Экономика • 17 Тамыз, 2020

4 700-ге жуық кәсіпкерге 1 қазанға дейін қарызды өтеу мерзімін ұзартуға рұқсат берілді

224 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Халықты және бизнесті қолдау шараларын орындау туралы PrimeMinister.kz-ке берген сұхбатында ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің басқарма төрағасының орынбасары Нұрлан Әбдірахманов айтып берді.

4 700-ге жуық кәсіпкерге 1 қазанға дейін қарызды өтеу мерзімін ұзартуға рұқсат берілді

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі осы жылдың наурыз айында енгізілген төтенше жағдайға, сондай-ақ карантин режиміне байланысты кәсіпкерлер мен халықты қолдау аясында несие төлемдерін уақытша тоқтата тұру бойынша шаралар қабылдады.

Биылғы 26 наурызда Агенттік тұрғындар мен кәсіпкерлердің несиелері бойынша төлемдерді 90 күнге — 16 наурыздан 15 маусымға дейін кейінге қалдыру тәртібін қабылдады. Осы кезеңде банктік қарыздары бар 1 млн 890 мың азамат (барлық қарыз алушылардың 33%-ы) жалпы сомасы 268 млрд теңгеге төлемдерді кейінге қалдырды. Сондай-ақ 12 мың кәсіпкерлік субъектісі жалпы сомасы 168 млрд теңгеге несие төлемдерін кейінге қалдырды (барлық қарыз алушылардың 42%-ы). Бұдан әрі биылғы 15 маусымда кейінге қалдырудан басқа, банктердің қайта қаржыландыру жөніндегі ішкі бағдарламалары шеңберінде немесе қазіргі уақытта әрекет етіп тұрған үш мемлекеттік бағдарлама аясында зардап шеккен кәсіпкерлерді қайта қаржыландыруды қарастыратын жаңа тәртіп қабылданды. Осы жылғы 3 тамызда Агенттік карантинді ұзартуға байланысты кәсіпкерлерді қолдаудың қосымша шараларын қабылдады.

Атап айтқанда, ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің биылғы 5 шілдедегі өкімі аясында қызметі уақытша тоқтатылған кәсіпкерлер үшін төлемдерді кейінге қалдыру өтінімін қарау мен мақұлдаудың неғұрлым жеңілдетілген тәртібі енгізілді. 10 тамыздағы жағдай бойынша банктер 6 236 жуық өтінішті мақұлдады, оның ішінде 1 542-сі қайта қаржыландырылды және 4 694-ке жуық кәсіпкердің төлемдері 1 қазанға дейін кейінге қалдырылды.

Сонымен қатар Нұрлан Әбдірахманов төлемдерді уақытша тоқтата тұру немесе төлемдерді кейінге қалдыру қаржылық жағдайды нашарлатудың немесе кредиттік шарт талаптарының елеулі өзгеруінің көрсеткіштері емес екенін атап өтті. Бұл жағдайда төлемдерді кейінге қалдыру төлемдерді неғұрлым кеш мерзімге ауыстыруды және қарыз алушының банкпен төлемдердің жаңа кестесіне қол қоюын көздейді. Осыған байланысты төлемдерді кейінге қалдыру — төлемдерді тоқтата тұру — қарыз алушының несие тарихын нашарлатпайды.      

Қазіргі уақытта Агенттік Ұлттық банкпен бірлесіп, зардап шеккен салалардың кәсіпкерлерін айналым қаражатын толықтыруға жеңілдікті несиелендіру бағдарламасын іске асырып жатыр. Аталған бағдарлама Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылды. Бұл бағдарламаның жалпы көлемі шамамен 600 млрд теңгені құрайды. Оның аясында жылдық 8% мөлшерлемесі бойынша 1 жылға айналым капиталына қарыздар беріледі. Қазіргі уақытта жалпы сомасы шамамен 380 млрд теңге болатын 3 мыңға жуық қарыз берілді. Сондай-ақ «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Бұл аса инвестициялық бағдарлама. Оның бюджеті 600 млрд теңгеден 1 трлн теңгеге дейін ұлғайтылды.

Аталған бағдарлама аясында жылдық 6% мөлшерлеме бойынша несиелер беріледі. Сонымен қатар кәсіпкерлерге өте ыңғайлы «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы жұмыс істейді. Бұл оларға қарыз жүктемесін азайтуға мүмкіндік береді. Бұл, әсіресе, қарыз алу үшін банктерге кепілдік қамтамасыз етуді ұсынуда қиындықтарға тап болған кәсіпкерлер үшін аса пайдалы. Осы бағдарлама аясында несиелер соңғы қарыз алушы үшін 6% мөлшерлеме бойынша беріледі. Кепілдіктер қарыздың 85% дейін беріледі.