Оқиға • 18 Тамыз, 2020

Тарихи нысандар табылды

807 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейіне қарасты ежелгі Түркістан, көне Шахристан және ортағасырлық магистральды көше бойына жүргізілген археологиялық қазба жұрыстары барысында: ежелгі керуен сарай, монша, керамикалық цех, сонымен қатар мектеп-медресенің оқу бөлмелері қатарлы аса маңызды нысандар табылып отыр.

Тарихи нысандар табылды

– Бұл жәдігерлер еліміз археологиясы үшін тың жа­ңалық. Әсіресе Тәкия қақ­пасы маңынан табылған керуен сарайда: бағалы заттар сақтайтын қабырға қуыс­та­ры, керуеншілер жататын орын, намазхана, «мүричә» деп аталатын шағын монша орны анықталды. Көлемі 35-40 метрге жуық бұл нысанды «Тәкия Керуен сарайы» деп атадық, – дейді «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің ғы­лыми қызметкері, археолог Марат Тұяқбаев мырза.

Сонымен қатар ұзындығы 40 метрден асатын ауласы екіге бөлінген, яғни ұлдар мен қыз­дарға арналған мек­теп-медресе орны мен кера­микалық өндіріс ошағының табылуы да сенсацияға балануда.

«Мұндай қыш бұйым­дарын шығаратын үлкен цех алғаш рет табылып отыр. Бұл арада үлкен көлемде әртүрлі ыдыс-аяқ жасалып, кірпіш күйдірілген. Қазба кезінде саз илейтін апан, бұйымды қыздырып, кептіретін жер, сақтайтын орын бәрі нақ­тыланды. Сонымен қатар бір­неше бөлмеден тұратын монша құрылысының су резервуары және емдік тұнбалар дайын­дайтын ванна сияқты ыдыс жақсы сақталған. Сонымен қатар  Ясауи кесенесі мен Жеті ата қақпасына дейінгі магис­тральды көшеде де зерттеу жұмыстары жүргізіліп, хан ме­­шіті жанынан хандар на­маз оқитын «Махсура» бөл­­месі, мұнаралар, қонақ қабыл­дайтын «Мәлзел» бөл­месі анықталды. Бұл нысан­дар XV-XVI ғасырларға тие­сілі құ­рылыс мұралары» дей­ді Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет инс­титутының қыз­меткері, археолог Ерлан Қазизов.

«Әзірет Сұлтан» мемле­кеттік тарихи-мәдени қо­рық-музейі­нің директоры Нұрболат Ахмет­жановтың айтуына қара­ғанда, магис­тральды көше бойынан та­былған хан ордасы мен ме­шіт археология үшін тың жаңалық екен. Сондықтан қалған жұмыс алдағы уақытта лабораторияда жалғаспақ. Ондағы мақсат – жаңадан табылған жәдігерлерді ғы­лыми тұрғыдан зерттеп, тарихи мұраларды қорық-музейге тапсыруға дайындық шарасын қарастыру көрінеді. Де­мек, алда атқарылатын зерттеу жұмыстары кезінде небір жұмбақтардың беті ашылары анық.