Қазақстан полициясының жаршысына айналған «Сақшы» және «На страже» газеттерінің жарық көре бастағанына 80 жыл толды. Осыған орай алдыңғы күні «Сақшы» – «На страже»: кеше, бүгін, ертең» тақырыбындағы халықаралық конференция болды. Оған Президент Әкімшілігінің, Ішкі істер министрлігінің, өзге де құқық қорғау органдарының өкілдері, ардагерлер қатысты.
Қазақстан полициясының жаршысына айналған «Сақшы» және «На страже» газеттерінің жарық көре бастағанына 80 жыл толды. Осыған орай алдыңғы күні «Сақшы» – «На страже»: кеше, бүгін, ертең» тақырыбындағы халықаралық конференция болды. Оған Президент Әкімшілігінің, Ішкі істер министрлігінің, өзге де құқық қорғау органдарының өкілдері, ардагерлер қатысты.
Конференцияда сөз алған Ішкі істер министрінің орынбасары Амантай Күреңбеков аталған басылымдардың атқарған және бүгінгі таңдағы жедел қызметіне тоқталып өтті. Еліміздің ішкі істер органдарының қызметі – ең ауқымды салалардың бірі. Осыған орай қоғамға қауіп төндірген қылмыстардың дер кезінде ашылуы, қазақстандық полицияның жедел іс-әрекеттері, қол жеткізген жетістіктері, бәрі-бәрі аталған басылым беттерінен көрініс табуда. Ішкі істер саласының өзгеге үлгі боларлық қызметкерлерін, қайсар оғландардың қайтпас ерліктерін паш етуді бір сәтке де ұмыт қалдырмайтын басылымдардың бұл қадамы саланың жетілуіне, қызметтік тәртіп пен кәсібиліктің жоғарылауына өз ықпалын тигізетіні ақиқат, деді генерал.
Айтса айтқандай, қазақстандық полицияның оң имиджін қалыптастыруда үлкен рөл атқаратын басылымдар ішкі істер саласы құрылымдарының өзара жұмыс тәжірибесімен алмасуына ықпал етіп, ішкі істер органдары қызметкерлеріне азаматтық және моральдық-адамгершілік тәрбиені сіңіріп келеді. Осы орайда сөз алғандар аталған басылымдар Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының ақпараттық-насихат орталығы екенін мақтанышпен айтты. Өйткені, Ішкі істер министрлігінің тыныс-тіршілігі, осы саладағы жаңалықтар мен өзгерістер ең алдымен, аталған басылымдар арқылы тарайды. Тәртіп сақшыларының білім-білігін, іс-тәжірибелерін жетілдіруде, жақсы істерін жариялап көтермелеуде «Сақшы-На страже» газеттерінің рөлі жоғары.
Еліміздің ішкі істер органдарының белді басылымына айналған «Сақшы», «На страже» газеттерінің тұңғыш саны сонау 1933 жылы жарық көрген болатын. Өткен ғасырдың отызыншы жылдарындағы еліміз өміріндегі ауыр кезеңдерде мемлекеттің ішкі тәртібін сақтауда милиция қызметкерлерінің еңбегі ерен болды. Олардың жанкешті еңбегін халыққа жеткізіп отыратын газет алғашында «SAQCЬ» – «Страж» деген атпен шықты және 1960-1970 жылдары «На страже», «Қазақстан милициясы» сияқты атаулармен шыққан басылым 1982 жылдан бастап қазақша қосымшасын шығаруға талпыныс жасады. Қазіргі «Сақшының» негізін қалауға сол кезде аямай тер төккен азамат – ішкі істер саласында ұзақ жылдар қызмет атқарған полковник Базарбай Исаев болатын. Сөйтіп, тек қана орыс тілінде шығып келе жатқан «На страже» газетінің бір бетін қазақша шығаруға министрлік алқасы 1990 жылдың сәуір айында шешім қабылдайды да сол жылдың қыркүйек айынан бастап газеттің бір беті қазақша «Сақшы» болып шыға бастады. 1992 жылдың сәуірінен бастап газеттің төрт беті орысша, төрт беті қазақша шықты. 1999 жылдың 1 сәуірінен бастап «Сақшы» өз алдына дербес басылым болып жарық көріп келеді.
Ішкі істер органдарының қызметін жариялауда бай тәжірибесі бар медиа орталық бүгінгі таңда «Сақшы», «На страже» газеттерінен басқа, «Полиция.kz», «Ардагер» және «Есірткісіз болашақ» атты журналдардың басын қосқан ақпараттық-насихаттық орталыққа айналған. Қазір «Сақшы» аптасына екі рет 8 және 16 бет болып шықса, «На страже» газеті де дәл осындай көлемде жарық көреді.
Александр ТАСБОЛАТОВ,
«Егемен Қазақстан».