Кино • 21 Тамыз, 2020

Сәкен жайлы кино түсіруге не кедергі?

955 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев­тың 30 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай жасаған үндеуінде тарихи әділдікті қалпына келтіру үшін арнайы мемлекеттік комиссия құруды тапсырғаны мәлім. Президент еліміз тәуелсіздік алғаннан бергі нәубет құрбандарын мәңгі есте қалдыру мақсатында жасалған көптеген шараны атай келе «...Біз жазықсыз жаза­ланғандардың әрқайсысын есте сақтау арқылы ғана кемел келешекке жол ашамыз. Болашақтың берік негізі Тәуелсіздіктен бастау алады. Өткен ғасырдың ең қилы кезеңінің бірінде жазықсыз жапа шеккендердің рухына тағзым ету – баршамыздың перзенттік борышымыз» деген еді.

 

Сәкен жайлы кино түсіруге не кедергі?

Мемлекет басшысы айтқандай 1988-1989 жылдары алдымен Алаш қайраткерлері біртіндеп ақтала бас­тады. 1993 жылы «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақ­тау туралы» заң қабылданды. 1997 жылы Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен 31 мамыр Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні ретінде белгіленді. Мемлекет тарапынан көптеген іс-шара атқарылды. Тарихшылар, жазушы-ғалымдар XX ғасыр басындағы зобалаң жайлы зерттеулер жасап, том-том еңбектер жазды. Дегенмен бұл тақырып толық зерттеліп біткен жоқ. Мұрағаттарда әлі қаншама ғылымға белгісіз құжаттар бар. Бұларды зерттепзерделеу ғалымдарға тиесілі дүние екені даусыз. Осы орайда бұған ғылыммен бірге мәдениет саласы да тікелей міндетті. Өкініштісі сол, солақай саясаттың құрбаны болған арыстарымыздың сахна мен экранға шыққан бейнелері саусақпен санарлық. Бұл – елдігімізге сын. Ел үшін жан қиған есіл ерлердің әрқайсы зор құрметке лайық. Солардың бірі – мемлекет және қоғам қайраткері ақиық ақын, жазушы-драматург С.Сейфуллин. Сәкен жайлы 2014 жылы Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музы­калық драма театрында Қ.Жү­нісовтің «Сәкен сұңқар» драмасы (ре­жиссері Ә.Оразбеков) сахналанды. Сәкентанушы профессор Тұрсынбек Кәкішұлы бастаған зиялы қауым өкілдерімен бірге 14 қазан күні премьераны тамашаладық. Қойылымда С.Сейфуллиннің өмірімен қатар заманы да қамтылыпты. Әсіресе Алаш көсемдерінің бірі Ахмет Байтұрсынұлымен арасындағы сыйластығы, пікірталасы айқын берілген. Тұлғалар арасындағы диалогтар тарихи деректермен өрби отырып көркемдік шешімдерге ұласады. Ұлт тағдыры сынға түскен уақыттағы ұлыларымыздың қайтсек қазақты мұратқа жеткіземіз деп жанталасқан тұстары көрерменді бірден баурап әкетті. Автор С.Сейфуллинді бас кейіпкер деңгейінде жазғанмен Ахаңның бейнесін еш аласартпаған. Бас кейіпкерден биік болмаса төмен емес. Сәкеннің Ахаңа деген құр­меті тарихи оқиғаларға негіз­делген. Сонымен бірге ақынның қай­рат­керлік қыры көбірек ашылыпты. Бұл бұрын жазылған сахналық шы­ғармаларда Кеңестік идеологияға байланысты кірмей қалған тараулар десек те болады. Сондықтан халық көбіне сахнадан Сәкеннің ақындық, жазушылық қырлары мен трагедиясын ғана көретін. Ал «Сәкен сұңқар» драмасында ол олқылықтың орны толған. Спектакль соңында Сәкен­ді алпыс жылдай зерттеген ғұла­ма ғалым Т.Кәкішұлы қо­йылымды жоғары бағалап театр ұжымына алғысын білдірді. Көңіл­ден шыққан қойылым болған соң мен «Сәкен сұңқар» спектаклін одан кейін екі рет барып тамашаладым. Театрға бір барғанымда Қ.Жү­нісов Сәкен жөнінде киносцена­рий жазып бітіргенін айтты. Автордың өтініші бойынша көп ұзамай «Сәкен» атты киносценарий­ді оқып шықтым. Ашығын айт­сам, тек қана оқып емес, кино көріп шыққандай әсер алдым. Бас кейіпкер Сәкен де, Сәкеннің заманы да тарихи шындықтан ауытқымай кино тілімен көркем өрілген. Қамтылған тарихи кейіпкерлердің бейнесі жақсы ашылған. Драматургиясы мығым, тартысқа, қайшылыққа құрылған. Алаш азаматтары мен Совет үкі­метін орнатқан қайраткерлердің идея­лық пікірталасы драмадағыдай С.Сей­фул­лин мен А.Байтұрсынұлы ара­сындағы қарым-қатынас арқылы берілген. Сол кезеңдегі қоғамдық саяси өмірді, тарихи оқиғаларды еш бұрмаламастан көз алдыңа әкеледі. Кино өнерінің мүмкіндігі зор бол­ған­дықтан спектакльге қарағанда мұнда кейіпкерлер саны артқан. 1916-1938 жылдар арасы қамтылған. Оқиғалар ықшам әрі түсінікті. Бір біріне жалғасып қызықтыра түседі. Сценарийді оқып отырып Мир­зоянның жымысқылығын, Ежов­тың қатыгездігін, Сталиннің қаһарын айқын сезінесің. Сәкеннің жары Гүл­баһрам мен соңғы тұяғы Аянның тағдыры көзге жас алдырмай қой­майды. Әр көрініс, әр диалог бір бірін толықтырып, желісі үзілместен шарықтау шегіне көтеріледі. Оның үстіне сценарий Сәкен жайлы қап­тап кеткен қаңқу сөздерге нүкте қоя­тындай сауатты, ғылыми негізде жазылған. Туындыны толық талдап шығу міндет емес. Әрі күні ертең экранға шығып жатса көрермен үшін бәрін біліп отыру қызық та болмас. Сөз жоқ бұл өте күрделі та­қы­рып. Сондықтан алдымен сцена­рий авторының мұны жазуға қан­ша­лықты мүмкіндігі барын саралап алған жөн болар. Алдын ала ескер­терім, Қ.Жүнісовтің 2014 жылы шыққан «Сөйле, сырлы сахна!» атты кітабын оқығаннан бері оның шығармашылығымен жақсы таныспын. Сахнада, кинода ойнаған рөлдерін тамашаладым. Әдеби кештер мен ғылыми конференцияларда көріп тұрамын. Ұлттық өнерді қастерлей білетін өнер иесін жақсы білген сайын тілектес болып жүремін. Қ.Жүнісов – алдымен кәсіпқой әнші-актер. Театр және кино өнерінің дип­ломын алған маман. Еліміз бойын­ша көптеген кәсіпқой театрларда пьесалары сахналанған драматург. Солардың ішінде С.Сейфуллин жайлы еңбектері бір төбе. Сонымен бірге С.Сейфуллиннің рөлін ақынның 110, 115, 120 жылдық мерейтойларында сахнада, «Сәкен», «Мағжан», «Өмір, жолы», «Тайны и судьбы великих казахов» секілді деректі фильмдерде және «Жамбыл» көркем фильмінде сомдаған. Деректі фильмдердің сценарийін жазысқан. Ақынға ән арнап, «Сәкен сұңқар» бейнебаянын түсірген. Ол тек рөлінде ойнап, шығармалар ғана жазып жүрген жоқ ақын жөнінде бірнеше зерттеу мақалалар жазды. «Сәкеннің Ста­линге хат жазғаны рас па?» («Egemen Qazaqstan» 01.02.2019 ж), «Арыстарға атылған оқ аз ба еді?» (Әдебиет порталы 22.11.2017 ж) секілді мақала­лары қоғамда үлкен резонанс тудырды. Сәкенге тағыл­ған ең ауыр айып – Сталинге хат жазып, Алаш аза­маттарын ұстатты деген «баян­дау хаттың» фальсификация екенін ғы­­лы­ми тұрғыда дәлелдеп шықты. С.Сей­­фул­линнің 125 жыл­дығына бай­­ланыс­ты ғылыми-тәжі­рибелік конфе­рен­цияларда Сәкенге тағылған түрлі айыптар жөнінде баяндамалар жасап бас­қа да жалалардың негізсіз айтылып жүр­генін жан-жақ­ты талдап берді.

Үш-төрт жылдан бері Сәкен жай­лы көркемфильм түсіру керек деп тыным көрмей жүрген ол бұ­рын­дары «Біржан сал», «Жамбыл» фильм­­­дерінде ойнаған. «Біржан сал» фильміндегі сал-серілердің сөз қа­ғы­­суын, «Құнанбай» фильміндегі Жанақ ақынның жырын жазған.

 Қазақстан Республикасы Тәуел­сіздігінің 25 жылдығына арнал­ған «ТӘУЕЛСІЗДІК. ӘДЕБИЕТ. ҚАЛАМГЕР» атты республикалық байқауда «Үздік драматург» номинациясын иеленген.

2014 жылы Астана қаласы әкім­дігінің қолдауымен қазақ өнері тарихында тұңғыш рет бірнеше жанрды қамтыған шығармашылық апталық өткізген.

Менің «Сәкен сұңқар» спектаклі­нен бастап бәрін тізбектеп шыққан себебім, аталған еңбектеріне қарап Қанат Жүнісовтің С.Сейфуллин жайлы киносценарий жазуға қабілеті де, хақы да бар деп есептеймін. Тақырып аса күрделі болғанымен ол қай жағынан болмасын жеткілікті тәжірибесі бар маман. Тұлғаны тың­­­ғы­лықты зерттеген, болмысын бой­­ға сіңірген. Бір қызығы, Қанат Сәкен рөлін ешқандай гримсіз ойнай беретін актер. Сәкен әндерін нақы­шына келтіріп шырқайтын әнші. Сәкен­ге ән, монолог, драма, либретто, киносценарий арнап, бірнеше мақала жазған, қаншама рет рөлінде ойнаған Қанаттың сценарийі әліппені жаңа тауысқан әлдекімнің шимай-шатпағы емес. Сәкентанушылар мен өнертанушылар жоғары бағалаған, төрт аяғын тең басқан көркем туын­ды! Әрі киносценарийдің ғылы­ми кеңес­шісі ф.ғ.д.., профессор сәкен­­танушы Кү­ләш Садық­қызы Ахметова. Яғни сценарий тарихи жа­ғы­нан бұл тақырыпты бес сау­са­ғын­дай білетін белгілі ғалым­ның сүз­гісінен өткен. Мен кинотанушы емеспін. Бірақ осының бәрін біле тұра үнсіз қалу да жөн бол­мас. Соңғы отыз жылда түсірілген та­лай киноны көріп жүрміз. Өкінішке қарай, ұлттық кино дейтіндей кесек туындылар өте аз. Ал «Сәкен» атты жаңа киносценарийдің орны бөлек. Қазақтың ұлы перзенттері Сәкен мен Ахаңды ұлықтайтын, ұлтқа керек нағыз ұлттық жоба! Егер мемлекеттік қолдау тауып жатса қазақ киносы үшін үлкен олжа болайын деп тұр. Бірақ осы бір туындының жолы бол­май-ақ қойды. Өткен жылы «Ұлт­тық кино орталығы» құрылғанда үміт оты жылт еткендей болған еді. Са­рап­тамалық кеңестің алғашқы ірік­теуінен сүрінбей өтті деп автор бір кезіккенде қуанып жүрді. Бірақ түр­лі себептермен соңы сұйыла бер­­ді. Биыл 9 маусым күні Абай.кз ақ­­­па­раттық порталына режиссер Ел­­зат Ескендірдің «Бұл орталық «Ұлт­­тық кино» деген атауға лайық емес!» деген мақаласы жарияланды. Ма­қала авторы «Орталық­тағы 12 адам­нан құрылған эксперт­тік ке­ңес мүшелерінің 10-ы қазақша оқып, түсінбейді, ал түсінеді деген 2 адам­ның өзінде ешқандай салмақ жоқ» деп ашына жазыпты. Егер бұл рас болса Сәкен жайлы киносценарий ешқашан іріктеуден өтпейді деген сөз. Қазақша түсінбейтін кеңес мүшелері қазақша сценарийді қай­дан ұқсын? Орталықтағы мемлекет­тік тілді білетін екі адамның дауы­сы не шешеді? Жобаның шегері­ліп қала беруінің негізгі себебі осында жатқан сияқты. Өйткені сараптамалық кеңес не айтса, сол – заң. Жауап та, сыл­тау да біреу, кеңес мүшелері қабыл­дамады, болды. Министрлік бекіт­кен сараптама­лық кеңесі мүшелері біліксіз емес болар. Бірақ қазақша жазылған сценарийлердің соры, дәл осы мемлекеттік тілді шала білетіндер екені даусыз. Орталықтағы осы бір келеңсіздіктердің орнын толтырып Мәдениет және спорт министрлігі ұлттық жобаларға жан-жақты қолдау көрсетуі қажет. Ең алғашқы кеңесте жақсы қабылданған «Сәкен» (киносценарий) секілді жобаларға келесі іріктеуде атүсті қарамай, мәні мен маңыздылығына назар аударғандары абзал. Азаматтық пен сұлулықтың символы болған, тарихымызда ұлы істер атқарған сұңқар ақын жайлы көркем фильм қолға алынса, пер­зенттік парызымыздың бірі сол болмас па. Сәкеннің сан қырлы болмы­сы арқылы қазақ ұлты осындай деп неге бар дүниеге паш етпеске? Сон­дықтан келер жылғы Тәуел­сізді­гіміз­дің отыз жылдығына орай сценарийі дайын тұрған С.Сейфуллин жай­лы киноны экранға шығару – арыс­тар рухына жасалған зор құрмет деп есептеймін. Тек Сәкен ғана емес ұр­­паққа үлгі қылар қаншама тарихи тұлғаларымыз бар. Әр жыл сайын бір-екі қайраткер бейнесін экранға шығарып мәнді, мағыналы кино түсірсек ұл-қыздарымыздың рухы асқақтай түспей ме? Қазіргі заманда кино өнерінің орны ерекше. Он рет оқығаннан бір рет көрген әсерлі болуы мүмкін. Әрі бұл Президенттің саяси қуғын-сүргін құрбандары жайлы жасаған үндеуінің айқын көрінісі болмақ. Қорыта айтқанда, «Ұлттық кино» орталығы ең алдымен ұлттық жобаларға жол ашқаны жөн болар.

 

Оралбай ӘБДІКӘРІМОВ,

мемлекет және қоғам қайраткері