Шынасылдың шыққан биігін ой талқысына салып таразыламас бұрын оның қызмет ететін саласына тоқталайық. Яғни, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік дегеніміз не? Бұл – мемлекеттік және жекеменшік сектордағы инфрақұрылымдық қызметтер мен қоғамдық қызметтер көрсету жобаларын іске асыру мақсатындағы ынтымақтастық. Бір сөзбен айтқанда, қоғам игілігі үшін атқарылатын жұмыстардағы бірлескен, екіжақты тиімді қадамдар деуге де болады.
Одан қорқатын дәнеңе де жоқ. Жылдар бойы қалыптасқан әлемдік тәжірибеге зер салсақ, соның өзі жетіп жатыр. Себебі мемлекеттік-жекеменшік әріптестік ұғымы біздің мемлекеттің бастамасы емес. Бұрыннан бар. Бұл ұғым әуелі АҚШ-та пайда болып, білім мен ғылымға қатысты бағдарламаларды қаржыландыруға бағытталған еді. Келе-келе аталған әріптестіктің ауқымы кеңейіп, қоғамдық пайдалану нысандарын қаржылай қолдау, жалпы, қаланы жаңғырту мәселелерінде мемлекет пен жеке сектор арасындағы ынтымақтастық нығая түсті.
Бүгінде Қазақстандағы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобаларының негізгі мақсаты елдің инфрақұрылымын дамытуды, жеке капиталды тартуды және тұрғындарға көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруды көздейді. Осылайша екіжақты әріптестік негізінде еліміздің білім беру, денсаулық сақтау, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, энергетика және көлік салаларында белгілі бір дәрежеде даму байқалады. Ең бастысы, бұл әріптестіктің жемісін қарапайым халық көреді деген сөз.
Ендеше, Шынасыл Жеңісұлының қазіргі қызметі ел игілігін арттыруға, халықтың жағдайын жақсартуға бағытталған деп те айтуға болады. Алаштың ардақтысы Әлихан Бөкейхан «Ұлтқа қызмет білімнен емес, мінезден» дейді ғой. Оның қалыптасуы үшін де қажырлы қайрат, тереңге тамыр тартқан тәжірибе қажет. Шынасылдың бойында осы қасиеттердің барлығы бар. Алматы қаласында дүниеге келген болашақ маманның студенттік шағы сонау Дубай қаласында өтті. Wollongong университетінде қаржы мамандығы бойынша білім алды. Мұнымен шектелмеген білікті жас өз Отанына қайтып келіп, М.Нәрікбаев атындағы ҚазГЗУ университетінде МВА бағдарламасын игерді. Оқуын ойдағыдай аяқтаған соң алғашқы еңбек жолын «Қазақстандық мемлекеттік-жекеменшік әріптестік орталығы» АҚ-та бастады.
– Менің қызмет өрісімнің негізін экономиканың білім беру, денсаулық сақтау, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жаңғырмалы энергия көздері, табиғат ресурстарын пайдалану және қорғау, спорт, транспорт және басқа да салалардағы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобаларын іске асыру және мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамыту стратегиясын талдауды қамтитын зерттеу және консалтинг құрады. Сонымен қатар жұмыс барысында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік саласындағы мамандар үшін түрлі семинарлар мен вебинарлар өткізу, отандық, шетелдік серіктестермен жұмыс істеу де менің қызмет бабыма кірді, – дейді Ш.Ерназар.
Жасы отызға да толмаған жас маман «Қазақстандық мемлекеттік-жекеменшік әріптестік орталығында» ғана емес, «Қазпошта» АҚ-та жұмыс істеп үлгеріпті. Онда Ш.Жеңісұлының міндетіне компанияның даму стратегиясын әзірлеу және жүзеге асыру, инвестициялық жобаларды бағалау, жылдық және қаржылық есептеме дайындау, сондай-ақ жекешелендіру және корпоративті басқаруға байланысты мәселелерді шешу кірді.
Бүгінгі таңда кейіпкеріміз жоғарыда аталған «Қазақстандық мемлекеттік-жекеменшік әріптестік орталығы» АҚ фронт-кеңсесінің бірінші вице-президенті лауазымын абыроймен атқарып отыр. Осы орталықта жүріп, еңбекқорлығы мен білімділігінің, тәжірибесінің арқасында қызметтік баспалдақтың барлық сатысын басып өтті деуге болады. Ендігі күні аталған орталықтағы фронт-кеңсенің жұмысына, сондай-ақ жергілікті мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобаларына консультативтік қолдау, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік мәселелері бойынша зерттеу жүргізу, кеңес беру және бизнес секторы мен мемлекеттік органдармен қарым-қатынас орнату жұмыстарына жетекшілік етіп келеді. Талабы таудай жас маманның еңбегі ескерусіз қалған жоқ. Ел экономикасына қосқан елеулі үлесі үшін 2016 жылы Ұлттық экономика министрінің мақтау грамотасын алды.
Қажыр-қайратына сенген азамат былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған Президенттік жастар кадрлық резервіне енуді ойлайды.
– Бұл жоба туралы алғаш рет жаңалықтардан естідім. Онда ел Президенті жоғары саяси лауазымдарға тағайындау үшін талантты жастардың арасында іріктеу жүргізілетінін айтты. Бұл жобадан мен кәсіби өсу мен әлеуетімді жүзеге асыру мүмкіндігін көрдім. Сайыс тәртібі айтарлықтай күрделі және ашық болды. Әр кезеңнің қорытындысы бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланды. Сайыстың рәсімдері қатысушылардың түрлі құзыретін анықтауға бағытталды. Мәселен, мәтін және сандармен жұмыс істеу, жобаны әзірлеп, ұсына білу, адамдармен жұмыс істеу, көшбасшылық қасиеті және тағы басқа, – дейді Президенттік жастар кадр резервіне қабылданған азамат.
Оның айтуынша, бұл жобаның басты маңыздылығы оның меритократия қағидаларын толық аша алуында. Яғни, жоғары лауазым мен мүмкіндіктерге жақсы дайындығы бар, лайықты мамандар ие болады. Әр адамға өз-өзін көрсетіп, өзінің әлеуетін іске асыруға мүмкіндік береді. Кейін бұл бастаманың көптеген талантты жастарды мемлекеттік қызметке тартуға сенімді серпін болатынына сенеді.
– Өз басым қатаң іріктеу тәртібінен өтіп, маңызды тәжірибе жинақтай алдым. Алдымда көп мүмкіндік барын сезіндім. Жоба барысында мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің мүмкіндіктерін көрсеттім. Тиісінше, қазіргі лауазымым менің осы бағытта жұмысымды жалғастыруға мүмкіндік береді. Осы жоба арқылы лауазымым да жоғарылады. Алдағы мақсатым – тартылған инвестициялардың көлемін ұлғайтып, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік саласында жұмысымды одан әрі жалғастыру, – дейді Ш.Ерназар.
Қай мемлекеттің болсын даму даңғылын даралайтын фактор сыртқы және ішкі саясаттан бұрын, алдымен қарқынды экономикаға, кәсіпкерлік пен инвестицияға тәуелді. Бұл қағиданы бір кездері социализмнің шекпенінен шыққан Қазақ елі де ұстанады. Ұстанбасқа өзге амал да жоқ. Нарықтық экономикада «нан табудың» өз ережесі бар. Сондықтан нарықтың нарқын білетін, өз ісінің «жілігін шағып, майын іше алатын» білімді жастарға үнемі жоғары сұраныс болады. Ендеше, Мемлекет басшысының тапсырмасы негізінде қолға алынған Президенттік жастар кадрлық резерві Шынасылды да шыңға шығарады. Шынасылдай азаматтармен бірге елдің экономикасы да, әлеуеті де артады деген сенімдеміз.