Медицина • 20 Тамыз, 2020

Қатерлі ісіктің беті қайтпай тұр

288 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Өкіншке қарай, Алматы облысы тұрғындарының арасында қатерлі ісікке шалдығушылар қатары азаймай тұр. Аймақтағы онкологиялық ахуалды екі облыстық көпсалалы диспансер бақылайды. Оның бірі Талдықорған қаласында болса, екіншісі Алматы қаласында орналасқан. Мегаполистегі диспансер негізінен облыстың оңтүстік аймағындағы аудан тұрғындарына қызмет көрсетеді.

Қатерлі ісіктің беті қайтпай тұр

Қазір Алматы аймақ­тық көпсалалы клиникада 8976 пациент тіркеуде тұр. Жалпы, жыл сайын қатерлі ісікке шал­дыққан 2 мыңға жуық адам есепке алынады. Ал биылғы 6 айда диспансерлік 879 адам тексе­ріліп, 709 тұрғыннан дерт­тің алғашқы белгілері анық­талған.

– Жалпы онкологиялық ауруға шалдыққан науқастардың коронавирус инфекциясын жұқтыру қаупі жоғары. Сондықтан қауіп­сіздік шараларын толық сақ­тай отырып, пациенттерді амбу­латориялық және жоспарлы түрде қабылдауды тоқтатқан жоқпыз. Алайда жаңа тәртіппен жұмыс істеуге тура келді. Өйт­кені пациентке емді үздіксіз жүргізу қажет. Тіпті блок-бекет­тер орнатылған кезде аудан орталығы мен ауылдарда тұратын пациенттерді клиникаға арнайы жедел жәрдем бригадалары тасымалдады. Соның нәтижесінде карантин уақытында 2593 адам толыққанды ем қабылдады, – дейді клиниканың бас директоры Саяхат Олжаев.

Осы аймақтық көпсалалы клиниканың мамандары пандемия кезінде де науқастарға амбулатолық қабылдау жүргізіп, диагностикалық зерттеу жасауды тоқтатқан жоқ. Со­нымен қатар, аудандарда паллиа­тив­тік және мейірбикелік көмек­тің қолжетімділігін арттыру үшін мобильді бригадалар ұйым­дастырылған. Мобильді бригаданың қызметкерлері карантин кезінде 4704 науқасқа көмек көрсеткен екен. Айтпақшы, облыста 165 жедел жәрдем бригадасы жұмыс істейді. Алты ай аралығында мобильді топ 300 мыңнан астам шақыруға қызмет көрсеткен. Яғни 2019 жылдың сәйкес мерзімімен са­лыс­тырғанда шақырулар саны 2 есеге өскен. Облыс әкімдігі та­ра­пынан жедел жәрдем қызмет­керлерінің жүктемесін жеңіл­дету көлік санын көбейту үшін қосымша қаржы бөлініп отыр. Осы мақсатта жыл соңына дейін қосымша 100 жедел жәрдем көлігі келмек. Атап айтқанда, 70 көлік лизингімен, 30 көлік жергілікті бюджет қаржысына сатып алынбақ.

Аты жаман аурудың күрт көбеюін онколог дәрігерлер бір­неше факторға сілтейді. Табиғи паталогияның асқынуы мен сырт­қы жарақат салдарынан пай­да болатын обыр түрлерін айтпағанда, қазір рак ісігінің асқынуына әлеуметтік жағдай жиі әсер ете бастапты. Адамның жүйкесіне түскен салмақ пен саламатты өмір салтының сақ­талмауы дерттің пайда болуына ғана емес, ем қонбайтын деңгейге дейін жетуіне себепші болып отыр екен. Қалай болған­да да онкологиялық ауруға шал­­дық­қандардың қатары жыл сайын азаймай тұрғаны ақи­қат. Өйткені Дүниежүзілік ден­саулық сақтау ұйымының дерегі бойынша қазір ғалам­шарда қатерлі ісік ауруына шал­дыққан 20 миллионнан астам науқас бар. Оның ішінде аты жаман дерттің алғашқы белгісі жыл сайын 30 мың адамның бойынан анықталады. Ал Қазақстанда обыр диагнозымен 180 мыңнан астам тұрғын тіркеуге алынған.

 

Алматы облысы