Спорт • 20 Тамыз, 2020

Италиядағы додада топ жарды

75 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстандық «Астана» велокоман­дасының ресейлік шабандозы Алек­сандр Власов бір күндік «Джиро д’Эмилия» жарысында бас жүлдені олжа­лады.

Италиядағы додада топ жарды

1909 жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан әйгілі веложарыс жыл сайы­н Эмилия-Романья бағытымен басталып, Болонья қаласында мәресіне жетеді. «Джиро д’Эмилия» Италиядағы ең беделді жарыстардың бірі саналатын дода 2005 жылдан бастап UCI еуропалық турының күнтізбесіне енген.

199,7 шақырымға созылған биылғы жарыста «Астана» өкілі Александр Вла­сов жеңімпаз атанды. Бір қызығы, бұған дейін бұл турнирде «Астананың» бірде-бір өкілі жеңіске жетпеген. Екінші орынды пор­тугалиялық Жоау Алмейда (Deceuninck-Quick Step) иеленсе, үздік үштікті италиялық велошабандоз Диего Улисси (UAE) түйіндеді. Ал «Астананың» даниялық капитаны Якоб Фульсанг мәре сызығын бесінші болып кесті.

Айта кетейік, 24 жастағы Власов бұған дейін Франция тас жолында өткен бір күндік «Мон Ванту Челлендж» жарысында да алдына жан салмаған еді.