыз? – деп кейістік білдірді сенатор Мұратбай Жолдасбаев.

Рас, бағдарламадағы қаржыландыру талаптары орындалмаса, оны жарты жолдан тастап кете берсе, әу бас­та не үшін қабылданған? Бағдарламада көз­делген мақсатты индикаторларды орын­дауды мақсат етпейтініміз қалай? Жауа­бы жоқ сұрақтар. Өкінішке қарай, Қа­зақстанда ауыл шаруашылығы өнеркәсібі ке­шенін дамыту іс жүзінде осылай жүріп жатыр. Егер елімізде жеке қосалқы шаруашылықтар болмаса, шеттен тасылатын ауыл шаруашылық өнімдерінің көлемі қазіргіден де көп болар еді.

 

Қосалқы шаруашылықтар қағажу көріп отыр

Иә, еліміздегі қосалқы шаруашылықтар мемлекеттен бір тиын қаржылай қолдау көрмесе де, ешқандай мемлекеттік суб­си­дияларға қол жеткізбесе де, ауыл ша­руа­­шылық өнімдерінің басым бөлігін өндіреді. Мәселен, былтыр республика бойынша тұтынылған сиыр мен қой еті­нің 57 пайызы жеке аулалардан алынды, сүттің 73,5 пайызын солар берді. Кар­топ пен қызанақтың және басқа да көк­­өніс түрлерінің 60-70 пайызын бұ­рын­ғыша жеке аулалар өсіреді. Жалпы, бізде мал да, ет пен сүт те, көкөніс те же­ке қосалқы шаруашылықтардың үле­сін­­де. Ірі шаруа қожалықтары мен үл­кен аргоқұрылымдардың үлес салма­ғы қосал­қы шаруашылықтармен салыс­ты­­руға да келмейді. Бірақ субсидия да, мем­лекеттік қолдау да, несие де бізде ең бі­рінші осы ірі құрылымдарға тиеді. Өйт­кені олардың қолында кепілдікке қояр мүлкі бар, қомақты капиталы, қым­бат техникалары бар. «Күлшелі бала сүй­мекке жақсы» дегендей, банктер де зәуде ауылшаруашылық құрылымдарын қар­жы­ландыра қалса, ең бірінші осындай ірі құрылымдармен «істес» болғанды дұрыс көреді.

Олай болса, шағын құрылымдардың бұл әлеуетін ескеретін кез келген сияқты. Қосалқы шаруашылықтарға, шағын агро­құрылымдарға қолдау көрсетудің жаңа жүйесін іске қоспасақ, ертең елдің азық-түлік қауіпсіздігіне қауіп төнуі мүмкін. Қа­зақстан Фермерлер одағының төрағасы Жигули Дайрабаевтың да шырылдап жүрген себебі сол.

– Елімізде 212 шаруа қожалығы бар, соның 10-12 пайызы ғана Үкіметтің көме­гіне қол жеткізе алады. Қазіргі алмағайып уақытта «ҚазАгро» холдингі сияқты құры­лымдар өз ережелерін жеңілдетіп, не­сиенің әрбір шаруаға қолжетімді болуын­ ойластырғаны жөн және оны ең арзан ба­ғамен ұзақ мерзімге беруі тиіс. Өйткені сол шағын қожалықтар ертең елді азық-түлікпен қамтамасыз етеді. Бізге соны түсініп, жүйені өзгертетін уақыт жетті емес пе? – дейді ол.

Иә, қаржылық қолдау құрылымдары кепілдік несие саясатын, жалпы ауыл шаруашылығын қаржыландыру саясатын түбегейлі өзгертпесе, саладағы түйткілді мәселелер шешімін таппайды.

Әртүрлі ақпарлардың ішінде ағыл-тегіл болып көрінетін шетелдік инвестицияның агросектордағы көлемі бізде бар-жоғы 1 пайыз ғана. Отандық аграршыларды банк­тер де шетқақпай қылады. Сеңбесеңіз қараңыз, бізде банк­тер несиесінің тек 1 пайызы тамақ өнеркәсібі саласына бұйырады. Ал ауыл шаруашылығына банк бөлген барлық несиенің 0,1 пайы­зы ғана тиеді екен. Бұл енді ауыл шаруашылығы банктер тарапынан мүлдем қаржыландырылмайды деген сөз.

 

Техника паркінің 80 пайызы тозған

Өкінішке қарай, ел экономикасының драйвері болуы тиіс дейтін ауыл шаруашы­лығы тозығы жеткен ескі арбаны елес­тетеді. Қай жағынан келіп қараса­ңыз да,­ әй­­теуір әбден ақжем болған проб­лема­ның­ үстінен шығасыз. Ауыл шаруа­шы­­лы­ғын­дағы техника паркінің бұдан 20 жыл бұрын да 80 пайызы ескі еді. Қазір де солай.

Жалпы, әлемде техникалық прогресс дегеніңіз жедел қарқынмен даму үстінде. Бұрын бес жыл болса, қазір әрбір үш жыл сайын инженерлік-техникалық шешімдер бойынша жасалған жаңа техникалар қолданысқа енгізіліп жатыр. Бұл саланың қарыштап дамығаны сондай, аз шығын шығарып, керісінше алқаптан мол өнім алуға бейім техникалар да көптеп жасалды. Бірақ соның бәрі елімізді айналып өтіп жатқандай. Мүлдем жоқ деуге болмас, жалпы шаруа қожалықтары осыдан 20 жыл, тіпті 30 жыл бұрынғы техникаларын жамап-жасқап жұмыстарына пайдаланып жүр.

– Бізде ауыл шаруашылығындағы ең­бек өнімділігінің төмен болуының бір се­бебі – осы. Ескі техникалар­мен­ біз қан­дай жоғары өнім аламыз? Оның үстіне тыңайтқыш дегенді мүл­дем қолданбаймыз. Кондициясына жет­кі­зілмеген тұқымдар пай­даланамыз. Соның­ салдарынан өнім көлемі де төмен. Мысалы, «Родина», «Зен­ченко» сияқты ірі шаруашылықтар жақсы тех­никалар қолданады, тыңайтқышты қа­­жетті мөлшерде пайдаланады, сапалы тұқым себеді. Нәтижесінде ауа райы­на қарамастан, жылда мол өнімді тұрақ­ты түрде алады. Біз елдің азық-түлік қауіп­сіз­дігін қамтамасыз етуді мақсат етсек, со­­ған сәйкес бағдарлама да жасалып, оның қаржылық шаралары толық қамтамасыз етілуі тиіс, – дейді Сенат депутаты Мұрат­бай Жолдасбаев.

 

«Алқаптан сөреге дейін» жетсе екен

Төтенше жағдай режімін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның қорытынды отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Үкіметке «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, бірнеше өңірдегі ауылда «алқаптан сөреге дейін» кооперациялық тізбегін дамыту бойынша ілкімді жобаны іске қосуды тапсырғаны белгілі. Бұл өте өзекті мәселе. Өйткені биылғы көктемде Түркістан өңірінің шаруа қожалықтары ерте пісетін қырыққабатын дер кезінде сауда сөрелеріне жеткізе ал­май қиналғаны елдің есінде. Бұл жағ­дай бізде ауылшаруашылық өнімін өнді­ру­шілер мен өндеуші кәсіпорындар және са­тушы сауда желілері арасында бір жүйе­ге келтірілген байланыс жоқ екенін және басқа да көп жайдың бетін ашып берген болатын.

Мамандардың пайымдауынша, бірін­­шіден, бізде ауыл шаруашылығы өнім­дерін нарыққа жеткізудің дұрыс логистикасы ұйымдастырылмаған. Екіншіден, ел өңір­лері арасында тиісті байланыс орна­тыл­маған, солтүстік облыстардың тұр­ғын­дары мен мекемелерін оңтүстіктің өнім­дерімен қамтамасыз ету жолдары жоқ.

Бір «қызығы» біз өз ішімізде осылай өңірлерімізбен байланыса алмай, біріміздің өнімімізді бірімізге жеткізуге шамамыз жетпей жатқанда, көрші Өзбекстанның ерте піскен өнімдері Қазақстан аумағы арқылы Ресейге тоқтаусыз тасылып жатыр. Тіпті ортадағы делдалдар өзбекстандық өнімдерді Түркістан облысының өнімдері ретінде Ресейге реэкспорт жасағанын басқа емес, Парламент сенатының депутаты Әли Бектаев баса айтып, Үкіметке депутаттық сауал жолдаған еді. «...Тек соң­ғы үш айдың көлемінде темір жол арқылы Өзбекстаннан келген 24 мың тон­наға жуық түрлі көкөніс өнімдері Ресейге реэкспорт жасалынған. Бұл өз кезегінде, негізінен майда және жеке қожалықтардан құралатын жергілікті тауар өндірушілердің бәсекелестігін төмендетіп, өнімдерінің өтпей қалуына әсерін тигізіп жатыр» деген еді ол депутаттық сауалында.

Үкімет, әрине шаруа қожалықтарына қолдау қаржы бөліп, өнімдерін сөреге жеткізу жолдарын ұйымдастырған болды. Бірақ осы өзбекстандық өнімдерге қатысты қандай шара қабылданды? Шека­радан өнімдерді өткізу барысы бақылауға алынды ма? Бұл сұрақтар басы ашық күйінде қалды.

Жалпы, бұл мәселе су бетіне қалқып шыққан екен, енді назардан тыс қал­мауы керек. Бұл фактілер біздегі делдал­дар­дың нарық заңын өз қолдарына алып, ойлағанын жасап отырғанын көр­сетеді. Тамырын тереңге жіберіп алған дел­далдарға тосқауыл қоймаса, биыл түр­кістандық диқандар киген кепті өзге өңірдегілер де тартуы мүмкін. Сондықтан «алқаптан сөреге дейін» жобасын жай ғана ел ішіндегі кооперациялық тізбек деп емес, ұлттық мүдде, ұлттық өнім өндірушілерді қолдау, қорғау жобасы деп ұққан дұрыс. Бұл жобаға барлық мүдделі құрылымдар осындай көзқарас танытса, бұдан ұлттық экономика ұтары анық.

 

Меңдолла ШАМҰРАТОВ,

журналист