Бағдарламалар • 17 Тамыз, 2020

Шаруасын дөңгелеткен Альмира

162 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Әншейінде бейнеті мол мал шаруашылығы нәзік жандылар үшін тым-тым ауыр болып көрінетіні бар. Бірақ қолға алса еңсерілмейтін іс жоқ екен. Көпбалалы ана Альмира «Бастау бизнес» бағдарламасының шарапатымен қорасын малға толтырып отыр.

Шаруасын дөңгелеткен Альмира

Адал еңбегімен өз төлінің есебінен көбейткен малы бір басына жетіп-ақ жатыр. Қазір сүті бұлақтай үш сиыры, елуден астам қойы, жүзге жуық қазы бар. Осының барлығы шиеттей балаларының несібесі. Олар да аналарының бар жан-тәнін салып, отбасының ырыздығын молайтуға ұмтылып жүргенін көрген соң ойын баласы екендіктерін ұмытып, ортақ істі алға сүйреуге көмектеседі. Бес перзенті де мал жайғап, қора тазалап, көмекші болуға жарап қалды. Ана болса кішкентайларының еңбекпен пісіп, жұмыс істеуге жандарын салатынын көрген сайын сүйсінеді. Атам қазақта, «жас өспей ме, жарлы байымай ма» дейтұғын үміт отын тұтататын қастерлі сөз бар. Үй шаруасына оңқай асықтай ыңғайлы болып өсіп келе жатқан бауыр еті балалары ертең-ақ қатарға қосылып кететініне сенеді.

Бір жағынан балаларының ұйым­шылдығына разы болса, екінші жағынан мемлекет тарапынан көрсетілген көмек те көпбалалы ананы қос қолтығынан періштедей жебеп, қиындық атаулыны еңсеруге септігін тигізуде. Өткен жылы «Бастау бизнес» бағдарламасы бойынша қысқа мерзімді курсты оқып бітіргеннен кейін грантқа ие болды. Ойға келмеген олжа еді. Қысқа жіп күрмеуге келмей тұрған шақта ойда жоқта орала кеткен несібе еді. Әуелі отыз қой сатып алды. Ірі қара мен жыл­қыдан гөрі ұсақ малды бағу оңайырақ көрінген.

Кейін оң-солын бағамдап отырса, күш-қуаты жетіп жатса, сиыр ұстаған да тиімді тәрізді. Бала-шаға ағарған ішсе, несі жаман? Осы оймен үш сиыр алды. Мал төлдеп, басы көбейе бастады. Бірте-бірте қара жұмысқа төселе бастаған шаруақор ана енді реті келіп жатса көбірек несие алып, сауын сиыр­дың басын көбейтпек. Өйткені көрші-қолаңнан ыдысын ұстап келіп, сүт сұраушылар көбейген. Ауылда да таза, майлы, дәмді сүт сұранысқа ие екен. Үйдегі ой жүзеге асып, сауын сиырын көбейте алса, шарапаты өзіне ғана емес, өзгеге де тимек. Ауылдастары үшін қосымша жұмыс орны ашылмай ма?

Ел ішінде мал ұстау үшін ең алдымен мал азығын уақтылы қамдап алу өте маңызды шаруа. Бәлкім, ең қиыны да осы. Бір тіркеме шөптің бағасы 25-30 мың теңгенің төңірегінде. Бір бас қара малға қысы ұзақ бұл өңірде кемінде екі тіркеме шөп қажет. Жалғыз шөп жұғым болмайды, жемдемесе төл де, сүт те болмауы әбден мүмкін. Осы мәселені оңынан шешсе, өзгесі жол-жөнекей жүгін тіктей бермек. Әйтеуір қол қусырып қарап отырғаннан жақсы. Бір өсіп алса төрт түлік бар шығынды төлімен-ақ ақтап шықпай ма? Ал сүт-қаймағы күнделікті қажетіне жарататын қаражат.

– «Бастау бизнес» бағдарламасының екінші бағыты бойынша оқуға елу адам жіберілді. Олардың 27-і сертифи­каттарын алды. Несие алу үшін «Қар­жылық қолдау» қорына 27 адам жі­беріп едік, бүгін соның 23-і 87 млн 400 мың теңге көлемінде несие рә­сімдеді, – дейді аудандық жұмыспен қам­ту орталығының маманы Рүстем Қойшығұлов.

Ауданда тамыз айынан қазан айына дейін 505 мың теңге көлемін­де қайтарымсыз мемлекеттік гранттар берілген екен. «Еңбек» бағдар­ла­ма­сының екінші бағыты бойынша аудандағы елді мекендердің 80 па­йызы қамтылған. Көңілге демеуі, алға ұмтылған ауыл тұрғындары мал ша­руашылығын дамыту үшін ша­ғын несиелер ала бастапты. Соның арқа­сында босағаларына үйірілетін бере­кені молайта түспек.

 

Ақмола облысы,

Жақсы ауданы