Аймақтар • 19 Тамыз, 2020

Бейсен Құранбек бейнесі мурал болып "мен мұндалайды"

1812 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Талдықорған қаласындағы көп қабатты тұрғын үйдің қабырғасына көрнекті журналист Бейсен Құранбектің бейнесі салынды. Граффити жанрында бейнеленген мурал биыл дүниеден өткен әріптесіміз ұзақ жыл басшылық еткен "Jetisu" телеарнасының ғимаратына қарама-қарсы қоныс тепкен үйдің қасбетінде "мен мұндалап" тұр, - деп хабарлайды egemen.kz.

Бейсен Құранбек бейнесі мурал болып "мен мұндалайды"

Мурал фотосуретші Жеңіс Ысқабайдың суреті негізінде жасалған екен. Тұтас қабырғаны алып тұрған Бейсеннің бейнесін суретші Бекболат Кеңесов салып шықты. Сурет астына "Қарекет ет, батырым!" деп жазылған. Ал есімі елге әйгілі журналистің жарқын бейнесін жұрт назарына ұсыну идеясын "Рухани жаңғыру" жобалық кеңсесі бастаған екен. Істің нәтижелі болуына облыстық ішкі саясат басқармасы барынша үлес қосты.

"Міне,  "Jetisu" телеарнасының қапталындағы үйдің қабырғасында Бейсен достың бейнесі жымиып қарап тұратын болды. Өзі жиі айтатын "Қарекет ет, батырым" деген сөзі де тасқа басылды. Жалпы, жұрт жүрегінде Бейсеннің бейнесі мәңгілік сақталады. Елдің ерге құрметі, тағзымы осындай игі істерден көрініс табуда, - дейді марқұмның үзеңгілес жолдасы, "Jetisu" телеарнасының директоры Серік Сарыбай.

Айтпақшы, Бейсен Құранбек бейнелген муралдың қасына жетісулықтар ерекше ілтипатпен еске алатын тағы бір жас батырдың суреті де таңбаланды. Ол 20 жастағы Олжас Құлжабеков есімді батыр еді. Олжас 2008 жылдың тамыз айында Қапшағай су қоймасында батып бара жатқан баланы құтқарып, өзі суға кеткен болатын. Жас жігіт қайтыс болғаннан кейін Президент Жарлығымен "Ерлігі үшін"  медалімен марапатталған.

 

Қазақстандағы және әлемдегі соңғы жаңалықтарды бірінші болып оқу үшін Telegram желісінде бізге жазылыңыз.