Экономика • 14 Тамыз, 2020

Астық тасымалдауға дайын

293 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Отандық теміржолшылар биыл 4,7 млн тоннадан астам астық тасымалдады. Оның 1,3 млн тоннасы еліміздің ішінде тасымалданды. Бұл 2019 жылғы деңгейден 2%-ға жоғары, экспортқа – 3,4 млн тонна жөнелтілді. Қаңтар-шілде айлары кезеңінде «ҚТЖ» ҰК» АҚ 1,5 млн-нан астам ұн және ұнтақ өнімдері тиелімін қамтамасыз етті.

Астық тасымалдауға дайын

Биылғы астықты тасымалдауды ұйымдастыру мәселелері «ҚТЖ» ҰК» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары Қанат Әлмағамбетовтың төрағалығымен өткен онлайн-кеңес барысында талқыланды. Кеңеске мемлекеттік органдар, «Азық түлік корпорациясы» ҰК» АҚ, «Астық транс» АҚ өкілдері, астық трейдерлері қатысты. Кездесу биылғы астықты тасымалдауға дайындық бойынша кешенді жоспар шеңберінде өткізілді.

Өткен жылға қарағанда экспортқа астық тиеу 1,3 млн тоннаға, соның ішінде Еуропалық бағытқа, Орталық Азия елдеріне, Иран мен Қытайға кеміген. Оның себебі – 2019 жылғы егіннің төмен болуы, коронавирус пандемиясы салдарынан экспортқа шектеу енгізілуі және өзгелері. Бұл ретте ұнтақ өнімдерінің тиелімі Өзбекстанды қоспағанда, барлық бағыт бойынша орташа 43% өсіміне ие.

Қ.Әлмағамбетов тиімділік үшін тасымал процесіне қатысушылардың үйлесімді іс-әрекеті қажет екенін атап көрсетті. Оның мәліметіне қарағанда, «ҚТЖ» ҰК» АҚ паркі биылғы астықты тасымалдауға дайын. Қазақстандық жабық вагондар паркі 13 мың данадан астам деп саналса, соның шамамен 8 мыңы «Қазтеміртранс» АҚ иелігінде. Астық тасымалдаушылар паркі 9 мың данадан астам болса, соның 6,5 мыңы «Астық Транс» АҚ басқаруында. Жүкжөнелтушілердің кірме жолдарында жылжымалы құрамды нормадан асыра ұстауды қысқартып, паркті тиімді пайдалану арқылы күзгі вагондар жетіспеушілігі тәуекелін болдырмауға болады.

Тиелімнің біркелкі болмауы жылжымалы құрамның жетіспеушілігін қолдан жасайды. Ай сайын 5-не дейінгі тәуліктік тиелім 60 астық тасымалдаушыға дейінгіні құрайды. Айдың екінші онкүндігінде тапсырыс беру саны бірден тәулігіне 1200 астық тасымалдаушыға дейін өсіп кетеді.

Мамандардың есептеуі бойынша, мәлімделген өнімді алып кету үшін вагондар айналымын қысқарту қажет. Егер астық тасымалдаушы айналымын бір тәулікке қысқартса, жылжымалы құрам үнемі 550 астық тасымалдаушыға жетеді. Жүріс жылдамдығын арттыру үшін ҚТЖ Өзбекстанға және Орталық Азия елдеріне маршруттық пойыздарды (астықтық және ұндық шаттлдарды) құруға дайын.

Сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімдерін тасымалдауды жүзеге асыратын жүкжөнелтушілерді қолдауға бағытталған әртүрлі іс-шаралар кешені іске асырылуда. 2020 жылға Қазақстаннан Өзбекстан аумағы бойынша астық және ұн тасымалдауға қолданыстағы ТМД тарифтік саясаты ставкасымен жеңілдік белгіленді. 2020 жылдың 1 наурызынан Өзбекстан аумағы арқылы транзитпен Ауғанстанға олардың кімге тиесілі екеніне қарамастан, бидай мен ұнды вагондармен тасымалдау кезінде жеңілдіктер қарастырылған.

Астық тасымалын ұйымдастыруға байланысты мәселелерді жедел шешу үшін дәстүр бойынша 1 қазаннан «ҚТЖ» ҰК» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасарының басқаруымен компанияның орталық аппаратында астық тасымалын ұйымдастыру жөніндегі штаб жұмысына кіріседі. Ақмола, Қостанай, Маңғыстау жол бөлімшелері жанынан жедел астық топтарының тәуліктік жұмысы ұйымдастырылады.

Кеңесті аяқтай келе, Қ.Әлмағамбетов «ҚТЖ» ҰК» АҚ өз тарапынан жүкжөнел­тушілердің тапсырысын толық көлемде қамтамасыз етуге бағытталған барлық шараларды қабылдайтынын атап өтті.