Таным • 17 Тамыз, 2020

Күлшеқыздың күймесі

1401 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Кітап дүкеніндегі балаларға арналған кітаптардың арасынан кездейсоқ «Күлше­қыз» ертегісін көріп қалдым. Бұл ертегіні білмейтін адам жоқ шығар. Біз де бала кезімізде осы ертегі желісімен түсірілген орыс­ша мультфильмдер мен киносын көр­генбіз, қазақша кітабы кейін шықса керек.

Күлшеқыздың күймесі

Қызық үшін қолымызға алып, көз жү­гірттік. Жақсы тәржімаланған, қағазы да сапалы, атақты ертегінің атауын да дәл тапқан сияқты. Орысшасы тұпнұсқа емес екені анық. Соны ойлап, одан әрі ғаламтордан теріп көрген едік, Күлшеқыздың тарихы біз ойлағаннан әлдеқайда тереңде болып шықты.

Біздің дәуірімізге дейінгі ғасырларда сонау көне Мысыр билеушілерінің заманында папирусқа жазылған шығармаларда қазіргі Күлшеқыздың прототипі бар екен. Одан бергі бірнеше мыңдаған жылда не нәрсе жоғалып, жойылып кетпеді десеңізші. Уақыт мүжісе де, жойылмаған тек Пирамида ғана шығар. Пирамидалардың да тұрғызылу технологиясы ұмытылып, әлем ғалымдары сырын аша алмай бас қатырып жатыр. Яғни тек «Күлшеқыз» ертегісінің негізгі мазмұны ғана пирамидалармен бірге сақталғаны ғой.

Бірнеше жүздеген жыл бұрын француз Шарль Перро, неміс ғалымдары һәм ер­тек­шілері ағайынды Гриммдер, итальян Базиле, бәрі осы ертегіні зерттеп, түрлі нұс­қа­ларын қағазға түсіріп, өздері де жаны­нан қосып, мазмұнын жаңғыртқан екен. Бір­неше жүздеген жыл ішінде ондаған, бәлкім жүздеген нұсқасы пайда болды. Уақыт өте келе басқа шығармалар, кейіпкерлер ұмы­тылып қалып жатса, перғауындардың заманында папирусқа жазылған шығарма ке­рісінше одан сайын жер жаһанға таралып барады. Оның желісімен опералық шығарма­лар жазылып, әлемнің ең үлкен театр­ларын­да сахналанды, қысқа метражды, толық мет­ражды, анимациялық фильмдер, сериалдар түсірілді. Голливудтағы кинокомпаниялар үшін Күлшеқыз өтімді кейіпкерлердің біріне айналды.

Айтпақшы, аты аңызға айналған Дисней түсірген анимациялық туындылар қазақша дубляждалды. Қазір отандық арналардан көрсетіліп жүр.

Неге Күлшеқыз туралы ертектің ғұмыры соншалықты ұзақ? Жетім қыздың тағдыры әлемнің әр бұрышындағы халықтың бәрі­не қызық болуының сыры неде? Біздіңше, өмір­­дің өзіндей шынайы, қарапайым әрі тар­тымдылығында. Ең бастысы, сюжетіндегі идеясының қай дәуірде де өзекті болуы. Бұл идея – адамдардың бәріне берілетін ұлы мүмкіндік туралы. Осы мүмкіндікті пайдаланатындар да, пайдалана алмайтындар да, тіпті ондай мүмкіндік берілгенін байқамайтындар да болады.

Атақты ғалым Сейіт Қасқабасов айтқан­дай, өмірдегі шынайы нәрсенің өзін әдейі өзгертіп көрсету – ертегінің өзіндік қасиеті. Ертекші де оның мазмұнын барынша әсі­релеуге, ғажайып етуге күш салады. Ер­тегі адамның рухани азы­ғы болумен қатар, идео­логиялық та қызмет атқарған.

 Естеріңізде болса, анасыз өскен жетім қыз ертегіге тән кереметтің құдіретімен әсем көйлек киіп, алтын күймеге мініп, пат­­ша сарайындағы балға барады. Түн жарым­да күймесі асқабаққа, қосарлап жеккен жүй­­ріктері егеуқұйрыққа айналған ке­йіп­­кер үйіне қайта оралады. Осылай үш мәр­те қайталанады. Ақыр соңында ханза­да­­ның назарына ілінген Күлшеқыз барша мұ­ратына жетіп, бақытты болады. Ертегі солай аяқталады.

Ойлап қарасаңыз, адамның өмірінің әр кезеңінің өзіндік бір сипаты, миссиясы бар сияқты. Жастық шақта жастыққа тән қызық­тардан құр қалмауға тырысамыз. Сонымен қатар Шәкәрім айтқандай «Талаптанып білім мен өнер үйрену» парыз, себебі «Өнерсіз, білімсіз болады ақыл тұл» . Одан кейін алған білімді тәжірибемен байыта отырып, еңбек ететін кезең туады. Осы үдеден көрінген адамға бақыт пен байлықтың өзі-ақ бас ұрары хақ. Ал үдеден көріне алмасаңыз, оның да салқыны болмай қоймайтыны тағы рас.

Адам ғана емес, тұтас халықтарға да, мемлекеттерге де ұлы мүмкіндіктер беріледі. Сол кезде гүлденген ел әлемдік өркениетке де үлес қосып үлгереді. Рабиндранат Тагор айтқандай, «әр ұлт өзінің ең асыл қасиетін адамзатқа ортақ қазынаға айналдыра алмаса, ол ұлттың қасіретті қылмысы саналады». Яғни уақытында пайдаға жарата алмасаңыз, мүмкіндіктердің өзі күндердің бір күнінде «асқабаққа айналады».

Біздің Қазақстанымыз тәуелсіздік жылдарында осындай ұлы мүмкіндіктердің ала­ңы болды. Уақыт та, материалдық немесе басқа да игіліктер мол. Алайда соны кәдеге жаратып жүрміз бе? Ертегінің бәрі жақсы аяқталып, кейіпкерлері бай болып, барша мұратына жетеді. Ал өмірде мұратымызға жете аламыз ба?..