Сұхбат • 14 Тамыз, 2020

Жанна Қуанышева: «Кино майталмандарының мектебі менің университетіме айналды»

1452 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

Қалыпты тіршілікте өз кейіпкерлеріне ұқсай бермейтін, бірақ кәсіби түйсігі мен тәжірибесін тағдыр-талайы әртүрлі бейне­лерді сомдауға арнаған актриса Жанна Қуанышеваның кино әлеміне келуінің өзі өзгеше. Ұлттық кино элитасының үлкен мек­тебінен өтіп, отыздан астам фильмдегі жарқын бейнелер арқылы көрерменіне танылды. Дара жолын ұлттық киномен бай­ланыстырған кейіпкеріміз саланың дәуірлеген кезінде де, тоқырап құлдилаған тұсында да өз кәсібіне адалдық таныта отырып, өнер жолында қанат жая бастаған жас толқынға білгенін үйретумен келеді. Бүгінде «Құрмет», «Парасат» орден­дерінің иегері, «Қазақфильм» киностудиясы сарапшылар кеңе­сінің, Кинематографистер одағының мүшесі Жанна Қуанышеваның есімі еліміздің үздік актри­саларының қатарында аталады. Осы орайда кәсіби актер болудың қыр-сырымен бөліскен әйгілі әртіспен әңгімемізді оқырманға ұсынып отырмыз.

Жанна Қуанышева: «Кино майталмандарының мектебі менің университетіме айналды»

– Жанна Шорақызы, сонау жетпісінші жылдардың орта шенінде түсірілген «Гауһартас» фильмін қалың көрермен әлі күнге сағынышпен еске алып көреді. Ұлттық киномыздың нағыз дәуірлеген тұсында жа­рық­қа шыққан кинотуынды сіздің өмірлік жолдамаңыз­ға айналды. Фильм сол тұста одақ көлемінен шығып, шетел­дерде жоғары бағаланды. Қала тәрбиесінде өскен бойжет­кен­нің ауыл қызы Салтанат бей­несімен бетпе-бет келген сә­тінде қандай әсерде бол­дыңыз?

– Ұлттық киномыздың алтын қорына енген «Гауһартас» филь­мі расында да менің кино әлеміне бастаған жолдамам іспетті. Осы картинадан кейін киноға үздіксіз түсе бастадым. 1975 жылы жа­рық­қа шыққан «Гауһартас» фильмінің Бүкілодақтық тұсау кесері 1977 жылдың маусым айын­да Мәскеу қаласында өтке­ні белгілі. Режиссер Шәріп Бей­сенбаевтың «Гауһартас» карти­насы ұлттық киностудияның «Қыз Жібек» фильмінен кейінгі ірі жобаларының бірі ретінде кө­рерменнің көзайымына айналды, шартарапқа танылды. 1976 жылы осы картинадағы рөлім үшін Бішкекте өткен Бүкіл­одақ­тық фестивальда «Үздік әйел рөлі» сыйлығының иегері атануым күтпеген оқиға болды. Кино дегеннің не екенін жете түсіне қоймаған қалалық қыз үшін мұндай деңгейдегі рөлді алып шығу, кейіпкердің образымен үйлесу көп еңбекті қажет еткені сөзсіз. Экстремалды спорт түрімен айналысып, төрт түлікті тек хайуа­наттар пар­кі­нен көріп жүрген мен үшін бей­та­ныс кейіпкердің әлеміне ену­дің қандай қиын болғанын өзіңіз болжай беріңіз. Салта­нат екеуміз екі бөлекпіз. Ол кезде «Қазақфильмге» қадам ба­су дегеннің өзі қандай еді?.. Ал­ғаш фильмге түскен кезде кино өнерінің құдіреті, бұл кә­сіп­тің киесі дегенді мүлде түсін­беген екенмін. Өз ісіме деген жауапкершілігім болғанымен де, ішкі әлемім киноға дайын емес еді. Дегенмен де Бішкектегі Бүкілодақтық фестивальдың лау­реаты болуым кино өнеріндегі жа­уапкершілігімді шыңдай түсті.

– «Ажарың ашық екен ат­қан таңдай, нұрлы екен екі көзің жаққан шамдай...» деген өлең жолдары есіңізде бо­лар. «Гауһартас» расымен де кинодағы бағыңызды аш­қан дүние болды. Кәукен Кен­же­таев, Әмина Өмірзақова, Әнуар Боранбаев, Нұрмұхан Жан­төрин, Әнуар Молдабеков сынды қазақ кино өнерінің майталмандары сізді қанатының астына ала жүріп, киноның даңғыл жолына жетелеп келгендей әсер қалдырады.

– Жүрегі жұмсақ, жүзі жайдары, жанары ашық Салтанат түр-сипаты жағынан ұқсастығынан таңдау маған түскен болуы керек. Көрерменнің көзайымына айналған жарқын образ мені де бірте-бірте баурап ал­ды. Ре­жис­сердің, қала берді түсіру то­бының қолдауының арқасында кейіпкеріммен бетпе-бет келдім. Ішкі әлемін тануға тырыстым. Кә­сіби кеңестері өз алдына Кәу­кен аға – әкем­­­дей, Әмина апа анам­ның да, әжемнің де ор­­­нын ал­мастырды. Өмір­­лік тәжі­ри­бе­сі мол жан ретінде өз-өзімді қор­ғауға үй­рет­ті. Кино алаңы тек мықты мінезді та­лап ететіндіктен, бос­бел­беулікке жол беруге бол­­майтынын ескерт­ті. Әнуар аға қоңыр мі­незімен баурап ал­ды. Олар менің кино әлемінің қиындығын тура қабылдап, то­сыр­қамай, өз образымды алып шығуыма күш-жігерлерін салды. Қа­лай үйретсе, мен де со­лай қимылдадым. Ұлт­тық кино­мыздың аңызына айналған тұл­ғалар мені барынша аялап, жолы күрделі асуда қолтығымнан де­­меп, арқамнан қағып тәрбие берді. Осы кезең­де қазақтың ки­но майтал­ман­­­да­ры­ның мекте­бі ме­нің уни­­вер­­сите­ті­­ме айналды. Адал­дық пен шыншыл­дық­­тың тамырын терең таныдым. Төзім­ді­лікке үй­рендім. Өн­діріске бір­те-бірте бейімделіп, бойымдағы бар ынта-жігерді осы фильмге қосу­ға әрекет еттім. Бұл мен өткен кә­­сіби мектептің биік шыңы іспетті.

– Дегенмен, бұл фильмге де­йін де түсірілім алаңынан аз да болса тәжірибе жинадыңыз емес пе. Алғаш «Жаңбыр» филь­міне кәсіби спортшы ре­тінде келдіңіз. Актриса болу­дың алғашқы қадамы да осы кезде басталды ғой.

– Менің киноға келуім мүл­де күтпеген жайт. Анам ал­ғаш­­қыда шығыс тілінің мама­ны болғанымды қалады. Ал өзім тәрбиеші, мұғалім-жат­тық­тырушы болсам деп едім. Мектеп бітіргеннен кейін Ленин­град мемлекеттік университеті­нің шы­ғыстану факультетіне оқуға түстім. Кейіннен киноға оқуым ке­дергі болмасын деген мақсатта бүгінде Әл-Фараби атымен аталатын Қазақ ұлттық университетіне ауысуыма тура келді. Оқуымды сәтті аяқтап шықтым. Мектеп қабырғасында жүргенде ата-ана­мыз мені және екі бауырым мен сіңлімді уақытымызды тиімді пайдалануға, денеміздің шынығып өсуіне барынша мән берді. Осылайша мен алты жасымнан конькимен сырғанап үй­рендім. Спорт мектебінде тә­лім алып, суға секіруге машық­тандым. Киноға қадам басқан 1972 жылы мектебімізге бас ке­йіпкерді алмас­тыратын дублер іздеу мақсатын­да кино түсіру тобы келе қал­ды. Жасым да, кә­сіби дәрежем де сце­нарий талаптарына сай кел­гендіктен, «Жаңбыр» фильміне түсетін бол­­дым. Ол кезде біздің сыныпта жүзуді білетін қазақ қызы мен ғана болатынмын. Осылай­ша менің кинодағы дебютім бас­та­лып кетті. Түсіру алаңына кел­генде кино өндірісінің ішкі әлемінен ақпарат алғаным болмаса, бұл ортаны жылы қабылдай алмадым. Бір апта бойы жасанды жаңбыр астында әрі-бері жүгіріп, суға жүзіп, жаттығуыма қайта оралдым.

– Өміріңізді басқа арнаға бұрған әрі киноны кәсібіңіз ретінде тани бастаған кезі­ңіз 1975 жылы Болат Ман­сұровтың «Махаббат туралы өсиет» фильміне түсу сә­ті­мен тығыз байланысты бол­ды. Бұл кезде өмірлік жа­ры­ңыз, махаббатыңызды кездес­тірдіңіз. Қазақ киносында жа­сындай жарқ етіп сөнген Жам­был Құдайбергеновпен тағдыр қостыңыз. Кинода табысқан жарасымды жұп жайында бү­гінде сағынышпен айтылатын естеліктер көп.

– «Жаңбыр» фильміне түс­кен­нен кейін арада үш жылдай үзіліс болды. Киностудияда суретім сақталып қалса керек, бірде анама телефон шалып, мені кино сынағына шақыртты. Алғашқы күні режиссермен әңгімелестім, өлең оқыдым. Ал келесі күні келгенде әскери ұшқыштың киі­­мін киген ересектеу актерді бай­қадым, бірақ аса мән бермеген екенмін. Өзіме берілген мәтінді жатқа айтып беріп, режиссердің мақұлдауынан өттім. Сонымен менің үлкен кинодағы қадамым басталып кетті. Ал түсіру ала­ңындағы әріптесім, әскери ұш­қыш киіміндегі Жамбыл Құдай­бергенов болып шықты. Ол кезде Жамбыл Мәскеуден ВГИК-ті бітіріп келген әрі бірқатар фильм­ге түсіп үлгерген кәсіби актер. Осы сәт екеуміздің де өмірімізге күрт өзгеріс әкелді. «Махаббат туралы өсиет» филь­мі махаббат әлеміне баурап әкет­кендей болды. Түсірілім аяқ­талғаннан кейін мен «Гауһартас» фильміне бекітіліп, Қапал-Ара­санға шығармашылық топпен бірге екі айға іссапарға кет­тім. Бірақ арақашықтық бізді жақындастыруға асықтырды. Сағынышқа толы осы кезде Жам­былдың маған деген сезімі де өзгеше болды. Ғашықтар бір-біріне гүл сыйлап, сезімдерін біл­діріп жататын болса, Жамбыл сә­лем­деме ретінде көкөніс толы сөмке беріп жіберетін. Осы­лай­ша мен өзіме мейірімін төккен азаматқа он сегіз жасымда тұр­мысқа шықтым. Біз бақытты от­басы болдық. Жамбылдың ен­шісінде бұл кезде жиырмадан астам картина бар. Көбіне мінезді образдарды сомдайтын оның алдағы мақсаты тари­хи рөлдерді ойнау болатын. Қыр­ғыз режиссері Толомуш Океевтен Шыңғысханның рөліне шақырту алған кезі. Сол кезеңде барын салып, тыңғылықты да­йындалғаны өз кәсібіне деген жауапкершілігі деп білемін. Бі­рақ тағдырдың жазуы басқаша болды... Жамбыл менің әр филь­міме, рөліме қатысты ойларын айтып отырды. Кинода тұлға болып қалыптасу үшін мықты мектеп қана емес, жаныңда сені түсінетін, қолдайтын жанның болуы маңызды. Актерлік кәсіп­тің кермек дәмін тата жүріп, Жамбылдың жанында жүрегімнің түбіне ұялаған қуанышқа толы жылдарды басымнан өткердім. Бәлкім, өмірден ерте өтіп кетерін сезген болар, мені барынша қам­қорлығына бөлеуге тырысты.

– Жаныңыздың жалауы бол­ған жанды сағынышпен еске ала отырып, өмірлік кезеңдерде өкінген кездеріңіз болды ма? Ал жақын жандарыңыз ак­терлікті таңдап жатса, қалай қабылдар едіңіз?

– Өмірге деген өкпем де, өкі­нішім де жоқ. Жанымда Жам­былымның жалғасы ұлым Ер­жан бар, екі немерем өсіп ке­леді. Ержаным – суретші, өз ісі­нің кәсіпқойы. Немерелерім болашақта актер болам деп жатса, үзілді-кесілді қарсы боламын. Өйткені олардың жүгі ауыр салаға өмірлерін сарп еткенін қаламаймын. Аман-есен азамат болып өскенін көргім келеді.

– Актерлік жолыңызда ше­телдік кино компаниялармен бірлескен бірқатар жобада жұмыс істедіңіз. Киноның тілі ортақ дегенімізбен, оны қабылдайтын ортаның, кейіп­кер мен актердің ішкі дүние­танымының үйлесім табуын­дағы өзгешеліктердің болуы заңдылық. Отандық актер­лердің шетелдік әріптестерінен озық түсіп, кем қалатын тұс­тары бар ма?

– 1988 жылы Жапония мен КСРО киностудиясының бір­лескен «Қадам» фильмінде, ал 1994 жылы Өзбекстан мен Ресей түсірген «Үнсіздік кодексі-2», 2010 жылы түрік әріптестер­мен бірлесе түсірген «Астана – ма­хаббатым менің» сериалына түстім. Кино актерлер үшін тілі де, түсінігі де ортақ өзгеше, жеке бір әлем. «Гауһартастан» кейін түскен кинолардың қа­та­рында атақты Нұрмұхан Жан­төринмен «Тоғызыншы ұл­дан сақтан», «Сыңғырық аптап мерзімі», «Ұзақ құс жолы» фильм­деріне түстім. Нұрмұхан ағадай қазақ кино өнерінің саң­лағымен бір өндіріс алаңында еңбек ету шығармашылығымды тағы да бір сатыға көтеріп тас­тады. Жантөриндей тұлғадан алған тәлімім шығармашылық өміріме азық болып келеді. Ал кезінде Әнуар Молдабековтің салмақты да, байсалды мінезінен тектілікті таныдым. Бүгінде мәс­кеулік әріптестермен шығар­машылық барысында өзім өткен кәсіби мектептің әдістерін кино өндірісінде пайдаланып жүр­генін байқаймын. Осы орайда жастық шағымда көп нәрсеге мән бермегендігіме, сондай-ақ қазақ киносының кәсіби мектебінен дәріс алған қазақ актерлерінің шеберханасы мықты болғандығына көз жеткізе түсемін. Ал шетел актерлерінің бізден асып кеткен жері жоқ. «Астана – махаббатым менің» сериалынан кейін түрік әріптестеріміздің қазақ актерлерінен көп нәрсе үйрендік деуінің өзі біздің кино­ның дәрежесін көрсетеді. Шетел актерлерінің басты ерекшелігі – белгілі бір жүйемен жұмыс іс­­тейтіндігінде. Қимыл мен қоз­­ғалысқа мән береді. Кәсіби ер­­кіндік басым. Олардан өз-өзіңді бағалау, тәуелсіз болуды үйренуге болады. Ал ұлттық киноның бас­ты ерекшелігі оның өн бойында әр кейіпкердің, әр актердің кәсіби ғана емес, өмір суреті жатады. Станиславский мектебінен өткен біздің киноның ұтымды тұсы осы.

– Дағдарысты кезеңмен бай­ланысты 90-жылдары «То­ғыс­қан тағдырлар», «Са­ран­ча» сериалдарына түстіңіз. Бү­гінде бірқатар тәжірибелі ак­терлердің кәсіби деңгейіме нұқсан келеді деген себеппен сериалдарға түсуден бас тартып жататындығын естіп қаламыз. Сериалдарға жиі түс­кен актриса ретінде мұндай пі­кірге көз­қарасыңыз қалай?

– Уақыт актерден үздіксіз тәжірибені, ізденісті талап етеді. Өз әріптестеріңнің, шетелдік актерлердің кәсіби қадамына зер салып отыру да маңызды. Осы орайда Франция, Америка, Еуропа, т.б. елдердің сериалдарын жиі қарап отырамын. Танымал, әлемдік деңгейдегі режиссерлер, сценаристер мен актерлер сериалдар алаңында жұмыс істеп жатқанын көремін. Бүгінде кө­рермендердің сериалдарға қы­зығушылығын байқауға болады. Актер шығармашылығын сериалдар арқылы да шыңдай алады. Өз басым бес жылға жуық бес жүздей сериясы көрерменге жол тартып, көпшіліктің жүре­гінен орын алған «Тоғысқан тағ­­дырлар» сериалынан көп тә­­жі­­рибе жинадым. Осы жылдар­да кино шеберханасының өкіл­дерімен біте қайнаса жүріп, бір отбасының мүшелеріндей бо­лып кеттік. Қуанышымызды да, шаттығымызды да бірге өткер­дік. Жинаған тәжірибем ұзақ жыл­дарға арқау болады деп нық айта аламын. Бұл алаңға қа­зақ, орыс, корей театрларынан танымал актерлер жиналды. Бүгінде олардың көпшілігі Ресейдің, ше­телдердің кинола­рына түсіп жүр. «Тоғысқан тағдырда» кә­сіби интеллектуалды элитаның өкілі Сағи Әшімовпен бірге жұ­мыс істеудің сәті түсті. Сағи қарапайым, жайдары жан болатын. Оның болмыс-бітімі де өзгеше еді. Жарқыраған жұл­дызының ерте сөніп қалғанына өкінгеннен басқа амалымыз жоқ. Бойындағы барын ұлттық киномызға бере алмай кеткен жар­қын тұлға жайында бір-екі сөйлеммен айтып жеткізу әри­не, жеткіліксіз. Бір отбасындай болып кеткен актерлердің се­риал­дардағы тағдыр-талайы бүгінде үлкен киномыздың бір бөлшегіне айналғаны анық.

– Сіз елу жылға жуық «Қа­зақфильм» қабырғасында ең­­бек етіп келесіз. Бірқатар жыл­ «Киноактер» шығар­ма­шылық бірлестігін басқар­ды­ңыз. Кинодағы рөлдеріңіз­бен қатар кино өндірісіне актерлер таңдау, олардың кәсіби шыңдалу үрдісіне үздіксіз атсалысып келесіз. Кино әлемінің жас өкілдеріне өзіңіз өткен мек­тептің пайдасы тиген болар...

– «Қазақфильмде» сонау 70-жыл­дардың аяғынан бергі ара­­лықта елу жылға жуық ең­­бек етіппін. Актерлік бөлімге же­тек­шілік еткен жылдарда кино өн­ді­рісіне актерлер таңдау, олармен кәсіби жұмыс істеу жағы­­­на көп көңіл бөлінді. Осы жыл­дарда кинода енді қалыптасып ке­ле жатқан талантты жас тол­қын­ның өмірге, уақыт үдесіне ­бе­­­йім­­­­­ділігі, жылдамдығы, ойы­ның озық­тығымен ерекше­ле­­не­тін­­­дігін аңғардым. Жас ак­тер­­лер­­­мен жұмыс барысында қа­зақ ки­но­сының қара шаңы­рағында ке­­шегі өзім өткен үлкен мектептің үл­гісін көрсетіп, кәсіби білімімді ба­­рынша беруге тырысып келемін.

– Заманауи көрерменнің сұ­ранысы қандай? Бүгінгі күннің фильм­дерінен не көресіз, нені көр­гіңіз келеді?

– Кезіндегі кеңестік, отандық кино өндірісінің шоқтығы биік дер едім. Өмірдің үлкен мек­тебінен өткен кәсіпқойлар құрған қазақ кино өндірісі кезінде қан­шама жауһар туындыларды өмір­ге әкелді. Әр фильмнің көркемдік жағына қатты көңіл бөлінетін. Оған дәлел ретінде бүгінде әлем­дік деңгейге көтерілген фильм­дерімізді атай аламыз. Ол ке­зең­де кинолар жылдап түсірілген болса, қазіргі фильмдерге бар-жоғы бір-бір жарым ай уақыт кетеді. Бүгінде жеңіл сюжетке негізделген жобалар мен комедиялар көбейіп кетті. Мазмұнды, қоғам үдесінен шығатын жоба­ларға еш қарсылығым жоқ. Де­генмен де бүгінгі көрерменге ко­медия емес, өмірлік маңызы бар әлеуметтік фильмдер керек. Кино тарихты, бүтін бір ел­дің өткені мен бүгінін таспаға тү­сіретін өндіріс дейтін болса, қыс­қа мерзімде жарыққа шыққан фильмдер құнын жоғалтып, өз биігіне жете алмайтынына көз жеткізіп келеміз. Әрине өз кә­сібіне берілген, білімді жастар өсіп келеді, бірақ олардың нағыз кинода жұмыс істеуге уақыты жоқ. Бәлкім, уақыттың талабы да осылай шығар. Карантинге байланысты қазіргі кезде кинотеатр­лар жұмыс істемейді. Бүгінгі кө­рерменнің көздегені – ғаламтор. Кинематография кон­тентінің де телевидение форматына көшу үрдісіне таңдана алмаймыз. Де­генмен ұлттық фильм өндірісін дамытуға бар ғұмырын арнаған тұлғаларымыздың еңбегі еш кетпейтініне әрі олар салған қазақ киносының сара жолы жарқын екендігіне сенгім келеді.

 – Әңгімеңізге рахмет.

1

 

Әңгімелескен

Эльвира СЕРІКҚЫЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»