Қоғам • 15 Тамыз, 2020

Алматы әкімі АМСК қызметінің індеттің жаңа толқынына дайындығын тексерді

244 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев №17-ші қалалық емханада болып, алғашқы медициналық-санитарлық көмектің КВИ індетінің жаңа толқыны жағдайына қалай бейімделетінін тексерді. Бұл туралы Egemen.kz қала әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Алматы әкімі АМСК қызметінің індеттің жаңа толқынына дайындығын тексерді

№17-ші емханада таза және кір аумақтар арнайы бөлінген, фильтрлер мен бақылау постылары орнатылған. Науқастар ағыны дараланған, яғни емделуге жатқызылатын немесе тексеруден өтетін ЖРВИ белгілері бар сырқаттар, балалар, жүкті әйелдер өзара араласпайды. Бұрынғыдай дәлізде бірге тұрмайды. Олар үшін жеке процедуралық және зертханалық кабинеттер, кіреті, шығатын орындар ұйымдастырылған. Мақсат – вирустың аурухана ішінде таралуына және қызметкерлердің вирусты жұқтыруына жол бермеу.

№17-ші емханаға Бостандық ауданының 82 мың тұрғыны тіркелген. Олардың 28 мыңға жуығы созылмалы аурулары болғандықтан диспансерлік есепте тұрғандар, бұлардың арасында қан қысымына, қант диабетіне, жүректің ишемиялық ауруына шалдыққан науқастар бар.

Алматы әкімі Б. Сағынтаев «қауіпті топтағыларға» жете назар аударуды тапсырды, өйткені олар КВИ жұқтыратын болса, жағдайлары нашарлап, сырқаттың асқынуы мүмкін.

Қаланың барлық емханалары басшыларына ПИК-термен қоса қажетті ақпарат жазылған нұсқаулықтарды тарату тапсырылды, мұнда ЖРВИ белгілері пайда болған кезде кімдерге жүгіну керектігі көрсетілген.

Бүгінгі күні құрамында емханалардың 40 маманы бар 16 мобильді топ амбулаториялық ем алып жатқан науқастардың жағдайларын бақылауда. Қазіргі кезде КВИ-ден сауығып шыққан 8 адам, сырқаты жеңіл біреу және 18 симптомсыз науқас есепте тұр.

Жалпы, қалада АМСК 74 ұйымы жұмыс жасайды, олардың 39-ы мемлекеттік, бұларға шамамен 1,7 млн адам тіркелген. Ал 35 жеке ұйымдарға тіркелгені 340 мың адамға жуық. Індет шарықтағакн кезде, 15 маусымнан 15 шілде аралығында 2450 вирус жұқтырушы үйде, дәрігерлердің бақылауында ем алды. Қазір бұлардың саны 825 науқас. Құрамында 925 дәрігер бар 300 мобильді топтар құрылды. Індеттің жаңа толқынына дайындық барысында бұл ресурстар екі есеге артатын болады. Міндет – КВИ бойынша эпидемиологиялық ахуал өршитін болса, шынайы науқастар мен вирус жұқтырушылардыдың басым бөлігін заманауи медициналық көмекпен кеңінен қамту. Алматының барлық денсаулық жүйесі осыған бағытталған.