Ол картинаны да молынан жазды. Орам-орам қағазға суретті де аямай түсірді. Астананың көрнекі жерлеріне жасаған мүсіндері де бой көтерді, салтанатты сарайлардың төрінде монументті шығармалары, айшық росписьтері де түсті. Вернисаждарын да жыл құрғатпай ашты, марапатын да алды. Еуропа мен Қытайдың «Мәдениет пен өнерді қолдау» қоры тағайындаған «Еуропа Парламенті Өнер Кавалері» орденін де тағынды.
Илья Жақанов, Сабыр Мәмбеев секілді жақсылардың да жанында жүрді. Қияндағы Михаил Шемякинді алдырып, иек артпадағы Еркін Мергеновті шақырып, суретшілер арасына салып, сұхбат та құрды. Алуан түрлі көрмелер, сан қырлы симпозиумдар ұйымдастырды.
Оның ұйымдастыру қабілетінің бір қыры сонау Солтүстік Кипр симпозиумында жарқырай көрінді. Суат Гюнсельдей миллиардердің тілін тауып, қаншама жас суретшілерді Никосияға шақырып томағасын тартты. Алысқа самғатты. Алғысқа да бөленді.
* * *
Сембіғали Абзалбекұлы десем, көз алдыма оның шығармасындағы жылқылар образы келеді, көкейге Қамбар ата бейнесі қоса түседі. Ғасырлар бойында мал өсірумен, ұзара көшіп, тежеле қонумен тірлік еткен елдің ұрпағы – жануардың ішіндегі адамға ең ыстығы, қадірлісі аттың бағасын өзгеше түсініп, ерекше сезінген, жылқы мінез суретші елестейді.
Ол – еркіндік символы, ер қанаты жылқыны (түу, о баста) шығармасына кілт қылып алды да, «Сыншы», «Ертең бәйге», «Бұғаусыз тұлпар», «Аңшылар», «Сұлтан Бейбарыс», «Жалаңтөс батыр», «Кентавр биі», «Мың жылқы», «Түйтенің көк шағыры» деп күллісін тізсек, ұзақ бір керуенге жүк болатын ұзын-сонар картиналарының өн бойын ылғи қыл құйрықтыға толтырды. Ол картиналар өңкей бір қылаң, ақ, көк, боз, сұр, бурыл, бөрте, құла жылқыларға толатын. Ол шығармалар ылғи бір баран: қара, торы, шабдар, жирен, күрең жануарларға кенелетін. Оның аттары ахалтеке шалыс та емес, жұрт сала беретін арабы да емес, қазақтың шыдамды қаба жон тарландары, мойымас қазанаттары болып келеді.
Оның аттары қозғалып бір кетсе – аяңы (жел аяң дейсіз бе, көсілген аяң дейсіз бе) білінетін, желіп бір кетсе – бөрі бүлкек желіс пе, бұлаң құйрық желіс пе, сар желіс пе, зар желіс пе, көрініп тұрады. Шабысынан жай шабыс па, шоқырақ шабыс па, текірек пе, ағынды шабыс па байқалып тұратын. Әгәрки, тайпалап бір кетсе – жол жорға ма, қой жорға ма, жортақы жорға ма, он екі құлаш па, су шайқалмас жорға ма, ажырата салады. Жануарды салып отырып (баяғы бала кезіндей, көзін жұмып тұрып, аттың әрбір бұлшық етін зерттеп, алақанына толтыра жентектей қысып, рахаттана сипағанындай) жұлығы қайсы, көбе, шаша, жая, сәрбек, сауыр, сағақ, бөктеріншек, өндіршек, төс сүріншегі қайда, құндызығын сезіне отырып дәл, дөп салады. Мінез-құлқын таниды. Құлағын жымып, мойынын төмен сала, тұра ұмтылған айғырдың да емеурінін жазбай танып отырып салады.
Оның бейнелеген жылқыларының тоқпан жілігі, төс сүйегі анық білініп, сауыры кең, қабырғалы, жоталы, бөлек-бөлек омыраулы, күшті болып келеді. Бауыры жазық, шідерлігі жуан болып та келеді. Оның жылқылары, Абай айтқандайын, сүрінбей, иек қағып, еліріп басады.
...Несін айтасыз, Сембіғали жылқының әсем жаратылысын нақпа-нақ, дәл салады. Оны бейнелеу өнеріндегі «атбегі» дерсіз, «атсейіс» дерсіз.
Осы сөзіміздің дәлеліндей қылып суретші:
Тіпті, оның асауды үйретіп, аяғына бүкпені салып жүргенде, студент кезінде жазған «Менің әкемнің аттары» (1987 ж.) Мәскеу қаласындағы Шығыс халықтары музейінде сақтаулы тұр емес пе?
* * *
Ол картина жазғанда, адамның қасы-көзі, кірпігін санап, аттарды жазса, әрбір тал жал-құйрығын тізбелеп, шұқылап деталь қуалап отырмайды. Монументалды етіп, картинаға тұтас қарап, бастауын да біліп, бітерін де болжай, кесек-кесек, қауырт жазады. Қалың-қалың жақтауларға үлкен-үлкен кенептер тартқызып, оған қарындашы мен қағазында түсіп, миы мен жүрегінде әбден пісіп, композициясы дертіп тұрған суретті тұтқиыл түсіреді де, палитра-қаламын алып жіберіп, жанын шығара, дүрілдете, «ала өгіздей мөңірете» жазады. Жалпақ қыл қаламмен, көз қырағылығын, қол қуатын, білім қорын сарқа, сендіре, серпіп жазады. Құлағын жымып, қолтығы сөгіле, сауыры жазыла шапқан аттайын кетеді, самғап...
Суретшінің көкейінде сан алуан бояу, реңктер жүреді. «Шеберханада қамалып, саусақтан сорып жазбай, табиғатқа шығып кетіп, әлем аралап жетіп, палитра жаңартып жазу керек» дейтін принципінен ажырамай келіп, тапқанын «Кер дөненнің әлемі» мен «Қорқыт», «Қызыл уық» картиналарына түсіреді. «Абыздың жорамалы», «Ағыбай батырдайын» қисапсыз көп шығармаларына кіріктіреді.
Шебердің көңілінде (былайғы жұртқа бей-берекет көрінетін) әр ирегінің бойында мән-мағына жатқан, үзілмейтін, бітпес сызықтар жүреді. Сол сызықтар кезек-кезегімен «Бурыл айғыр», «Жазу», «Уақыт наме», «Қыз әлемі», «Табиғат» картиналарының табиғатына барып түсіп, өз орындарын таба, дари сіңеді.
Оның қарындаш, көмірмен салған суреттері қағазға қуатты сызықтармен, әсем ырғақпен түседі. Графикасының қағаздан майы шығып, тері шыпшып, суреттің өзіне тән «хош иісі» бұрқырап тұрады. Ақ қағазға сызылған қара суреттердің ертең-ақ «Көке», «Жез киіктің Қанат Нұрбатырға келуі» сыпатты үлкен-үлкен картинаға айналып кететіні сезіліп, күретамырлары адырайып, тыныстап тұрғаны.
Қабылан ерткен аңшылар, жетіген шалған кейуана («Көкала үйлек»), арбасына мүйізді ат жеккен батыр қыз («Томирис») дейсіз бе, әуелі графика болып түсуімен-ақ құнды жәдігерлер.
* * *
Картина мен графикасы көрушіге тек келбетін, әмсе ажарын танытса, «Квадриго» сынды, «Дабыл», «Отқа табынушылар», «Бас түрік», «Хор қызы», «Бақыт», «Үш арыс» тәрізді мүсіндерін, (Сембіғалиды мүсінші ретінде қалыптастырып, суара шыңдаған) «Қазақ елі» монументін, ондағы аттылы хан, сауытты-жарақты батырларды шыр айнала көресің. Пластика рахатын сезіне, толып жатқан рельеф, горелефтерінің салаларын саусақпен сыза, сипай көресің.
Сембіғали сонау Кипр аралында, Никосия қаласына арнап «Құт иесі» атты мүсінін жасады.
Бұл мүсін – жаратылыстың негізгі қарама-қайшылықтары, оң мен теріс зарядтардай, күн мен түндей, жарық пен көлеңкедей, алар дем мен шығар демдей ажырамас қос ұғымның бір парасы, Еркек пен Әйел, олардың бұл фәнидегі таусылмас та үзілмес үйлесіміне бағышталған. Табиғаттың тұқым беруші, қоры, құты, қасиеті – Еркек пен ұрпақ әкелуші, жалғастырушы, бала өсіруші – Ұмай ана, Жер ана сынды образдарды жұптаудан туған ерекше шығарма.
Осы екі образды салып, бейнелеп, мүсін жасайтын кездерінде шығарма иелері Құт тұлғасын ер-азамат қылып, киім кигізіп, сауыт-сайман асындырып, қолына қару ұстатқаннан гөрі, Кентавр бейнелі, бұқа тұрпатты, қошқар, теке секілді (еркектігі анық көрініп тұратын) жануарлардың тұлғасымен ишаралап, бұла күшін меңзеп салу үрдісін қолданады. Керегінше пластикалық әдістерін тауып, неше түрлі форма, алуан диаметрдегі саңылау салып, созып, ұзартып, кесіп жатады. Сембіғали да бұл екі образдың түйінделер жерін, түйсігін, үндестігі мен сәйкестігін іздеп тауып, Солтүстік Кипр еліне, оған ағылған мыңдаған туристер назарына осы «Құт иесін» ұсынды.
* * *
Сембіғали Смағұлов десем, көкейге «композитор» суретші келеді.
Оның композициясындағы сызықтар бір-бірімен әсем өріліп, жеке пластикасына бағынып, қызыл бояуы көкпенен ұстасып, жасыл түсі сарымен ашылып, ағы қарасымен ұйымдаса тұтасып, әсем би ырғағына ұласады. Оның картиналары бейне қамшы өріміндей. Тып-тығыз қылып өрілетіні сонша, картиналарының еш жерінен басы артық деталь шықпайды. Кенеп бетінен бірде-бір тұлғаны сылып алып тастай алмайсың.
Оның қолынан шыққан картиналар – ақындар айтатын балталаса бұзылмайтын ұйқастай, тұтас-сом дүниелер. Арғы, Қайта өрлеу заманғы Италия суретшілері, күллі Еуропа бейнелеу өнері саңлақтарынан, алдыңғы күнгі Никита Фаворский, кешегі Мақұм Қисамединов композицияларынан нәр алған (бүгінгі фотографиядан алып көшіру, интернеттен «жұлып» жапсыру өлшемімен еш ымыраласпайтын), авторлық жұмыстар санатында.
Қараңызшы, «Қас-қағым жаратылыс»1 картинасында өрнегі барыспен астасып, барысы жыланмен шырмалып, жыланы самұрықпен өріліп, самұрығы шеңбер сызықпен байланысып, ол кіші шеңбермен шендесіп, тап ортасынан сары шаянның символы көрініп, композиция бітпей, «белден асып, белден асқан бұлтпенен араласып» кете барады емес пе? Әрбір адам, әрбір аң картина ішінде өмір шын сүріп тұрған жоқ па? Өзінің сөзімен айтсақ, «әңгімені пластикаға емес, пластиканы әңгімеге бағынтып» тұр ғой? Картина – бір дыбысы да оқшау шықпаған, алып, біртұтас (суретші дейтін дирижерге бағынған), симфонияға айналады емес пе?
Зады, оқу орындарында жүргізілетін композиция сабағы шартты түрдегі пән. Композиция әркімнің өзіне тән махаббаты секілді. Үйретуге, телуге келмейтін жеке үлесі, дара несібе тұрпатты. Әр суретшінің тәлейіне жазылған қол бедері секілді шытырман лабиринті іспетті. Бұл ретте Семкеңнің жолы болған, жұлдызы жоғары суретші. Өнердегі талғамы қалыптасып, тәжірибелік, концептуалдық, эксперименталдық жолдардан саты-сатылап өткен, тереңдей, кеңи-созыла, биіктей өскен суретші.
Сембіғалидің символизм композициясы – көлденең көк атты келіп, оңай түсініп, жеңіл бөктеріп кетуге келмейтін жағы. Оның композициясы – далалықтардың тұспалдап, орағытып ұқтырмай сөйлейтіні секілді ме? Ым-ишара тәрізді, жұмбақтап, астарлай жеткізгені сияқты ма? Ирек сызығы не береді, қос сызығы не тұспал? Дөңгелегі, доғасы, шеңбері, нүкте менен ноқаты ше? Қатпарлы тәсілін түкпірлей танытпай, шыңырауда жатқан сырын таптырмайтыны қалай? Ойлап, бойлай аларсыз ба? Әйтеуір, емеурінмен айтқанын көрнекке, арзан талғамға салғанын көрген емен.
Сембіғалидің қолынан шыққан символизм болмысты, айтар ойға бай, образға шүлен картинасының бірі – (орыс тіліндегі «моя вертикаль» деген ұғымға аса жақын келетін) «Менің биігім». Бұл – айқыштың, яғни крестің (тік сызық пен көлденең сызықтың) үйлесіміне арналған картина. Ақ пен қарадай, күнес пен көлеңкедей кереғар һәм бір-бірінсіз тұра алмайтын екі ғаламды бір кенепке тоғыстырған шығарма.
Айқыш (крест) символы түрлі елдерде, әр алуан халықтар ұғымында бір-бірімен еш ұқсамайтын түрлі мағыналар берсе, «Менің биігімде» суретшінің алып отырған айқыш белгісі – шартты. Сембіғали Смағұлдың пайымынша, «өнер адамдары рухани әлемге, тіке, жоғары қарай, вертикаль бойымен бір-біріне еш кедергісіз Жаратқан Иеге қарай тежеусіз дамиды. Сөйте тұрып, олардың пендешілігі, нәпсісі көлденең сызық бойымен, күйкі тірлік, дүние, материалдық байлыққа қарай да ұмтылады».
«Менің биігім» – шаршы кенепке жұмсақ, қызғылт буалдыр тұмандай гамманың үстіне ап-айқын түскен үш жолақ, бірде қос ай, енді бірде домалақ, сосын айқыш, доға, тоға, асыл тас, вазалы гүл нышанды сызықтар болып, сатылап көтеріле барып, қоржындас, қос шеңбермен тәмамдалады. Картинаның қызғылт гаммалы фоны – әлемнің біртұтастығын әйгілесе, төмендегі ирек сызық – суретшінің пайда болғандағы һәм өнерге келгендегі реңін, гүлденуін білдірсе, одан жоғары «қос ай» – Сембіғалидің екі әлемде, яғни материалдық әлем мен рухани әлемде жүргенін ишараласа, ортадағы «доғаның» – муза екенін, «тоғаның» – шабыт, «асыл тастар» – өнер бейнеті, қызығы мен шыжығы, «гүлді ваза» – универсум гимні, ал қос шеңбер шексіздік екен.
– Баяғыда, – дейді Сембіғали, – мәдениеті мен өресі биік, байлығы мен дәулеті жетіп артылатын орыс аристократтары өздеріндегі жоқты, жүрегіндегі тапшыны рухани әлемнен, ғылым мен өнерден іздейді екен. Көрме жасағандарға жақын болып, театр-сахна иелерімен табысады екен. Соның бірінде, әлдебір шалшықта мас күйінде жатқан суретші Саврасовты іздеп тауып, одан кірәжіп-жиіркенбей, жуындырып-шайындырып, бойына фрак кигізіп, мойнына бант тағып, салтанатты балға өз орталарына алдырыпты дейтін сөз бар. Әне, көлденең мен тік те биік сызықтың үйлесі!
Картина – биік өнерде белгілі меже, айқын шекара болмайды дейтін пайымға бас ұрады. Суретшінің көкейінде шамам жеткен шексіздікке дейін барсам деген арман тұрады. Сальвадор Далидің «Кемелдіктің шегіне шығамын деп дәмеленбей-ақ қой. Ол саған ешқашан жеткізбейді» дейтін астам пікіріне де саяды.
* * *
Сембіғали суретшінің өз бойындағы мәрттік, һәм өнері мен мінезіне арналған тағы бір картинасы «Менің үш кием» деп аталады.
Картина шартты – сызықтар, дақтар, шеңберлермен қиыннан қиыстыра өріліп, сөзбен суреттеуге ең қиын реңктермен шешілген. Онда үш адам қатарлай отырған сынды. Бастарына жирен жылқы, көк бөрі, қанатты қара барыс тәрізді, саңылаулы бас киімдер киген бе дерсіз. Бірінші тұлға жылы фонға оранып, жылы реңде жазылса, ортаңғысы көкшіл келбетті, ақшыл киімде аспан көк жамылса, үшіншісі қан қызыл жолақпен іргелес сұрқай фонда, қара-қоңыр түспенен әдіптелген.
Картинада алдымен суретшінің мәрттігі айтылды десек, көз алдымызға қолына қарындашты дұрыстап ұстағалы бергі қазақтың бейнелеу өнері қоржынына салып отырған көл-көсір картина мүсін, графикалары келеді (оны еліміздің айтулы музейлерінің, жеке картина жинаушылардың тұтынып отырғаны қоса келеді).
Келесіде суретші көруші назарын ортаға бағыттайды. Өнер образына бейіл түсіріп, оған ұзағырақ қарауға «бұйырады». Иә, Сембіғалидің өмірін өнерінсіз елестету мүмкін емес. Оның кескіндемелі, графикалы, мүсінмен астасқан Өнері – суретші өміріне мықан ағаш, жұлын тұта. Аторай. Темірқазық.
* * *
«Менің биігім» демекші, біз осы эссе жазба барысында Сембіғали суретшіні шама-шарқымызша айнала қарап, көз шоламызды оның тік өнер биігіне, яғни вертикаль өрісіне салдық. Суретшіні замандас-әріптес ретінде жанында жүріп, әр қырынан бақылай, жанымыз қалаған тұсынан бажайлап қарап, оның адами кейпін қадари-халімізше танып, шығармашылық келбетін ақ қағазға эссе қылып түсірдік. Тапқанымызды өршіл портретіне штрих қылдық.
Жеңіс КӘКЕНҰЛЫ,
суретші