Туризм • 13 Тамыз, 2020

Қашқын таудың қойнауындағы қазына

1038 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Үзіліп түскен моншақтай көгілдір көлдер мен қолдың саласындай ақ қайыңдар, мәңгі жасыл қарағайлар көмкерген «Көкшетау» ұлттық паркінің аумағында 22 туристік маршрут жұмыс істейді. Бұл соқпақтарда жеңіл көлікпен, атпен, жаяу өтуге болады. Су маршруттары да бар. Көгілдір нұрға малынған өлкеде саф ауамен тыныстап, қазыналы өңірдің ілкідегі сырына үңілген адам көп нәрсеге қанығар еді.

Қашқын таудың қойнауындағы қазына

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Туған жер» бағдарламасын ұсынып, жас ұрпақтың бойына сүйіспеншілік, патриоттық сезімді қалыптастыру керектігін атап өткен болатын. Мақаланың басты бөлігі туған жердің ұлттық құндылықтарын қадірлеуге арналған. Иә, туған жерге деген сүйіспеншілік туған тарихыңды тереңнен білуден басталады. Ақмола өңірінде әр төбесі, әр белесімен жас ұрпақтың бойына туған жерін сүю сезімін қалыптастыратын құнарлы өлкенің бірі әрі бірегейі – «Көкшетау» ұлттық табиғи паркі.

–Туристік маршруттардың жалпы ұзындығы 639,3 шақырымды құрайды,–дейді «Көкшетау» ұлттық паркінің басшысы Ербол Сағдиев,–міне, осы жолдың бойындағы әр белес пен әр жотаның астында туған елдің тарихы бұғып жатыр. Жай ғана сыртқы сұлу бейне, қайталанбас ажарлы көркемдік қана емес, санамен салмақтаған адамға айрықша әсер ететін аңыз ертегілер де жетерлік.

Шынында да, жалпы аумағы 1,3 гектар жерді құрайтын Қашқын шоқысына көз салыңызшы. Осы шоқы арқылы туған жердің тарихын кейінгі ұрпақтың санасына сіңіруге арналған маршрут өтеді. Мәні мол, мазмұны терең мақсатты көздеген. Тылсым табиғаттың жеңіл шымылдығын желпіп ашып, шоқының үстіне шықтыңыз екен делік. Ат шаптырым аймақ құтты алақаныңызға салғандай жанарыңыздың алдында жарқ ете түседі. Бір ауыз сөзді шоқы атауына байланысты сабақтай кетелік. Есте жоқ ескі кезең. Құба қалмақ қырдағы елді қамаған. Бейбіт ауылдар қол жиып үлгермесе керек. Қапыда басыпты. Сол кезде ат жалын жаңа тартып мінген жас батыр амал жоқ атаусыз шоқының ит тұмсығы өтпейтін қалың орманына сүңгіп кеткен. Жай жатпапты, торғайдай тозып бара жатқан, сай-саланы паналап босып кеткен жалпақ жұртқа хабар салыпты. Туған жерін жау табанында таптатпауға бекінген, кеуделерінде намыс оты жанған азаматтар аты жоқ шоқының бауырында бас қосса керек. Қол жиып, серттесіп, дандайсыған құба қалмақты қақырата жусатып, түре қуған. Кіл қашқын бас сауғалаған аты жоқ шоқы кейін Қашқын шоқысы атанып кетіпті. Міне, мынау жүз жылдық қарағайлар, діңіне құшақ жетпейтін қарт қайың есіл ерлердің ел қорғаған ерлігін  кейінгі ұрпақтың құлағына құйып, сыбдырлап сыр шертіп тұрған тәрізді. Елдік пен ерлікке баулайтындай, туған жерді сүйе білуге шақыратындай.

Көз салып қарасаңыз, табиғаттың шеберлігіне тәнті болар едіңіз. Міне, жалпы аумағы 3,9 гектар жерді құрайтын Қазан шоқысы. Қозыкөш жерге таяп келіп, сәл жітірек көз салсаңыз, сайын даладағы жел мен жаңбырдың әсерінен пайда болған жақпар тастардың бүрілген алақан іспетті біртұтам ауқымы кәдімгі қазан бейнесіне қатты ұқсайды. Жартастардың өзі өзгеше пішінді. Қылқалам шебері кенептің бетіне майлы бояумен өргендей анық, ажарлы сипатқа ие болыпты. Дәл осы жерден қапысыз шеберліктің қарымын тануға әбден болады. Дала қазанының төрт құбыласы тегіс қылқанды орман. Ит мұрын, таңқурай, таң шығымен мөлдіреген қарақат көздің жауын алады.

 

Ақмола облысы