Руханият • 14 Тамыз, 2020

Сол күндерді сағынамын...

401 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Шәмші – дос... Шәмші – сырлас... Шәмші – бауыр... Қазақ ән өне­рі үшін аяулы осы бір ныспыны еске алғанда, әрине ойға көп дү­ниенің оралатыны рас. Өйткені бізді шыға­рмашылықтан бөлек, адами ізгі қарым-қатынас, достық пейіл, ниет­тестік де табыстырғаны хақ. Шәм­­ші­мен алғаш рет 1957 жылдың қараша айында Қазақстан композиторлар одағының кезекті байқауының талқылау сәтінде жүздесіп, сол жерде таныстық. Сол таныстық кейін екеу­міздің шығармашылық өмірімізге үлкен бір даңғыл жол ашып берді. 1957 жылдың аяғынан бастап эфирге бірге шықтық. Содан бері өле-өлгенше жұбымыз жазылған жоқ. Тіпті бір үйде тұрдық. Отбасын құрғанымда Шәмші «Бәрінен де сен сұлу» деген әнін үйлену тойымызға шашу ретінде әкеліп, дастарқан үстінде тұсауын кескенбіз. Сондықтан да Шәмші әндерінің көпшілігінің туу тарихы күні кешегідей көз алдымда.

Сол күндерді сағынамын...

Жалпы, біздің өнерімізді де, адами қарым-қатынасымызды да нықтап бекіте түскен бірнеше ән бар. Соның бірі – Шәмшінің әйгілі «Ақмаңдайлым» әні. Бұл ән жарыққа шыға салысымен-ақ көпшіліктің жүрегінен ә дегеннен орын алып үлгерді. Елдің аузынан түспей шырқалатын әндерінің көшін бастады. Ұлы қаламгер, сөз зергері Мұхтар Әуезовтің өзі таңданыс, та­ңыр­қаныс лебізін арнаған бұл туын­ды шынымен-ақ көп көңілін дір еткізген ән әлеміндегі ерекше оқиға болды. Міне, осы туынды жарыққа шыққаннан кейін сезімге елітіп, сұлу әнге бейжай қарай алмай, екеуміздің достығымыздың куәсі ретінде Шәм­шіге арнап «Қайда екен сол бір Ақ­маңдай?» деген әнімді жаздым.

Қараңғы түнді жамылып,

Елегізіп жігіт жүр жалғыз.

Аңсаған көңіл жабығып,

Алаң ғып қойды-ау сол бір қыз.

Жұлдыз ба екен, ай ма екен,

Қол жетпес асыл армандай.

Қайда екен, шіркін, қайда екен,

Үміті болған Ақмаңдай?

деп басталатын осы бір ән шын мәнінде достығымыздың тамаша айғағы болды десем, артық айтқандығым емес. Бұл әнге қатты қызыққан белгілі әнші Жамал Омарова: «Тамаша! Дос­тық­тарың баянды болсын. Осы әнді ең бірінші мен шырқайын!» деп қолқалап жүріп сұрап алып, алғаш болып өзі орындады. Бұған Шәмші ерекше мәз болып, ішкі сезімі тамылжып, айрықша риза болды.

Біздің шығармашылық қарым-қатынасымыз әлбетте мұнымен шектелген жоқ. Кейін араға бірнеше жыл салып мен шаңырақ көтердім. Бұл 1961 жылдың 12 сәуірі еді. Дәл осы күні Юрий Гагарин ға­рышты бағындырған күллі адамзат үшін айрықша оқиға болатын. Жа­һан­дық атаулы оқиғамен қатар біз де ша­ғын шаңырағымыздың шаттықты күнін тойладық. Сөз басында айтып өткенімдей, қуанышқа Шәмші құр алақан келмеген екен. Үйлену тойымызға арнап «Бәрінен де сен сұлу» әнін ала келіпті. Дастарқан үстінде өзі мандолинамен сүйемелдеп отырып, Майра Жүрсінова деген әнші қызға орындатты. Сүйген жарға арнаған «Меңді қыз» деген әнімді сол күні Сәжида Ахметова тамылжыта шырқады. Міне, жарастықты дос­тықтың белгісіндей болған осы бір ғажайып оқиға күні бүгінге дейін біздің өміріміздің ең бір жарқын естелігіне, жұртты сүйсіндіретін аңызға айналып кетті.

Шәмші туралы таңды таңға жалғап айта беруге болады. Өйткені қатар жүріп өнер тудырған замандас, сыйлас, сырлас жандар ретінде естелік әсте таусылмақ емес. Оның барлығы менің көңіл күнделігімде һәм жүрегімде сақталған. Дәл қазір соның барлығын жинақтап, «Шәмшінің жүрегі» деген кітап жазу үстіндемін. Асықпай, баппен байыптап жазсам деймін. Оның біразы баспасөз бетінде жарияланды да. Алда толық нұсқасын кітап ретінде топтастырып, өнерсүйер оқырман назарына ұсынсам деймін. Бұл – Шәмші екеуміздің достығымызға қойылған өлмейтін ескерткіш болар еді деп те ойлап қоямын. Алла ғұмыр берсе, сол кітапты аяқтап, көзіқарақты оқырман назарына ұсынуға еңбектеніп жатырмын.

Шынымен де, қазір өткен күндер естеліктеріне бойлап қарасам, Шәм­шімен көп өміріміз байланыс­ты өтіпті. Бізді шығармашылық пен достық қана емес, әріптестік те байланыс жақын таныстырып, табыстырған екен. Қазақ радиосының музыка бөлімінің бас редакторы және көркемдік кеңесінің төрағасы болып тұрған кезімде Шәм­шінің талай әнін ешбір кедергісіз үлкен құрметпен қабылдап алып, әуе толқыны арқылы көпшілікке танылуына ниеттес, тілектес болғанымыз рас. Тіпті соңғы жазған «Отырардағы той» деп аталатын белгілі әнін де Қазақ радиосы қорына өзім қабылдаппын. Өткен күнде белгі бар демекші, мұның барлығы санадан өшпей, көңіл түк­пірінде күні кешегідей сайрап тұр. Сол күндерді сағынамын...

 

Ілия ЖАҚАНОВ,

Қазақстан мен Қырғызстанның еңбек сіңірген қайраткері, композитор, өнер зерттеушісі

 

Атырау