Коронавирус • 14 Тамыз, 2020

Алматыда соңғы 15 күнде індет жұқтыру 7 есеге азайды

147 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық басқарма басшысы Камалжан Надыров бүгінгі онлайн-брифингте қаладағы эпидемиялық жағдайдың тұрақтанғаны туралы мәлімдеді. Алайда, күзде қайта өршуі мүмкін COVID-19 вирусының жаңа толқынына дайын болу үшін ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Эпидемияға қарсы тұру үшін барлық деңгейде жүйелі түрде жұмыстар күшейтілген.

Алматыда соңғы 15 күнде індет жұқтыру 7 есеге азайды

Алматының бас дәрігері қаладағы эпидемиялық жағдайды баяндай отырып: «Пандемия басталғалы бері Алматы қаласында 13 742 COVID-19 жағдайы тіркелді. Соңғы 15 күнде ауру деңгейі 7 есе төмендеді. Егер шілде айының соңында тәулігіне 271 жағдай тіркелген болса, бүгінгі күні 40 жағдай анықталды.

Коронавирустан қайтыс болған адамдар саны 195. Барлығы 9 306 адам сауығып шықты, бұл дегеніміз жұқтырған жағдайдың 68%-ын құрайды.

Жалпы төсек-орын  сыйымдылығы 5781 орындықұрайды. Бүгінгі таңда стационарлардың жүктемесі 19%-дан аспайды. Қазіргі уақытта тәулігіне 60-тан астам науқас ауруханаға жатқызылады, салыстырмалы түрде бір ай бұрын ғана стационарларға 417 науқас келіп түсіп отырған.

Біз резервтік төсек-орын сыйымдылығын арттыруды жалғастырамыз. Жаңа модульдік аурухананың құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Бұл 300 төсек-орынға арналған екінші модульдік инфекциялық аурухана, оның ішінде 30-реанимациялық бөлім болады. Сонымен қатар, аурухананы медициналық жабдықтармен және қажетті кадрлармен қамтамасыз ету мәселесі қарастырылуда. Бұл стационар бірінші эшелонның толыққанды клиникасы ретінде жұмыс істейтін болады.

Жедел жәрдем жұмысында сұраныстың азайғаны байқалады. Өтініштер мен шақыртулар саны соңғы айда 2200-ден 1400-ге дейін 1-3 санат бойынша және 280-ден 170-ке дейін 4 жеделдік санаты бойынша азайды.                   Вирус өршіген шақта біз мүлдем басқа көрсеткіштерді байқаған едік. Жедел жәрдем тәулігіне 8 000-ға дейін өтініш қабылдаса, әрбір екінші қоңыраудан соң бригада науқастың үйіне барды.

Шілде айының басында барлық өтініштердің 50%-ы коронавирусқа күдікті науқастар болды. Бүгінде шақырулар қатарында ЖРВИ, пневмония және коронавирусқа байланысты өтініштер санының азайғаны байқауға болады. Бұл барлық қоңыраулар санының 10%-нан аспайды.

Жедел медициналық жәрдем қызметінде 3000-нан астам адам жұмыс істейді, бұл 180 бригада болып саналады. Оның ішінде 365 дәрігер, 1388 фельдшер бар. Осы тұрғыда жедел жәрдем қызметі күзгі және қысқы кезеңге дайын екенін атап өткен жөн. Вирус өршіген шақта қызмет көрсету тәулігіне 500-ге дейін пациентті қабылдауы мүмкін деген болжам бар. Қосымша 55 жедел жәрдем көлігі келіп түседі деп күтілуде.