Себебі бастауыш партияның пәрменін арттырып, елдің сенімінен, халықтың үдесінен шыға білетін талабы тау қопаралық көшбасшылар мемлекетке ауадай қажет. Ал Nur Otan партиясы ұсынған мәліметке үңілсек, партияға адал қызмет етуге бел байлаған ондай үміткерлердің қатары күн санап толығып келеді.
«Мықты лидерлер – Мықты партия» қағидаты бойынша нақты әрі мықты көшбасшыларды анықтау мен оларды ел ісіне тартуды міндет еткен бұл бастама әйел азаматтардың да үлесін ұмыт қалдырған жоқ. Праймериз өткізудің ережесінде партиялық тізімдерде кем дегенде 30% әйелдердің, көпбалалы аналардың болуы айтылған еді. Ереже ескерусіз қалмаған тәрізді. Мәселен, праймериз басталған алғашқы күні-ақ тіркеуге өтініш білдірген үміткерлердің саны 1000-нан асқан болса, сол 1000 кандидаттың 336-сы әйел азаматтар. Соның ішінде 20 көпбалалы ана бар. Сонымен қатар 35 жасқа дейінгі 228 жастың, ерекше қажеттілігі бар 8 азаматтың есімін үміткерлер тізімінен көруге болады. Бастауыш партия ұйымдарынан 322 адам ұсынылса, 717 кандидат өзін-өзі ұсынды.
Ең бастысы, праймериз бастауыш партияның қайта жаңғыруының нәтижесі болатынына үлкен үміт артылуда. Бұл туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев праймериздің басталуына байланысты Үндеуінде «Бүкіл еліміз бойынша ауқымды праймериз өткізу биліктегі партияның «қайта жаңғыруының» нəтижесі болады. Бұл – партия ішілік сайлау. Бұл шынайы əлеуметтік лифт. Қатаң іріктеу, жаңа идеялар мен жобаларды іздеу. Бұл идеяны көптеген белгілі саясаттанушылар мен қоғам белсенділері қолдады. Бұлар белсенді азаматтық ұстанымы бар, Nur Otan-ды қолдаушылар лигасына біріккен жəне реформаларға қатысуға дайын адамдар. Біз партия ішіндегі ашықтық пен есептілік үшін қажетті жағдайларды жасадық. Ең бастысы – ашықтық пен адалдық, барлық қатысушылар үшін тең жағдайлар мен бəсекелестік», деп айрықша атап өткен еді.
Бәсекелестік бар жерде белсенділік те, табанды тартыс та болады. Кандидаттар өз сайлаушыларының үдесінен шығып, халықтың артып отырған үмітін ақтау үшін барын салатыны белгілі. Сондықтан тұңғыш рет республикалық партияішілік сайлау ауқымында өтетін праймеризге өз ісіне сенімді, жалынды азаматтар қатысады деп таразылаймыз. Қазақстанның Тұңғыш Президентінің бастамасымен қолға алынған «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам» – партия жұмысын «қайта жандандыру» бағдарламасының қорытынды кезеңдерінің бірі саналатын праймеризді Nur Otan партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек те айрықша назарға алып отыр.
Ол өзінің Facebook-тегі жеке парақшасында «Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев кешегі Үндеуінде атап өткендей, партия өз ісінің шеберлерін, ел тағдырына алаңдайтын тұлғаларды, шешім қабылдай алатын және конструктивті ұсыныстар жасай алатын жаңа азаматтарды билікке ұсынатын қайнар көз болуы тиіс. Партияішілік сайлаудың ашық әрі әділ өтуіне партия тарапынан қажетті жағдай жасалған. Бастысы – айқындық пен тазалықты, барлық қатысушыларға тең мүмкіндік пен бәсекелестікті қамтамасыз ету. Партия Лидері азаматтарды толғандырып жүрген көкейкесті мәселелердің өзара сенім мен сыйластық аясында көтерілетініне сенім білдірді. Көтерілген мәселелерді партия бақылауға алуы тиіс. Әрбір ауданның, қаланың, облыстың сайлауалды бағдарламасына енгізу үшін барлық шешімді бюджеттің мүмкіндіктерімен үйлестіре қарастыру қажет», деп оқырмандарымен ой бөліседі.
Оның айтуынша, еліміздің алдында пандемиядан кейін экономикалық өсімді қалпына келтіру, жұмыс орындарын құру, шағын және орта бизнестің жұмысын жандандыру міндеттері тұр. Сонымен бірге пандемиямен күрес мәселелерін талдап, оның екінші толқыны орын алуы мүмкін жағдайға дайындалу қажет. Мұның барлығы партияның сайлауалды бағдарламасына енгізіліп, нұротандықтардың алдағы 5 жылда атқаратын іс-әрекеттеріне бағыт-бағдар болады. «Тағы да барлық партиялықтар мен Nur Otan жақтастарын елдегі аса маңызды саяси додаға белсенді қатысуға шақырамын!», деп жазады Б.Байбек.
Праймериз нәтижесі ең алдымен бастауыш партияның аймақтардағы филиалдарының жұмысын жандандырады деген сенім бар. Еліміз бойынша халық барынша тығыз қоныстанған аймақ ретінде Түркістан облысын айтуға болар еді. Nur Otan партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсен Тәжібаевтың айтуынша, өңірде праймеризге дайындық талапқа сай жүргізілуде. Ол кадрлық резервте әйелдердің үлесін кем дегенде 30, ал жастардың үлесін 20 пайызға жеткізу бастамасы қоғам тарапынан қолдауға ие болғанын алға тартып отыр. «Партия Төрағасы, Елбасы Н.Назарбаевтың «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам» атты партия жұмысын жүйелі жаңғырту бағдарламасына сәйкес қолға алынған праймеризде әйелдер мен жастар қауымына да үлкен мүмкіндік беріліп отыр. Праймериздің алғашқы күні түркістандық жастардың белсенділігі байқалды. Әлі де қатысуға ниет білдіріп жатқандары көп. Біз осы азаматтар арасынан елге жанашыр, нағыз патриоттарды іріктеп алуымыз керек», дейді Б.Тәжібаев.
Ілгері қадамның іріктеуден басталатынын ескерсек, праймеризге тіркеліп, бабы мен бағын сынап жатқан ел азаматтарының саны күн санап артып келе жатқаны қуантады. Ел игілігі жолында ерінбей еңбек етуге бел буған ондай азаматтарға сайлаушылары да тиісті қолдауын білдіреді деген сенімдеміз.