Аймақтар • 18 Тамыз, 2020

Байқау жеңімпаздары марапатталды

356 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Қызылорда қаласының қоғамдық-саяси өміріне белсене араласып, әлеуметтік-экономикалық дамуына ерекше үлес қосқан бірқатар азаматтар марапат биігінен көрінді, деп хабаорлайды Egemen.kz.

Байқау жеңімпаздары марапатталды

Қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев елмен етене жүріп, мұқтаж жандарға көмек қолын созған жандарды "Жомарт жүрек" байқауының қалалық кезеңінің қорытындысы бойынша марапаттады.

Шаһар басшысы жомарт жандар қаламыздың көркеюіне, әлеуметтік-экономикалық дамуына ерекше үлес қосып қана қоймай, қашаннан қайырымдылық шаралардың басынан әрдайым табылып келе жатқандығын айтып, қайырымдылық істерге  қолдау білдірген жандарға алғысын білдірді.

"Жомарт жүрек" сыйлығы 5 номинация бойынша табысталды. Байқаудың "Туған өлке" аталымы "Сәт-Сервис" ЖШС директоры Роза Имановаға бұйырды. Роза Сәдібекқызы туған жерімізді түлетуге айрықша үлес қосып, қаламыздағы 10 көпқабатты тұрғын үйге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізген. Сонымен бірге қайырымдылық шараларына белсене қатысып, демеушілік көрсетіп келеді.

"Біз көмекті мақтаныш не марапат үшін жасамадық. Ниетіміз кейінгі ұрпаққа үлгі көрсету", - дейді Роза Иманова.

Ал байқау бойынша  "Жыл тұлғасы" номинациясы жыл көлемінде қаламыздың әлеуметтік саласына тұрақты түрде қолдау  көрсеткен Қанат Боранбаевқа табысталды. Қанат Жомартұлы карантин уақытында қалалық аурухана қызметкерлерін "Қызылорда" қонақ үйіне тегін орналастырып, қажетті тұрмыстық заттармен қамтамасыз етті.

"Жыл меценаты" аталымында  індет уақытында тұрғындарға 15 мыңға жуық тегін бетперде таратқан "DALATEX" ЖШС директоры Ділмұхамед Абизов жеңімпаз деп танылса, "Жылдың үздік ұйымы" "Ел-Арай" қоғамдық қоры атанды. Қоғамдық қор жыл сайын 1000 отбасын азық-түлікпен, 2000 отбасын киім-кешекпен, 100 отбасын көмірмен қамтамасыз етіп келеді. "Делюкс" компаниясымен бірігіп, 10 мың дана маска, "Шұғыла" қоғамдық қорымен бірлесіп аймағымыздағы ауруханаларға 200  оттегі концентраторын  алып берген.

Байқаудың "Епен еріктілік" номинациясы қоғам белсендісі Динара Эшатоваға марапатталды. Қоғамдық кеңес мүшесі, қоғам белсендісі, Динара Мамадиярқызы спорт саласындағы волонтер-үйлестіруші. Ол еріктілермен бірлесе отырып, қала кәсіпкерлері ұсынған 3000-нан аса бетперде таратты. Ерікті сонымен бірге әлеуметтік дүкендер мен дәріханаларда сатылымдағы тауарлардың шектік бағадан аспауын қадағалау мақсатында мониторингтік топ құрамында белсенділік танытып, ерекше көзге түсті.  

Қазақстандағы және әлемдегі соңғы жаңалықтарды бірінші болып оқу үшін Telegram желісінде бізге жазылыңыз.