Ең қысқа әңгіме • 18 Тамыз, 2020

Атбасардағы ат басындай олжа

3037 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Археологиялық барлау жұмыстары нәтижесінде бұрын беймәлім болып келген көне ескерткіштер анықталды. Мамандардың сараптауына қарағанда, темір дәуіріне тиесілі жәдігерлер болса керек.

Атбасардағы ат басындай олжа

Археологтар мұндай болжамды жергілікті жердің табиғатына бай­ланысты түйіп отыр. Ауданның оңтүстік шығыс, оңтүстік батыс бө­ліктері жазық дала, арагідік аласа жоталар мен мөлдір су көздері кез­деседі. Темір дәуірінде мал шаруа­шылығы тек осындай аса қолайлы жерлерде ғана дамыған делінеді.

– Есіл, Жабай өзендерінде нео­литтен бастап қола дәуірінде адам­дар мекендеген тұрақтар табыл­са, оңтүстік қабақта темір дәуі­ріне тиесілі археологиялық объек­тілер анықталып отыр. Орта ғасыр дәуірін­дегі жерлеу орындары да белгілі болды, – дейді облыстық тари­хи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығының маманы Рауан Ержанов.

Мекеме мамандарының айтуына қарағанда, жаңадан белгілі болған жәдігерлерге ешқандай қа­уіп төніп тұрған жоқ. Жоғарыда айт­қа­нымыз­дай, бұрын белгісіз болып келген 22 тарихи мекен анықталыпты. Темір дәуіріндегі қорғандар көбінесе қы­ратта, биікте орналасқан екен. Құ­рылымы, көне дүниенің көмескі сұлбасы жақсы сақталған. Кейбір археологиялық нысандар Жабай өзенінің жағалауынан табылып отыр. Алайда қазір мал тұяғының астында қалып, көне дәуір тынысы тарылып келеді.

Негізінен бұл өлке тарихи қазы­наға аса бай. Бұған дейін Атбасар ауданында 114 археологиялық нысан белгілі болған. Өкінішке қарай, екеуі уақыт өткен сайын жойылуда. Енді қалғанын сақтап қалу кейінгі ұрпаққа парыз. Атбасардағы ат басындай олжа түп тарихымызды таразылау үшін қажет.

 

Ақмола облысы