Жалпы, ел экономикасы мұндай дағдарысты 2009 жылдан бері көрмеген. Ресми мәліметтер бойынша сәуір және маусым айларындағы көрсеткіш тарихта болмаған құлдырауды тіркеген. Жыл басындағы үш аймен салыстырғанда өсім 20,4 пайызға төмендеген. Коронавирустың таралуын тоқтату үшін үкімет қабылдаған шаралар қызмет көрсету, өндіріс және құрылыс салаларына қатты соққы берген. Қаржы министрі Риши Сунак бұл ресми деректер жағдайдың қиындығын растайтынын айтып, дабыл қақты.
«Жүз мыңдаған тұрғын жұмысынан айырылды. Ең өкініштісі, бұл жағдай алдағы айларда да жалғасуы мүмкін. Дегенмен біз бұл қиындықтан өтеміз. Ешбір азаматты қиын жағдайда қалдырмаймыз», деді министр өзінің мәлімдемесінде.
Ұлттық статистика басқармасы (ONS) өндірістің құлдырауы дүкендердің, қонақүйлердің, мейрамханалардың, мектептер мен көлік жөндеу шеберханаларының жабылуына байланысты болды деп отыр. Экономиканың бестен төртіне тиесілі қызмет көрсету секторы тарихтағы ең үлкен тоқсандық құлдырауды бастан өткерген.
Әлем елдерінің бірқатары экономикалық қиындықтарға тап болғаны түсінікті. Алайда барлығы Ұлыбритания секілді ауыр рецессияға ұшырамаған. Мәселен, салыстырмалы түрде Канаданың экономикасы екінші тоқсанда 12 пайызға, ал Жапонияда 7,6 пайызға төмендеді деген болжам бар.
Сарапшылар Ұлыбританиядағы қазіргі экономикалық жағдайды карантин шараларының енгізілуімен тікелей байланыстырып қарастыруда.
Пандемиядан жапа шеккен ең алғашқы ел Қытай болғанымен, оның экономикасы қайта өсімді көрсете бастаған. Осылайша әлемдегі екінші ірі экономика иесі соңғы онжылдықта болған ең қиын рецессиядан аман шыққан.
Жалпы, Ұлыбританияның коронавируспен күрес шаралары тұрғындар мен сарапшылар тарапынан көп сынға ұшырады. Ел билігі вирус жұқтырғандар санының артқанына қарамастан, қатаң шараларды Италиядан екі аптадан кейін, Испаниядан он күннен кейін, ал Франциядан бір аптадан кейін енгізді. Ал бұл кезде вирусты бақылауға алу қиындап кетті, сол себепті бизнесті ұзақ уақытқа жабуға тура келді.
Италияда мейрамханалар, кафелер мен шаштараздарға мамыр айының ортасында қайта ашуға рұқсат берілді, ал Ұлыбританияда олар тек шілдеде ашылды. Германия болса кітап, велосипед, автокөлік дүкендеріне сәуірдің соңында жұмысын жалғастыруға мүмкіндік берсе, Ұлыбританияда бөлшек сауда орындары тек екі айдан кейін жұмыс істеді. Осылайша жекелеген бизнестің ұзақ уақыт жабық болуы ел экономикасына едәуір соққы болған. Себебі елдегі қызмет көрсету саласы мен үй шаруашылығы шығындары экономиканың басым бөлігін құрайды. Ал үйде отырған тұрғындар шығындалмай, ақша үнемдеген. Оған қоса, 730 мыңнан астам жұмыс орны жабылған.
Қаржы министрі үкімет тұрғындарға бұрынғы жұмыс орнына орала алатынын айтып көлгірсімейді, оның орнына басқа салаларда жаңа жұмыс орындарын ашуға тырысады, дейді.
Ал бизнес өкілдері болса үкіметтен көмек күтіп отыр. Соңғы мәліметтер өсім жағына қарай өзгерістер байқалатынын көрсеткенімен, Англия банкі экономика пандемия алдындағы көрсеткішіне келесі жылдың соңына дейін жетпеуі мүмкін деп болжады. Ал Еуропаның өзге елдерімен салыстырғанда Ұлыбританияның ең төмен нәтиже көрсетуінің себебін экономиканың қызмет көрсету саласымен тікелей байланысты болуымен түсіндірді. Бұдан шығатын қорытынды – пандемия қызмет көрсету саласына тәуелді елдердің экономикасына ең ауыр соққы болғаны. Енді сарапшылар алдағы екінші толқынның қаупі мен Brexit бойынша келіссөздердің баяулап қалуына алаңдаушылық танытып отыр.