Сенат депутаттары Нұрлан Бекназаров пен Айгүл Қапбарова Шымкент қаласына барып, ситуациялық штабта болып, Денсаулық сақтау вице-министрінің қатысуымен өткен аймақтағы эпидемиологиялық ахуал мәселелері жөніндегі кеңеске қатысты.
Шымкентте КВИ жұқтырудың 5 мыңнан астам жағдайы тіркелген. Бірақ ауру деңгейі төмендеуде, бүгінге дейін 4 285 пациент емделіп, үйлерінеоралды. Қалалық денсаулық сақтау мамандары пневмония туралы мәліметтерді де хабарлады: жыл басынан бері 15 300-ден астам жағдай тіркелген, 11 620 науқас сауығып шыққан. Жергілікті стационарлар қазіргі уақытта тек 16 пайызға ғана толық. Әкімдік коронавируспен және пневмониямен ауыратын науқастарды қабылдау және емдеу үшін 3 мыңға жуық төсек орын жасақтаған.
Штаб отырысында сенаторлар мен денсаулық сақтау өкілдері пандемиямен одан әрі күрес шараларын талқылады. Қалалық денсаулық сақтау мамандары эпидемия қайталанған жағдайда Шымкенттің барлық медициналық мекемелері екі айлық дәрі-дәрмек қорымен қамтамасыз етілгенін айтты. Сонымен қатар, дәрігерлердің біліктілігін арттыру мақсатында арнайы семинарлар мен басқа да профилактикалық іс-шаралар өткізіліп келеді. Қала бойынша 211 мобильді бригада құрылып, олар қазірдің өзінде 22 мыңнан астам науқасқа үйде көмек көрсетіп үлгергенін айтқан жөн.
Сенаторлар жергілікті атқарушы органдарға санитарлық талаптарды сақтау және пандемиямен күресте алдыңғы шепте жүрген дәрігерлерді көтермелеу қажеттілігі туралы еске салды. Депутаттар дәрігерлерге коронавируспен күресте табандылық пен батылдық танытқаны үшін алғыс білдірді. Сондай-ақ, сапар барысында сенаторлар ауруханаларға, дәріханаларға және жедел жәрдем станциясына барды.
Қазақстандағы және әлемдегі соңғы жаңалықтарды бірінші болып оқу үшін Telegram желісінде бізге жазылыңыз.