Әдебиет • 17 Тамыз, 2020

«Көкбалақ» романы ағылшын тілінде жарық көрді

1073 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жазушы Мұхтар Мағауиннің өнер тағдыры туралы «Көкбалақ» романы АҚШ-тың беделді әдеби журналы The Massachusetts Review-де жарық көрді. Соңғы уақытта энтузиастық бастамаларымен көзге түсіп жүрген жекелеген тәуелсіз аудармашылар мен баспагерлер толайым жұмыстар тындырып келеді. Бұл ретте аталған романды ағылшын тіліне аударып шыққан Миргүл Қалидің еңбегі айрықша.

«Көкбалақ» романы ағылшын тілінде жарық көрді

АҚШ-та ұзақ жылдардан бері тұратын Миргүл Қали көркем аударма саласында 2017 жылдан бері тұрақты айналысып келеді. 2018 жылы ең үздік бастауыш тәржімандарға арналған Америка әдеби аудармашылар ұйымының менторлық бағдарламасына іліккен ол «Көкбалақ» романын аударуды құп көрген. Бағдарлама жыл бойы өзге тәжірибелі және танымал аудармашы кеңесшілігімен кітап көлеміндегі дүниені аударуға мүмкіндік береді.

– Жалпы Мағауин шығармашылығы, жазу стилі ерекше ұнайды. Осылайша Мағауиннің «Көкбалақ» атты романын аударам деп шештім. Кітаптың басты кейіпкері Тоқсабаның тағдыры арқылы қазақ халқының жиырмасыншы ғасырдағы тағдыры, тіпті халықтың мінезі мен портреті бейнеленген бе деп ойлаймын. Рухани мәдениетіміз бай, тамырымыз терең, қабілетіміз зор халықпыз ғой. Бірақ онымен қатар момын, салғырт болғандықтан бізге тиесілі құрмет, құт пен берекеге қолымызды жеткізе алмай келеміз. Романда барлық кезеңге тән шындық бар, – дейді аудармашы. «Көкбалақ» романында өнерге деген шексіз құштарлық күй тарланы Тоқсобаның кешкен қилы тағдыры, аумалы-төкпелі замана шындығы арқылы көрсетіледі. Мұнда бір кездегі сәні мен салтанаты асқан, жарастықты өмірге деген сағыныш, жақсының қадіріне жете алмаған өкініш те бар. Алтайдың сауырын жайлаған қара ормандай сыңсыған қазақ ішін аралап, дәурені дәуірлеп тұрған Тоқсабаның заманнан заман озғанда Жолдыбаев мырзаның алдында жалтақтап, тарығып тұрады дегенге кім сенер еді. Шығармада қазақ салтындағы сал-серілік құрудың жекелеген деталі анық суреттеліп,  дүниесін, мал-жанын өнер жолында аямайтын мәрттігі, жомарттығы айтылады.

Романның бағытын, әдістік ерекшелігін зерделеп, көркемдік тұтастығын жүйелеп зерттеуге уақыт керек болғандықтан, аудару жұмыстары екі жылға созылған. Биыл желтоқсан айында Америка аудармашылар ұйымы кітап үзіндісін жариялау жайында хабарласып, осылайша романның төртінші тарауы «Өрт» деген атаумен жеке әңгіме ретінде «The Massachusetts Review» америкалық әдеби журналында жарияланып отыр.

1

– Журналдың саны жақында шықты, сондықтан оқырмандардың пікірін естімедім. Бірақ журналдың бас редакторы Джим Хикс және көркем аударма редакторы Корин Тактирис «Бұл дүние біздің журналымызда жарық көргеніне өте қуаныштымыз. Керемет мәтін, аудармасы да тамаша» деген еді. Романның толық аудармасын осы жылы бітірем деп үміттеніп отырмын. Аударма жұмысына күнде бірнеше сағат бөлуге тырысамын, кейде өзге де асығыс аударма жасау немесе маңызды жобаға қатысу себептермен бұл жұмысты ысыруға мәжбүр боламын, – дейді Миргүл Қали.

15

«Көкбалақ» – Миргүл Қалидің алғашқы тәжірибесі емес. Бұған дейін үлкенді-кішілі ертегі, халық әндерін, өзге де талантты жас қаламгерлердің шағын дүниелерін аударып, шетелдік әдеби журналдарда жариялануына себепші болған. Келешекте қазақ жазушы қыздардың шығармашылығына ден қоймақ, одан бөлек Шәкерімнің өлеңдерін мен Жүсіпбек Аймауытовтың, Мұхтар Мағауиннің, Әбіш Кекілбаевтің бірнеше әңгіме, хикаят, романдарын аударуды жоспарлап отырған көрінеді.