Аймақтар • 21 Тамыз, 2020

Көгілдір отынға қосылу құны неге қымбат?

562 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Қидың қызуы мен көмірдің шоғына жылынатын уақыт келмеске кетті. Бүгінгі әлем отын энергетикасының қалдықсыз әрі шығынсыз түрін тұтынуға толық көшті деуге болады. Алайда осы тұста Қазақстанда әлі де табиғи газдың иісі жетпеген аймақтар бар екенін мойындауымыз керек.

Көгілдір отынға қосылу құны неге қымбат?

 

Тіпті көгілдір отын тұтыну жөнінен алдыңғы орында тұрған Алматы қаласы маңында да бұл мәселе толық шешімін тапқан жоқ. Яғни тұрғын үй секторы мен өндіріс орындарының әлі күнге дейін орталық газ желісіне қосылмауы қоршаған ортаның ластану қаупін жоғарылатып, әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан да сын болып тұр. Бұл жағдай мемлекет алдындағы өткір мәселенің бірі екені тағы анық. Осы жерде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін Алматы облысы аумағындағы табиғи газбен қамту жұмысын сынға алып, тиісті ескерту жасағанын еске түсірген абзал. Қазір Президент тапсырмасынан туындаған міндеттер іркіліссіз жүзеге асып, аймақтағы жұмыс біршама ілгеріледі. Бірақ көгілдір отынға қосылу бағасының қымбат болуы жұрттың жаппай газ тұтынуға деген ынтасын басып отырған сияқты.

Дерекке жүгінсек, Алматы облысында 144 елді мекен газдандырылған екен. Яғни табиғи газға 1,1 млн адам немесе тұрғындардың 56 пайызы қол жеткізген. Саралап айтқанда, аймақтағы 5 ауданның тұрғындары үшін көгілдір отын әлі арман күйінде қалып отыр. Бірақ бұл бағыт бойынша жергілікті билік қол қусырып отырған жоқ. Қазір облыс әкімдігінде ұзындығы 224 ша­қырым болатын «Талдықорған-Үшарал» және ұзындығы 118 шақырым болатын «Шелек-Кеген» магистральды газ құбырының құрылысын қолға алудың қамы жасалып жатыр. Осы мақсатқа об­л­ыстық бюджеттен 149,1 млн теңге бөлі­ніпті. Жоба іске асса, қазір газ құбыры жетпеген 5 аудандағы 91 елді мекеннің табиғи отынға қол жеткізу мүмкіндігі артады. Ал бұл дегеніңіз 300 мың тұрғын үй газға қосылады деген сөз.

Рас, бұл – болашақтың жоспары. Ал қазіргі міндет мегаполис маңындағы аудандардың тұрғындарын толық­тай көгілдір отынмен қамту болып отыр. Мысалға, Іле ауданының тұрғын­дары үй іргесінде тұрған газ құбырына қосылудың құны қымбат екенін айтады. Газ тасымалдаушы компаниялар­дың қызметі үшін төлейтін артық ақша таппаған адамдар несие алуға мәжбүр болады. Ал Іле ауданы аумағындағы ауыл­­дарда газ желісіне жалғау мен құжат рәсімдеу құны 300 мың теңгеден 450 мың теңгеге дейін барады-мыс. Мәсе­лен, осы ауданның Байсерке ауылдық окру­гіне қарасты Қоянқұс ауылында газға қосы­лу жұмысы 400 мың теңгеге бағаланған.

– Біздің ауылымыз қала шекарасынан 1 шақырым ғана қашықта орналасқан. Мұндағы тұрғын үйлер бау-бақшалық мақсаттағы жерге салынып жатыр. Аты айтып тұрғандай, бау-бақшалық мақсаттағы жерге жергілікті ат­қарушы билік тарапынан коммуника­ция жүргізу міндеттелмеген. Қол созым жерден газ магистралі өтіп жатыр. Осыдан 4 жыл бұрын тұрғындар ор­тақ ақша шығарып, газға қосылу үшін келісім алдық, көгілдір отын әр отбасы­на 400 мың теңгеге түсті. Қазір біз­дің қаржымызға тартылған желі «ҚазТрансГаздың» иелігіне өтті. Ал көбі­міз сол үшін алған несиемізді әлі төлеп отырмыз, – дейді «Қоянқұс» бау-бақ­ша серіктестігінің төрайымы Гүл­жиян Нұрғалиева.

Айтпақшы, Алматы облысында ха­лық­тың әлеуметтік әлжуаз топтары­на қолдау көрсету мақсатында або­нент­терді газбен жабдықтауға қосу қызметтерінің құнын арзандату бойынша «Талдықорған қаласы мен Алматы об­лы­сының елді мекендеріндегі тұр­ғын үйлерді газдандырудың» қаржылық-экономикалық негіздемесі әзірленген. Бұл бағдарламаның негізгі мақсаты біз айтып отырған мәселені шешу екен. Яғни газбен жабдықтау жүйесіне абоненттерді қолжетімді бағамен және бөліп төлеу мүмкіндігін қолдана отырып қосу жайы шешімін таппақ. Осы шаруа үшін облыстық бюджеттен 500 млн теңге көлемінде қаражат та бөлінген. Істі жүргізуді, басқаша айтқанда бөлінген қаржыға иелік ету «Жетісу-ОблГаз» компаниясына жүктелген. Қазір бұл мекеме абоненттерді газға қосу жұмысын жүргізетін серіктестіктермен консорциум жасау үстінде. Осы консорциумға сәйкес бір абонентті толық қосу құны орташа есеппен 250-300 мың теңге болады. Бұл ретте құрылыс материалдары мен жабдықтарының барлық түрлері абоненттерге 8 ай мерзімге пайызсыз бөліп төлеу арқылы беріледі екен.

Алайда бұл жобадан біз Іле ауданы­ның тұрғындарына келіп кетерлік пайда жоқ екен. Ащыбұлақ ауылдық округіне қарасты Төле би ауылының тұр­ғындары газға қосылу құнының қым­бат екенін айтып, ауыл, аудан әкім­дерінің табалдырығын тоздырып бол­ғанын айтады. Ауыл тұрғыны атынан бізге хабарласқан көпбалалы ана Дина Достыбаева халықтың әлеуметтік әлжуаз топтарына қолдау көрсету мақ­сатында бөлінген қаржыға кімдердің қол жеткізе алатынын түсіндіретін билік өкілін таппай жүргенін айтады.

– Біз «Жетісу» телеарнасының жаңа­лық­тарынан облыстағы көпбалалы отбасылардың үйін газға жеңіл­дік­пен қосу мақсатында үлкен қаржы бөлін­генін естідік. Бірақ оның игілігі кімге бұйыратынын білмейміз. Мен өзім көпбалалы анамын. Жанармай құю бекетінде оператор болып жұмыс істеп жүрмін. Бұл жерде жұмыс кезек­пен, аса қиын емес. Ал күйеуімнің тұрақты жұмысы бол­­мағандықтан атаулы әлеуметтік кө­мек алуға өтініш беріп үлгермедік. Соған қа­рамастан ешкімге алақан жайып отыр­ған жоқпыз. Жерді несиеге алып, үй сал­дық. Енді газға қосылуды армандап жүр­міз. Оның құны 350 мың теңге шама­сын­да. Мұндай қар­жыны бізге банк те бер­мейді. Енді көпбалалы отбасыларға жеңіл­дік болады деген соң, ауыл әкіміне барсам, нақты жауап жоқ. Газ тартатын компа­ния­лардың телефонын беріп, «Өзде­рің сөйлесіп, жағдайларыңды айтып, жеңіл­дік сұраңдар...» деп шығарып салды, – дейді көпбалалы ана Дина Достыбаева.

Осы жерде газ желісіне қосылудың құнын нарықтағы сұраныстың белгі­лейті­нін ескеру керек. Өйткені мегаполиспен шектесетін аймақтардағы жаңа елді мекендердің жылдам бой көтеруі тұрғындардың көгілдір отынға деген сұранысын жыл сайын арттырып келеді. Мысалы, қазір қала маңы аудандарының есебіне кіретін 187 елді мекенде 993,8 мың тұрғын бар. 134 ауыл ғана табиғи газға қосылған. Көрсеткіш 71,6 пайыз шамасында екен.

– Алматы қаласы маңындағы аудандарда да газдандыру жұмысы жалғасып жатқанын айтуымыз керек. Ал тұрғын үйлерді толықтай табиғи отынмен қамту ісі Іле ауданында да жүзеге асуда. Аудан­дағы 29 елді мекеннің 27-і таби­ғи отынға қосылған. Күн тәртібінде Жеті­ген ауылдық округі аумағын газдан­дыру тұр. Бұл үшін 6,5 шақырым газ құбы­рын тартуға 1,1 млрд теңге қаржы қарас­ты­рылыпты. Нәтижесінде, тағы 41 елді мекен газға қол жеткізбек, – дейді облыстық энергетика және ТҮКШ бас­қар­масының басшысы Бағлан Тәнекенов.

 

Алматы облысы