Аймақтар • 14 Тамыз, 2020

Алаяқ тұрғындардың 170 млн теңгесін қалтасына басқан

278 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Сайрам АПБ-ның полицейлері тұрғындарды асыл тұқымды жылқы-сиырлар әкеліп беремін деп алдаған алаяқты ұстады. Бұл туралы Polisia.kz хабарлайды, деп жазады Egemen.kz

Алаяқ тұрғындардың 170 млн теңгесін қалтасына басқан

Күдікті сеніміне кіріп, алдау жолымен жәбірленушілерден 150 миллион теңгеден астам ірі көлемде ақша жымқырған.

Тамыз айының басында АПБ-на бес жергілікті тұрғын арызданып келеді. Жәбір көрушінің бірі 2019 жылдың ақпан айы мен 2020 жылдың шілде айлары аралығында сырттай танысы Қостанайдан асыл тұқымды сиырлар әкеліп беремін деген сылтаумен 77 миллион теңгесін алаяқтықпен алдап алғандығы туралы шағымданған.

Ал келесі жәбірленуші болса, күдікті адам Солтүстік Қазақстаннан жылқылар алып келіп беремін деп, 2,4 миллион теңгесін жымқырып, уәдесін орындамай кеткендігін хабарлады. Үшінші жәбірленушіден 10 миллион алса, енді бірінен 200 бас жылқы үшін 77 миллион, соңғысынан сегіз миллионға жуық ақша алған.

Осылайша күдікті жәбірленушілерге берген уәдесін орындамай, не ақшасын қайтармай уақыт созып жүріп алған. Аталған жайттар Сайрам аудандық полициясымен тіркеліп, яғни ҚР ҚК–нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша енгізілді. Сайрамдық полицейлер күдікті ұстау мақсатында жәбірленушілерден жауап алып, жедел-іздестіру шараларына кірісті.

Нәтижесінде, күдікті ретінде жергілікті тұрғын, жігітті ұстады. Тергеп-тексеру барысында қолға түскен күдіктінің алаяқтықтың бес жайтына қатыстылығы және жәбірленушілерге 170 миллион теңгеден астам шығын келтіргендігі айқындалды.

Күдікті алған ақшаларды қажеттілігіне жаратып жіберген. Өз кінәсін толық мойындап отыр. Қазіргі таңда полицейлер күдіктінің осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатыстылығын анықтауда. Қамауға алынды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.